Ресми

Елдос ЖҮНІСОВ: Жады жаңғырған жұрт жанданады…

Депутат – халықтың мұң-мұқтажын алғашқылардың бірі болып көтеретін ел сенімінің сардары. Атырау атырабындағы Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы бастама мен тастүйін тапсырма қатарын алға тартты. Айтылған ордалы ойлардың жаңғырығын қайманаға бірінші болып жеткізетін де халық қалаулылары. Осы мақсаттың жетегіне ере келіп, облыстық мәслихат депутаты Елдос Жүнісов мырзамен «Орталықтың» ойталқысында жүздестік. Мәслихат мінберіндегі айтулы тұлғаның аталған тұғырлы тақырып һақындағы көзқарасын көзі қарақты көпшілікке көлденең тарттық…

Инфографиканы жасаған Е.Кеңесбекұлы

– Құрметті Елдос мырза, қош келдіңіз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық Құрылтайда өзгерісті қажет ететін, тұтас халық болып назар аударатын бастамалар әркімнің көкейінде берік орнықты десек болар. Зерделеп көрсек, естияр өспірімдердің бір парасының есірткіге елеңдей беруі, шынымен, қамықтырады. Сіз не дейсіз?

– Рахмет, қош көрдік! Есірткі саудасы, оның ішінде синтетикалық түрлері жас өркендеріміздің арасын кезіп кеткен құдды бір эпидемия дерсіз. Не десек те, бұл – қауіпті кесел! Мұның зобалаңын заматында көріп жүрміз. Балаларымыздың ойлау жүйесі тежеліп, тілі байланды, қос жанары бұлыңғыр тартып, келбеті кейіпсіз тартты. Өткен жылы ғана осыған қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі заттары тәркіленді. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, біздің жас ұрпақты уландырады. Біз есірткіге қарсы күресті күшейтуге немкетті болмауымыз керек. Өйткені, күні ертең тым кеш болуы кәдік. Қазіргі уақытта есірткі саудасына қатысы барға жаза қатаң. Ал, Мемлекет басшысы есірткі заттарын өндіріп, жаратып, таратқанның жойдасыз ісін ең ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды. Шынтуайтында, мұның астарында жарқын болашағымыз жатыр. Балашақтан болашаққа жастарымыздың дені – қары сау қалпында аттанауы бәрінен маңызды. Өткен Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жастардың денсаулығына, демек, ұлтымыздың болашағына есепсіз зарар мен залал келтіретін вейптің, электронды темекінің таралуына қарсы күресу үшін жүйелі де кешенді, өміршең шаралар қабылдау қажеттігі туралы айтты. Бүгінде Парламент қабырғасында вейпті тасымалдау, қисапсыз өндіру және айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді көздейтін заң жобасы қарастырылу үстінде. Бұл қадам осы «Ғасыр инфекциясының» таралу ауқымын едәуір шектейтініне сенімдімін.

– «Болашақтың дерті» деген атау ныспылаған лудоманияға қарсы тұрар қауқарымыз бар ма?

– «Елу жылда ел жаңа». Атам қазақтың қасиетті мәтелі. Мақалында мән бар. Задында, заман жаңғырған сайын, жаңарған сайын ол қоғамның «су жаңа проблемасы» да пайда болады екен. Осы бір суық та сұрқай сөздің түп төркіні латынша ludo – ойын, mania – көне грек тілінің құмарпаздық деген қос бірдей ұғымымен мәнзелдес. Әлгі Абай хәкімнің «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан» дейтіні осыдан болар. Кейінгі толқын әсемпаз болмақ түгілі құмарпаз болып жатқаны алаңдатады. Кейбір мәліметтерге сәйкес 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысы. Бұл дәйекті сан бір ірі шаһар тұрғындарына тең емес пе?!. Ойланып көрдіңіз бе? Бара-бара, келе-келе, аты өшкір лудомания-играмания деген тосын сөзге де ет құлағымыз үйрене бастады. Ал, ақиқатында мыңдаған отбасын ойран етіп, сансыз адамды саналы-санасыз қылмыстың неше түріне итермелейтін қасірет қой. Күннен-күнге құмар ойынға ойы өрмекшідей шырмалып, қыл мойнына қарыздың қылбұрауын байлаған жан қаншама. Оның зардабын жалғыз өзі ғана шекпей, айналасындағыларын да айналып өтпейтін кесапат. Қос қолыңыздағы бір телефон телегей теңіз жақсылықты да, жаһанның жамандығын да жұмыр басыңызға таңып тастай салады, абайламасаңыз. Енді балаларымызға келер болсақ, бажайлап қарасақ, өзіміз алмайтын қымбат смартфон соларда. Ол онымен бос уақытында не істейді? Бұған ата-ана ретіндегі бақылауымыз тағы кемшін. Сайып келгенде, online ойын өркендеріміздің санасын тәуелділік табалдырығына апарды. Бос уақытының бәрі мағынасыз, жалт етіп жоғалатын виртуалды әлемде өтеді. Оның түбі – мәнсіз құрдым. Бір мысал келтірейін, өткен жылы ғана құзыретті органдар интернет-казино белгілері бар төрт мыңнан астам сайтты бұғаттады. Депутат ретіндегі пікірім Үкімет тарабы ресми құжатты бекітіп, осы игромания деген игіліксіз рухани індетті заңды негізде шектеуі қажет. Бұл жайында біз түрлі деңгейдегі мінбелерден ауық-ауық талмай, шаршамай айтатын боламыз, айтып та жүрміз.

– Жақында әлеуметтік желіде дүрбелең тудырған бейнероликті көрген боларсыз. Онда же­дел-жәрдем жүргізушісін са­ба­ған сотқардың ісін қалай ба­ғам­даймыз? Қоғамдық көлікте де мұндай жағымсыз жайттар жиілеген…

– Айналадағы асқындаған аг­рес­сияны меңзегеніңіз ғой. Ашы­ғын айтқанда, зорлық пен қорлық қорғансыз қоғамда белең алады. Осы тенденция теңгерімсіз. Бұған отбасындағы зомбылықты қосып қойыңыз. Мұны әлеуметтік кесел қатарына жатқызамыз. Халық даналығы «Ауруын жасырған өледі» дейді. Мін-мінезімізді түзеп, өзіміздің мінсіз нұсқамызға талпынсақ, қане?! Елдің іші тентексіз емес. Бірақ, осындай сүркей көріністі көп болып ауыздасақ, ұтамыз. Атамекендегі әр азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін біз мәдениеті жоғары ұрпақты тәрбиелеу жолында қарекетіміз кемшін болмаса игі. «Қоғамдық» деген сөзден шығады. Буллинг, вандализм, барлығы сайып келгенде, ішкі мәдениет деңгейінің төмендігінен келіп шыққан көңілсіз көріністер. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, ғасырлар бойғы мәдени мұраға дейінгі игіліктеріміздің түрлі себептермен бүлінуі бұл күнде кәдімгідей қалыпты жағдайға айналды. Мемлекет басшысы атап өткендей, өркениетті елдің әрбір азаматы қоғамдық мүлікті өз меншігі ретінде қорғауы тиіс. Осыған байланысты көптеген жандар үшін Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапурдың айшықты мысалдары менмұндалап тұр. Ойлану керек!

– Сөзіңізді бақсақ, сана транформацияланбаса, қоғам оңалмайтындай ма, қалай?

– Әсте олай емес! Айтпағым, жадымыз жаңғыруы керек. Жады жаңғырған жұрт жанданады! Тарихтың зерлі парақтарына көз жүгіртсек, біздің тәрбиеміз тамырлы, ынтымағымыз жалынды болған шақтарда елге ел қосылып, құтымыз артқан. Әрнемен бір әлектенген кезеңдерде ырысымыз ортайып, ел айырылған. Осының түп өзегі – күнделікті ой кеселдерімен тиянақты айналыспау. Абай айтқан сол байырғы бес жақсы мен бес жаман ғой. Әзіргі әлем әсте-әсте «бір тарының қауызына» сыйып барады. Бұл нені білдіреді? Бұл жоғымызды түгендеу үшін барымызды бағалай білуіміз қажеттігін аңғартады. Қарапайым бір дәйек. Әл-ауқаттың бастауы үнемшілдік екені даусыз. Дамыған елдерде жарық пен суды үнемді тұтынудың жоғары мәдениеті қалыптасқан. Біздегі жағдаят тек керісінше. Желмен келген несібе желмен, елмен келген ырыздық елмен кетеді. Жердің де байлығы түпсіз емес. Күндердің бірінде осы рәуішті «күнәсіз кіріс» түгесілсе, қайтеміз? Ойланған, толған жан нешеу? Су мәселесін алалық. Сусын сусып тұр. Үнемдеу мәдениетін меңгердік дегенге тіл бармайды. Жаһан су кемел келешектің баға жеткісіз ресурсы екендігін терең түсінеді. Батыс пен Шығыстың жүрегінде орналасқан, айнала мұхитпен шектеспейтін Қазақстанның айнала бұлақ басы тең болса да, тапшылыққа оқтын-оқтын тап болып жатқанына өзіміз куәгерміз. Өзекті жан болған соң сарқылған өзенге қарап өзгермейміз. Біз тек материалдық ысырапшылдыққа ғана емес, рухани рәсуаға да дөп келеміз, бұлай жалғаса берсе! Үнемдеген адам кедей болмайды, түсінесіз бе?! Уақытты да кейде босқа өлтіріп жатамыз. Өнбейтін дауды қуып, пайдасыз істі қармаймыз әредік. Егерәки, әрбіріміз басалқы сөзді бағдар етсек, парасат пайымға жиірек жүгінсек, Президентіміз аңсаған Қазақстанның үдемелі ілгерілеуінің кепілі болады. Мұны жас ұрпақ әбден жақсы түсінуі керек. Осы барлық жамандық атаулысынан арыла отырып, біз жаңғырған ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, елді дамудың биік те тұғырлы деңгейіне шығарамыз. Зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар аталған әлеуметтік кеселдерге бірге қарсы тұруы керек. Бұл – әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның борышы, өйткені, бұл мәселе біздің ұлтымыздың болашағына тікелей қатысты. Мемлекет басшысының сөзіне құлақ асып, сәйкесінше шешім шығарудың өмірлік мәні терең. Сіз бен біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және барлық мәселелер тек заң аясында шешілуі керек. Мен заңгер ретінде Мемлекет басшысы айтқан бастамаларды, атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға игі өзгерістер енгізуді қолдаймын! Жақсылық күтеміз, игілік қалаймыз! Ал, бұл бағытта ой мен қол қимылы маңызды.

– Редакцияға арнайы ат басын бұрып, сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін риясыз рахметімізді айтамыз!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button