Елбасы Жолдауы – Рухани жаңғыру бастауы

«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез» деп қазақ халқы текке айтпаған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Қазақстанның азаматы ретінде мен де оқып шықтым. Президент биылғы Жолдауында әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін Қазақ елі атқаруға тиісті 10 міндетті нақтылап берген екен. Бәрі де туған еліміздің жарқын болашағына мүмкіндік береді. О баста ғылым саласының адамы болғандықтан, қай нәрсеге де жоспарлы көзбен қарап үйренгем. Өте жылы қабылдадым. Кейін Елбасының жоспарлы Жолдауы біздің бүгінгі атқарып жатқан істерімізбен қабыса ма деген көкейге сұрақ туды.

Білім саласында 20 жылға жуық тер төгіп жүргендіктен, Жолдаудағы ерекше назарымды аударып, «Жетінші – Адами капитал – жаңғыру негізі» бөліміндегі «Білім берудің жаңа сапасы» туралы айтқандары ерекше көңілге қонды. Алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандық оқушыларға берілетін тапсырмалардың көлемін азайтуды тапсырды. Кейін президент орта білім беру саласының жаңартылған білім беру мазмұнына көшкенін, мұғалімдер жалақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысы өсетінін жеткізді. Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екенін де атап айтты. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. «Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады»,– деді, Елбасы.

Бүгінде Рухани жаңғыруға бағыттайтын Жолдаудың тараулары болашақ жоспарымыздың айнасы іспетті, көз алдыңа елестетіп, нәтижесін көре алатындай. Жолдауда «Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек», – депті. Бұл әрине қуантарлық игі іс. Қазіргі таңда білім берудегі интеграцияның дамуы – дәстүрлі сабақ жүргізу тәсілдерін басып озды. Бұрынғыдай өзара сабаққа қатысу әдісін шектеп, оның орнына өзіміздің пәндеріміз бойынша сабақ үлгілерімін әлеуметтік желіге жүктейтін болсақ, бір-біріміздің уақытымызды үнемдеу үшін де, әдіс алмасу үшін де тиімді, әрі білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады.

Ғылым мен білім турасында Елбасы: «Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді»,– деп, салиқалы ой қозғапты.

Бүгінде, ғылым, білім саласында жасалған ғылыми жобалар үшін қыруар қаржы бөлініп гранттар жариялануда. Біз өзімізді шектеп, күнделікті тіршілік айналасында қалып қоймай, айналамызда болып жатқан жаңалықтарға атсалысып, өзіміз жаңа жоба жасауға қатысуымыз қажет. Жоба деген – бір адамның идеясы аясында бірнеше оқушы мен мұғалім біріге отырып, жоспарды жүзеге асыру. Тасарал жалпы білім беретін орта мектепте ғылыми жобалардың жүзеге асуына жол ашық. Өйткені, білім беру мекемелерімен салыстырғанда мектебімізде гумантарлық білім беру бағыты бойынша да, жаратылыстану бағыты бойынша да оқушыларға өзіндік тәжірибе алмасу үшін, шығармашылық топ жұмыс жасауда. Біз баланың болашақ мамандық таңдау қабілеті мектепте қалыптасатынын ескеріп, соған күш салудамыз. Әбу Насыр Әл-Фараби «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу» деген екен. Ендеше, осындағы әр ұстаздың қандай жобаны болса да жүзеге асыруға мүмкіндігі мол.

Мария БЕЙСЕКЕЕВА,

Тасарал жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.