Ел саулығы – елдік мұрат
Елдің еңсесін көтерген еңбектің, тұрмысын түзеген табыстың баянды болуы адам саулығына байланысты екені хақ. Кеншілер өлкесінде бұл ұғымның салмағы айрықша. Шахтаға түскен жұмысшының, ауылда мал баққан ағайынның, дүние есігін жаңа ашқан сәбидің денсаулығы әртүрлі көмекті қажет еткенімен, бәрінің тілеуі ортақ. Ол әлбетте – дерті дер кезінде анықталып, тиісті емін уақытында алу. Денсаулық сақтау жүйесінің даму бағытын да осы қарапайым қажеттілікпен өлшеген жөн.
Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын бекітіп, адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға стратегиялық мән береді. Бұл қағидаларды Қарағанды өңіріндегі медициналық жаңғырумен сабақтастырғанда, саланың басты мұраты айқындала түседі. Емдеу мекемесінің мүмкіндігі кеңейген сайын тұрғынның сапалы көмекке жетер жолы да жеңілдеуге тиіс.

Ауылға жеткен емнің игілігі
Денсаулық сақтау құқығының күнделікті өмірдегі мәні дәрігерге жете алудан басталады. Қала тұрғыны үшін жақын маңдағы емханаға бару қалыпты шаруа болса, шалғайдағы ағайынға жолдың ұзақтығы мен көлік мәселесі қосымша салмақ салады. Сондықтан, ауыл медицинасын нығайтуға жұмсалған қаражаттың қайтарымы тұрғынның уақытын, күшін және қаражатын қаншалықты үнемдегенінен де көрінсе керек.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің ауылдық елдімекендерінде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның 51-і Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған. Бұқар жырау ауданындағы Гагарино ауылының жаңа дәрігерлік амбулаториясы осы өзгерістің нақты мысалы. Мекеме бір жарым мыңнан астам тұрғынға, соның ішінде 400-ден астам балаға қызмет көрсетеді. Мұнда консультациялық-диагностикалық көмектен бөлек, күндізгі стационар, физиотерапия және инсульт пен күрделі операциялардан кейінгі оңалту қызметтері қарастырылған.
Осындай мүмкіндік ауылдағы емнің аясын кеңейтеді. Науқастың жағдайын бақылау, емін жалғастыру, оңалуына көмектесу өзара сабақтасқан кезде алғашқы медициналық көмектің тиімділігі артады. Мәселен, операциядан кейінгі адамның емшара үшін қайта-қайта қалаға қатынауы отбасының тұрмысына да әсер етеді. Қажетті қызмет ауылда көрсетілсе, оның күтіміне атсалысқан жақындарының да жүгі жеңілдейді.
Жаңа ғимараттың игілігі тұрақты қабылдаумен, қажетті дәрі-дәрмекпен және жұмыс істейтін жабдықпен толығады. Сондықтан, нысанның ашылуымен бірге оның күнделікті қызметін бағалау маңызды. Ауыл тұрғыны дәрігерді қанша күтеді, зерттеу қорытындысын қашан алады, қажет жағдайда келесі деңгейдегі көмекке қалай жіберіледі? Жаңғырудың нақты нәтижесін осы сауалдардың жауабы ашады.
Құқықтың өтеуі – қолжетімді көмек
Жаңа Конституцияның 32-бабы азаматтардың денсаулығын сақтауға және заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқығын бекітеді. Ақылы медициналық көмектің негіздері мен тәртібі де заңмен айқындалады. Осы кепілдіктің орындалуы медициналық қызметті қаржыландыру тетіктерінің тұрғынға қаншалықты түсінікті әрі қолжетімді болғанына байланысты.
Бұл тұрғыдан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің өңірдегі жұмысына назар аударған жөн. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жариялаған бірінші тоқсан қорытындысында МӘМС-пен қамту деңгейі 88,7 пайызға жеткені көрсетілген. Өңірлік штабта азаматтарды жүйеге тартумен қатар, жұмыс берушілердің берешегі мен медициналық қызмет көрсетудің заңдылығы да қаралған. Қамту деңгейінің өсуі жүйенің мүмкіндігін кеңейтеді. Алайда, сақтандыру мәртебесіне ие адамның қажетті зерттеуге уақытында жазылуы, бейінді маманға жетуі және емін үзбей жалғастыруы да назарда тұруға тиіс. Мәртебе мен нақты қызметтің арасы алшақтаса, тұрғынның жүйеге сенімі әлсірейді.
Мәселен, емханаға келген азаматқа қандай көмекті сол жерде алатыны, қай қызметке жолдама керектігі, кезегінің қалай белгіленетіні түсінікті болуы шарт. Әр кабинеттің есігін қағып, бір мәліметті бірнеше рет анықтауға мәжбүр болған науқас үшін рәсімнің күрделілігі де емге жетудің кедергісіне айналады. Қаржыландырудың тиімділігі қызмет алу жолының анықтығымен ұштасқанда ғана тұрғынға пайдасы толық тиеді.
Қашықтықты қысқартқан мүмкіндік
Қарағанды облысының аумағы кең болғандықтан, бейінді маманның көмегін ауылға жеткізуде технологияның орны бөлек. Телемедицина осы қажеттіліктен туындаған байланысты күшейтіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтырдан бері өңірдегі 117 ауылдық медициналық ұйымда телемедициналық технологияларды енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Гагарино амбулаториясында облыстық онкологиялық орталық маманының қатысуымен пациентке қашықтан кеңес беру үдерісі көрсетілген.
Облыстың клиникалық ауруханадағы телемедицина орталығында Шет ауданының тұрғынын эндокринологтың онлайн қабылдауы да осы тетіктің іс жүзіндегі мысалы. Мұндай байланыс ауылдағы медициналық қызметкерге пациенттің жағдайын бейінді маманмен бірге талқылауға мүмкіндік береді.
Дегенмен, қашықтан кеңестің нәтижесі интернеттің тұрақтылығына, зерттеу деректерінің сапасына және жергілікті маманның дайындығына тәуелді. Онлайн қабылдаудан кейін берілген ұсыным орындалып, қосымша тексеру қажет болса, пациент соған уақытында жіберілуі керек. Технологияның тиімділігі байланыс орнатумен бірге осы сабақтастықтан танылады.
Білікті маман – баянды ем
Медициналық жабдықтың мүмкіндігін адам білігі ашады. Жаңа Конституцияның 3-бабының 2-тармағында адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде танылғанын ілгеріде тап өттік. Денсаулық сақтау саласында бұл басымдық дәрігер даярлаудан, тәжірибе алмасудан және игерілген білімнің науқасқа пайдасын тигізуінен көрінеді.
Өңірдегі балалар кардиохирургиясының тәжірибесі осы байланысты айқын айшықтайды. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мамандарының мәліметінше, Қарағандыда туа біткен ауыр жүрек ақауы бар 19 күндік нәрестеге күрделі ота жасалған. Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталық мамандары UMC Жүрек орталығының дәрігерлерімен бірлесіп жұмыс істеген. Хирургиялық бөлігін Ғанибек Ақжанов пен Дмитрий Горбунов орындаған. Ол туралы газет беттерінде де жаздық.
Конституцияның 30-бабында ана, әке мен бала мемлекет қорғауында екені бекітілген. Медицинадағы осы қамқорлықтың нақты мазмұнын сәбиге дер кезінде көрсетілген көмек ашады. Бір нәрестенің өмірі үшін атқарылған жұмыста дәрігердің кәсіби жауапкершілігі де, денсаулық сақтау жүйесінің дайындығы да тоғысады.
Денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді дамуы маман даярлау мен емдеу тәжірибесінің байланысын күшейтуді қажет етеді. Қарағандыдағы 300 орындық көпсалалы университеттік аурухана жобасының маңызы да осы тұрғыдан ашылады. Алдағы нысанның нәтижесін бағамдағанда, төсек санымен бірге оның қандай медициналық және оқу міндеттерін атқаратынына мән берген жөн. Студенттің тәжірибелі дәрігерден үйренуі, жас маманның клиникалық машығын жетілдіруі, ғылыми ізденістің емдеу жұмысына ұласуы өңір медицинасының әлеуетін арттырады.
Бұл байланыс ауылдағы алғашқы қабылдаудан облыстық орталықтағы күрделі емге дейін жалғасуы керек. Әр мекеме өз міндетін уақтылы орындап, пациент жөніндегі қажетті ақпарат келесі маманға дұрыс жеткенде, науқастың ем алу жолы да реттеледі. Саланың тұтастығы осындай күнделікті үйлесімнен қалыптасады.
Бір сөзбен айтқанда, Жаңа Конституциядағы кепілдіктер денсаулық сақтау ісін адам мүддесімен бағалауға негіз береді. Ауылдағы жаңа амбулаторияның, сақтандыру жүйесінің, қашықтан кеңестің және күрделі медициналық көмектің қайтарымы тұрғынның өмірінен көрінуге тиіс. Дерт ертерек анықталып, ем уақытында басталып, адам қалыпты тіршілігіне оралғанда, жаңғырудың мәні де айқындалады. Ел саулығын нығайтқан әрбір жүйелі қадам елдің ертеңіне қызмет етеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



