Жаңалықтар

Жаңарған инфрақұрылым – тұрғындар игілігі үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қуат көздерін дамыту және коммуналдық желілердің сенімділігін арттыру мәселесіне айрықша назар аударды. Президент заманауи инженерлік инфрақұрылым ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың маңызды шарты екенін атап өтті. Осы бағытта 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл міндеттер өндірісті өңір саналатын Қарағанды облысы үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені жылу, су, электр энергиясы мен кәріз жүйелерінің қалыпты жұмысы тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Облыстағы жылумен, сумен, электрмен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы 34 шақырымнан асады. Инженерлік желілердің орташа тозу деңгейі шамамен 62,7 пайыз.
Ескірген құбырлар мен электр желілерін жаңарту, апаттық жағдайлардың алдын алу және коммуналдық қызмет сапасын арттыру – өңір алдындағы өзекті міндеттердің бірі.

Салалар бойынша сараласақ, жылу желілерінің ұзындығы – 1 154,2 шақырым, тозу деңгейі – 60,3 пайыз. Сумен жабдықтау желілері 4 895,5 шақырымды құрайды. Оның тозуы – 47,19 пайыз. Ал, су бұру жүйелерінің ұзындығы 1 713,1 шақырым болғанымен, тозу көрсеткіші 75,3 пайызға жеткен. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 26 887 шақырым болса, тозу деңгейі – 68,3 пайыз.

Әсіресе, кәріз жүйелеріндегі жағдай алаңдатады. Желілердің төрттен үшіне жуығының тозуы су бұру қызметінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда құбырлардың жарылуы, сарқынды судың сыртқа шығуы, жекелеген аумақтарда қызметтің уақытша шектелуі секілді тәуекелдер артады. Бұл коммуналдық қолайсыздық қана емес, санитарлық қауіпсіздік пен қоршаған ортаға да қатысты мәселе.
Сондықтан, инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарының басты мақсаты – ақау шыққаннан кейін оны қалпына келтірумен шектелмей, апаттық жағдайлардың алдын алу.

Бұл бағыттағы жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдан бастап облыста жалпы ұзындығы 151,3 шақырым инженерлік желіні қайта жаңғырту қолға алынған. Оның 14,9 шақырымы – жылу желілері, 78,2 шақырымы – су құбыры мен кәріз желілері, 58,2 шақырымы электр желілеріне тиесілі.

Бүгінгі күні 19,7 шақырым инженерлік желі қайта жаңғыртылды. Бұл – басталған жұмыстың алғашқы нәтижесі. Дегенмен, өңірдегі желілердің жалпы ұзындығы мен тозу деңгейін ескерсек, атқарылар шаруа әлі де ауқымды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының су тасқыны және кәріз бөлімі жетекшісі Бақытбек Ақпаровтың айтуынша, инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

– Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту – тек ескі құбырларды ауыстыру емес. Бұл – тұрғындарды жылумен, ауызсумен және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс. Қарағанды облысындағы инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 34 649 шақырымнан асады. Сондықтан олардың тозу деңгейін төмендету үшін жүйелі әрі кезең-кезеңімен жұмыс жүргізу қажет. Ұлттық жоба аясында қолға алынған қайта жаңғырту жұмыстары ең алдымен желілердің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарып, тұрғындардың тұрмыстық қолайлылығы артады, – дейді Бақытбек Ақпаров.

Инженерлік желілерді жаңарту бір жылдық науқанмен шектелмейді. Алдағы кезеңге де ауқымды жоспарлар жасалған. Атап айтқанда, Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 2027 жылға жалпы 19 жоба енгізілді. Жоспарланған жұмыстардың жалпы ұзындығы 373,1 шақырымды құрайды.
Салалар бойынша бөлсек, жылумен жабдықтау бағытында 6,9 млрд теңгеге 4 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы ұзындығы – 7 шақырым.

Сумен жабдықтау және су бұру салаларында 18,3 млрд теңгеге 7 жоба жоспарланған. Бұл жобалар аясында 77,9 шақырым желіні жаңғырту көзделіп отыр.
Электрмен жабдықтау бағытында жалпы сомасы 42,3 млрд теңгені құрайтын 5 жоба ұсынылған. Қайта жаңғыртылатын желілердің ұзындығы – 288,7 шақырым.
Ал, есепке алу құралдарын орнату, яғни приборландыру бағыты бойынша 343 млн теңгеге 3 жоба қарастырылған.

Бұдан бөлек, Абай ауданында суды есепке алуды автоматтандыру мақсатында «ақылды» су есептегіштерін орнатуға дайындық басталды. Жобаның құны – 1,4 млрд теңге. Мұндай технологиялар су тұтыну көлемін нақты бақылауға, есеп жүргізудегі дәлдікті арттыруға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

– Алдағы кезеңге жоспарланған жобалардың ауқымы үлкен. Әсіресе, су бұру және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Өйткені, бұл желілердің жағдайы тұрғындардың тұрмысына, санитарлық қауіпсіздікке және қоршаған ортаның тазалығына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, Абай ауданында «ақылды» су есептегіштерін орнатуға дайындық жүргізілуде. Есепке алу жүйесін автоматтандыру су ресурстарын тиімді пайдалануға, нақты тұтыну көлемін анықтауға және шығындарды бақылауға жол ашады. Жобаларды іске асыру кезінде отандық тауар өндірушілердің материалдарын сатып алу да қарастырылған, – дейді Бақытбек Ақпаров.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда құрылыс пен қайта жаңарту жұмыстарының көлемі ғана емес, олардың сапасы да маңызды. Өйткені жаңа құбыр тартылғанымен, құрылыс талаптары сақталмаса немесе пайдаланылатын материалдардың сапасы төмен болса, мәселе қайта туындауы мүмкін. Сондықтан жобаларды жүзеге асыру барысында мердігерлердің жұмысына, материалдардың сапасына және техникалық талаптардың орындалуына бақылау қажет.

Осы орайда барлық жобалар бойынша материалдарды отандық тауар өндірушілерден сатып алу көзделген. Бұл отандық өндірісті қолдаумен қатар, инженерлік желілерді жаңарту кезінде сапалы материалдарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстарының түпкі нәтижесі бірнеше көрсеткіш арқылы бағалануға тиіс. Біріншіден, желілердің тозу деңгейі төмендеуі керек. Екіншіден, апаттық жағдайлар азайып, жөндеу жұмыстарына кететін шығын қысқаруы қажет. Үшіншіден, тұрғындар жылу мен суды үздіксіз алып, коммуналдық қызмет сапасының жақсарғанын күнделікті тұрмыста сезінуі тиіс.

Әрине, 19,7 шақырым желіні жаңарту облыстағы 34 мың шақырымнан астам инфрақұрылымның мәселесін бірден шешпейді. Бұл – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыстың бастамасы. Ал 2027 жылға жоспарланған 19 жобаның толық жүзеге асуы жаңғырту ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жолдауда белгілеген міндеттердің өңірдегі нақты нәтижесі де осы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына байланысты. Жылу мен су желілерін жаңарту – инженерлік мәселе ғана емес, халықтың қауіпсіздігі, тұрмыс сапасы және өңірдің тұрақты дамуы үшін жасалатын маңызды қадам.Сол себепті, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесін тек бөлінген қаржымен немесе ауыстырылған құбырдың ұзындығымен емес, тұрғындардың сапалы коммуналдық қызметті қаншалықты тұрақты алып отырғанымен бағалаған жөн. Ұлттық жобаның шынайы тиімділігі де уақыт өте келе осыдан көрінбек.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button