ЖаңалықтарБас тақырып

Өңірде ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

Өңірде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, сала ардагерлері мен еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді. Әрі бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.

Өнеркәсіптік әлеуеті жоғары саналатын Қарағанды облысының экономикасында агроөнеркәсіптік кешеннің алар орны ерекше. Атап айтқанда, өңір картоп пен жұмыртқа өндірісі көлемі бойынша республикада екінші орында тұр.

– Ауыл шаруашылығындағы жетістік тек қаржы мен заманауи технологияға ғана емес, ең алдымен, осы саладағы адамдардың тәжірибесі, білімі мен жауапкершілігіне байланысты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандарымыз орақ науқанын аяқтап, өңірді қажетті өніммен қамтамасыз етті. Ендігі міндет – саланы жаңғыртып, өндірісті технологиялық тұрғыдан жетілдіру және оның табыстылығын арттыру. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары өз мекенінде еңбек етіп, болашағын құруға мүмкіндік алуы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазіргі таңда облыстағы агроқұрылымдар озық агротехнологияларды өндіріске енгізіп, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуда. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдануға басымдық берілген. Салаға тартылған инвестициялар да агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына серпін беруде. Бүгінде өңірде 40 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сонымен қатар, екі мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланған.

Салтанатты жиынның негізгі бөлігі саланың дамуына елеулі үлес қосқан еңбеккерлерді марапаттау рәсіміне арналды. Бірқатар өңір тұрғыны еселі еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, Шет ауданындағы «Тау» шаруа қожалығының басшысы Қанат Түсіпбековке «Құрмет» ордені табысталды. Аталған шаруашылық 2010 жылдан бері жылқы және қой шаруашылығын дамытумен айналысады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытын қолға алған.

– Соңғы бес жылда өндіріс тиімділігін екі есеге жуық арттырып, ауыл шаруашылығы техникасының паркін толық жаңарттық. Агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан қолдау үшін мемлекетке алғыс айтамын. Еңбегіміздің еленгені де бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын маңызды негіздердің бірі, – деді Қанат Түсіпбеков.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп саласының бірқатар қызметкері III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальімен марапатталды. Оның ішінде Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС комбайншысы Владимир Чаус «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

– Комбайн жүргізіп келе жатқаныма 38 жыл болды. Осы уақыт ішінде мамандығымды өзгертуді ойлаған емеспін. Мұны өзімнің өмірлік таңдауым әрі маңдайға жазылған кәсібім деп білемін. Еңбегімнің осындай жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Жастардың тәжірибемізді жалғастырып келе жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады, – деді Владимир Чаус.

Ал, Нұра ауданындағы «Қайнар» ЖШС басшысы Сейітжапар Нығметовке «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Аталған марапатты Мемлекет басшысы Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында табыстаған болатын.

Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы үздік мамандар мен кәсіпорындар да анықталды. Жалпы он аталым бойынша жеңімпаздар есімі жарияланды. Олардың қатарында жоғары еңбек көрсеткіштерімен ерекшеленген мамандармен қатар, өндіріске инновациялық технологияларды енгізген кәсіпорындар бар.

Атап айтқанда, «Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру көшбасшысы» аталымында «Найдоровское» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал «Үздік мелиоратор» атағы «Евразия Инвест ЛТД» компаниясының ирригация жөніндегі инженері Евгений Масловқа, «Үздік механизатор» аталымы «Жараспай» ЖШС қызметкері Темірхан Омаровқа бұйырды. «Нан өндірісінің үздік технологы» аталымы бойынша «Орион» компаниясының технологы Наталья Ляховская марапатталды.

Экспорттаушы кәсіпорындар қатарынан бие мен түйе сүтін өңдеуге маманданған SaumalBioTech және SAUBOTA компаниялары ерекшеленді. Мал шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпорын деп Шет ауданындағы «Шолақ Еспе» шаруа қожалығы танылса, ет өңдеу бағытындағы үздік кәсіпорын аталымында QAZAQ MEET компаниясы жеңіске жетті. Сонымен қатар «Ақнар ПФ» ЖШС бройлер өндіру цехының маманы Илья Георгиевский құс етін өндіру саласындағы үздік маман атанса, сүт өндірісінің үздік технологы ретінде «Milk&Meat Company» ЖШС өкілі Алексей Медеубаев марапатталды.

Ұлттық сусын өндірушілер арасында Қарқаралы ауданындағы «Мұхаммедәли» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Бекзада Батырбекова үздік деп танылды. Ол ұзақ мерзімге сақтауға жарамды қымыз өндірісін жолға қойған. Ағымдағы жылы кәсіпкердің өнімі BaiQymyz гастрономиялық фестивалінде Бас жүлдені (Гран-при) иеленіп, Астана қаласында өткен байқауда «Дәстүрді дәріптеушілер» аталымы бойынша жоғары бағаланды.

– 2026 жыл біз үшін ең табысты жыл болды. BaiQymyz фестиваліндегі жеңістен кейін қымызымыз кеңінен танылып, «Актерек» брендіне деген қызығушылық артты. Бұл жетістік – бүкіл отбасымыздың маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да брендімізді дамытып, жаңа белестерді бағындыруға ниеттіміз, – деді Бекзада Батырбекова.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button