Ұялы байланыс тарифтері қымбаттауы мүмкін
Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторлары алдағы уақытта тариф бағасын көтеруді жоспарлап отыр. Beeline кейбір тарифтерінің құнын биыл 10 пайызға, Kcell 10-12 пайызға арттыруы мүмкін. Ал Tele2 мен Altel келесі жылы тарифтерді 10-15 пайызға қымбаттатуды көздеп отыр. Бұл туралы оператор өкілдері Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

«КаР-Тел» (Beeline) бас атқарушы директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, тариф бағасы кезең-кезеңімен өзгереді. Бағаның өсуі барлық абонентке бір уақытта әсер етпейді.
– Соңғы бірнеше жылда оператордың күрделі шығындарының орташа көлемі табысының 20%-на жетеді. Желіні дамыту мен жаңа құрылыс инвестицияны талап етеді. Қазақстан тұрғындарын сапалы байланыспен және заманауи технологиялармен қамтамасыз ету үшін жабдықтарды әр бес жыл сайын жаңарту қажет, – деді Джаббор Каюмов.
Kcell атқарушы директоры Асқар Жамбакин компанияның соңғы төрт жылда байланыс желісін дамытуға 468 миллиард теңге инвестиция салғанын айтты. Осы уақыт аралығында 4G базалық стансаларының саны 5 мыңнан 11 мыңға дейін көбейген. Бір базалық стансаны жабдықтарымен бірге орнату құны кемінде 30 миллион теңгені құрайды. Қазір Қазақстан халқының 64 пайызы 5G желісін пайдалана алады.
Компания өкілі тариф құнын 10-12 пайызға көтеру жоспарда бар екенін жеткізді. Бұған электр энергиясы мен жабдық бағасының өсуі себеп болған.
Ал «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2 және Altel) басқарма төрағасы Александр Бабичев 2027 жылы кейбір тарифтердің бағасы 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, соңғы жылдары мобильді интернетті тұтыну көлемі төрт есе артқан.
– Қазақстанда соңғы төрт жылда мобильді интернеттің бір гигабайтының орташа құны доллармен есептегенде 40%-ға азайды, – деді Александр Бабичев.
Операторлар бағаның өсуін байланыс желісін кеңейту, жабдықтарды жаңарту және қызмет сапасын жақсарту шығындарының артуымен түсіндірді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



