Бас тақырып

Экомәдениет – есірткіге қарсы иммунитет

Қарағандыда «Таза Қазақс­тан» экоакциясы шеңберінде жеке үй-жайлардың қабыр­ғаларындағы синтетикалық есірт­кінің жарнамасын жою мақ­сатында рейд өтті. Статис­тикалық мәліметке сүйенсек, қа­зіргі таңда облыста кәмелетке толмағандар арасында есірткі тұтыну көрсеткіші төмендеген.

Суреттер облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармадан

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікке тәрбиелеу. Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.

– Жыл басынан бері облыста полиция органдары өкілдері мен волонтерлердің қатысуымен синтетикалық есірткі заттарының жарнамалық жазбаларын жою бойынша 20-дан астам рейд жүргізілді. Бүгінгі таңда 800-ге жуық жазба боялды. Облыс халқының нашақорлық мәселесі туралы хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында қалалар мен аудандарды көрнекі безендіру бойынша жұмыс ұйымдастырылды, – деді облыстың жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Жасұлан Хамитов.

Орталық басшысы орынбасарының айтуынша, баннерлердің ұрандары «Мен есірткісіз өмір сүремін!», «Біз есірткіге «жоқ» дейміз», «Өз өміріңді құртпа! Есірткіге жол берме!», «Есірткісіз өмірді таңдаймын!» тақырыптарын қамтиды. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 40-тан астам баннер орналастырылған. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардың қолданыстағы LED-экрандарында күніне 10 көрсетілім жиілігімен нашақорлықтың алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттау бойынша бейнероликтер көрсетілуде.

– Есірткіге қарсы ауқымды акция аясында жастармен жұмыла кірісіп, жұмыс істеудеміз. Бұл шара жастар үшін маңызды. Осындай шара арқылы біз есірткіден аулақ болуға үйренеміз. Оның зияны жайлы әрдайым еске салып отырғанымыз жөн. Осы орайда полиция өкілдері шаралардың есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызды бөлігі болып табылатынын және қаланың көрнекі келбетін жақсартуға, сондай-ақ, жастарды теріс ықпалдан қорғауға көмектесетінін атап өтті, – дейді ерікті Ажар Қасым.

Жиналғандар облыс жастары мен балалар арасындағы есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатын­дағы шараның маңыздылығына тоқ­талды. Облыстың жоғары оқу орындарында оқу жылы ішінде бекітілген ішкі жоспарларға сәйкес студенттермен ақпараттық жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button