Ынтымағы жарасқан көршілер
Қарағанды қаласындағы Мұқанов көшесінің №12 үйінің тұрғындары күнделікті тұрмыста ғана емес, қоғамдық істерде де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып үйренген. Бүгін де көршілер сайлауға бірге барып, азаматтық таңдауларын жасауды ұйғарыпты. Алайда, маусымдық сырқат олардың ортақ жоспарына сәл өзгеріс енгізген.

№66 мектеп-лицейінде орналасқан №80 және №81 сайлау учаскелерінде дауыс беру белгіленген тәртіпке сай өтіп жатыр. Мұнда таңертең келген тұрғындардың бірі – «Оңтүстік-Шығыс ТҮК» ЖШС қызметкері Айтжан Қамбетпаев.
– Өзім де сәл тұмауратып, енді ғана бетім бері қарап келеді. Көршілермен ауырсақ та, бірге ауырамыз, – деп әзілдеді кейіпкеріміз. – Негізі, тату-тәтті тұрамыз. Ұйымдасып, біраз істің басын қайырдық. Тазалық табалдырықтан басталады демекші, айналамызды таза ұстауға да бір кісідей жұмыламыз. Мерекелерді де бірге атап өтеміз, – деді Айтжан Қамбетпаев.

Көп ұзамай сайлау учаскесіне оның көршілері, ерлі-зайыпты Айткен мен Гүлмира да келіп, өз таңдауларын жасады. Осылайша, көршілердің бүгінгі ортақ жоспары ішінара жүзеге асты.
Күнделікті тіршілікте бір-біріне қолғабыс етіп, ортақ іске жұмыла білетін көршілердің саяси науқанға да бірге қатысуға ниеттенуі – олардың жарасымды қарым-қатынасының тағы бір көрінісі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



