Елдік мүдде жолындағы тұңғыш таңдау
Константин Водиной мен Рамазан Орал есімді достар биыл 18 жасқа толған. Олар таң атысымен Пришахтинск тұрғын аймағында орналасқан №119 сайлау учаскесіне келіп, өмірлерінде тұңғыш рет елдің дамуы жолында өз таңдауларын жасады.

Рамазан Орал – футболшы. Кезекті ойынның бірінде жарақат алыпты. Дәрігерлер оған көп жүрмеуге кеңес берген. Дегенмен, Рамазан дауыс беру сәтін асыға күткенін айтты.
– Сайлау болады дегеннен ерекше толғаныста жүрдім. Өйткені, менің дауысым, таңдауым бір өңірдің, тіпті, елдің тағдырына сәл де болсын серпін беретінін ойладым. Сайлау учаскесі ашылған бетте келдім. Еліміздегі болып жатқан өзгерістер жастарды жарқын болашақпен қамтамасыз ететініне сенемін, – деді Рамазан Орал.
Константин Водиной да өз әсерімен бөлісті.
– Бала кезімізде сайлау учаскелеріне қарай бет алған ересектерге қарап қызығатын едік. Бүгін, міне, өзім де келіп тұрмын. Таңдауыңның еленгені адамға зор жауапкершілік жүктейді. Отандастарыма жарқын болашақ тілеймін! – деді Константин Водиной.

Учаскелік сайлау комиссия төрағасы Татьяна Матюхина алғаш рет дауыс берген азаматтарға өмірлеріндегі маңызды күндердің бірінен естелік болып қалсын деп сыйлық табыстады.
– Кез келген ел сіздер секілді жауапкершілігі мол, белсенді жастарға арқа сүйейді. Сәттілік тілеймін! – деді Татьяна Матюхина.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



