Жаңалықтар

Екатерина ЮХНЕВИЧ: “Барлық дертке шипа болатын “сиқырлы” дәрі жоқ”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтты. Әрі осы саладағы отандық өнім үлесін 50 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырды. Пандемияда фармацевтика саласы қарқынды дами түскені жасырын емес. Дертке шипаны дәріден іздегендер оны қайдан болсын, қаншаға болсын алуға дайын еді. Өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі де ойланатын мәселе. Осы тақырып төңірегінде Қарағанды медицина университетінің ассоциациялы профессоры, медицина ғылымдарының PhD магистрі, фармаколог дәрігер Екатерина ЮХНЕВИЧПЕН аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

– Екатерина Александровна, басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, бәріміздің дәрі іздейтініміз рас. Бірақ, олардың сапа мәселесін әдетте ойлай бермейміз. Елде сапасыз дәрі-дәрмектерден қорғау қалай жүзеге асырылады?

– Жалпы фармакологиялық бақылау бойынша барлық препараттың міндетті түрде сапа және сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Қазақстанда Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы бар. Елдің дәрі-дәрмек нарығына сапасыз дәрілердің түспеуіне осы орталық жауапты. Оның өңірлердегі бөлімдері жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер жүргізіп тұрады. Дәріханаларда сатылымдағы, ауруханаларда қолданылатындары мен емханада тегін берілетін дәрілердің тіркеу номері мен куәлігі бар. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ аясында дәрі-дәрмекті бірыңғай цифрлық таңбалау қолға алынды. Жол картасы да бекітіліп, пилоттық жобалар жүргізілуде. Яғни, алдағы уақытта QR код арқылы дәрілерді шығарған зауыттан бастап оны тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік туады. Дегенмен, контрафактілік өнімдерді жоқ деп айта алмаймыз. Қолдан дәрі жасап сатқандар анықталып жатыр. Сондықтан, халық барынша сақ болғаны жөн. Дәрілерді қолдан, хабарландырулардан емес, дәріханалардан алған дұрыс. Сапа сертификаты мен тіркеу куәліктерінің мерзімін, қаптамасының тұтастығын тексеру керек. Тым арзан және аса қымбат дәрілерді сатып алмауға кеңес беремін.

 – Жақында ғана Президент фармакологияны дамыту туралы айтты. Сіздің ойыңызша саланы қалай дамытуға болады?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан міндетті орындауға мүмкіндік бар. Әсіресе, қазір, пандемия кезінде бұл сала айтарлықтай дами түсті. Жаһандық талдау бойынша, әлемдік фармацевтикалық нарықты тұрақты дамып келе жатқан бірегей нарыққа жатқызуға болады. Дегенмен, қазіргі нарықтағы отандық өнімнің үлесі төмен – 17%. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, елдің ұлттық дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл көрсеткіш кемінде 30% болуы тиіс. Бұл саланы дамытуда маңызды мәселе дәрілік заттар үшін шикізат өндіру болып табылады. Алайда, ол Қазақстанда жолға қойылмаған. Дәрілік шикізатты өндіру үшін еліміздің бай флорасына қарамастан, дәрілік өсімдіктердің таралуы мен өсуінің экологиялық жағдайы аз зерттелген. Көптеген өсімдік түрлерінің қазіргі жағдайы туралы мәліметтер жеткіліксіз. Осыған байланысты шикізат қорының ресурстану сипаттамасы жоқ. Қазақстанда бар 6 мың емдік шөптер мен өсімдіктердің медицинада шикізат ретінде 50-ге жуық түрі ғана пайдаланылады. Яғни, қолда бар мүмкіндікті толық пайдала алмай отырмыз.

– Шетелдік импортқа тәуелділік осы себептен болып отыр деп ойлайсыз ба?

– Бұл ғана емес. Отандық фармацевтиканың импорттық өнімдерге тәуелділігінің негізгі мәселелері ретінде ғылымның, өндіріс пен білімнің бір арнаға тоғыспауын, отандық ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және жоғары мамандандырылған осы бағыттағы бейінді мамандардың тапшылығын және тағы басқаларын айтуға болады. Фармакология өнеркәсібін дамытамыз десек, ғылым, білім беру және фармацевтикалық өндіріс арасында тығыз байланысын қалыптастыру және сақтау маңызды. Бұл іргелі ғылымның дамуына серпін береді. Импортты алмастыратын дәрілік заттар өндірісін құруға және тиімді патенттік зерттеулерді ынталандыруға бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыру қажет. Пандемия осы саладағы айналымды еселей түсті. Фармацевтиканы Қазақстан экономикасының басым салаларына қосу қажеттігі сезіледі. Білікті кадрларды қалыптастыру да өзектілігін жоймайтын міндеттердің бірі. Бұл ретте университеттің клиникалық фармакология және дәлелді медицина кафедрасы осы салада терең білімі бар мамандарды даярлауда.

– Бүгінгі таңда емдеу ісінде клиникалық хаттамалар қаншалықты сақталады?

– Бұл жағынан жағдай жақсарды деуге болады. Бүгінде дәрігерлер клиникалық хаттамалар негізінде әрекет ететін болды. Дегенмен, бұл әр адамға жеке қарап, көңіл бөлуді ұмыту деген сөз емес. Ойланбай, әр науқастың жағдайын сараптамай клиникалық хаттамаға салып алып, бір әдіспен емдей беруге әсте болмайды. Қазір қолданыстағы клиникалық хаттамалардың базасы айтарлықтай үлкен. Оны дәрігерлер де, емделушілер де көре алады. Яғни, көрсетілетін емнің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Онда кез келген медициналық мәселе жайлы сенімді, озық деген ақпарат жинақталған. Хаттамалар бойынша ұсыныстар үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады.

– Кейде дәрі пайдасынан зиянын тигізіп кетуі әдбен мүмкін. Нарықтағы көптеген дәрідәрмектің ішінде дәрігер дұрысын қалай таңдау керек?

– Расымен қолданылатын дәрі-дәрмек ассортименті өте көп. Мемлекеттік тіркеуде 7396 препараттың атауы бар. Бұл таңдау көп екенін көрсетеді. Сол таңдау кезінде тиімдісін, пайдалысын таңдау дәрігерге тікелей байланысты. Ғылыми еңбектердегі зерттеулерден хабары, тәжірибесі, клиникалық фармакология туралы білімі, әсіресе, дәрілердің өзара әрекеттесуі туралы білуі керек дәріні тағайындауға әсер етеді. Бұл жағынан біздің фармакология және дәлелді медицина кафедрасының қызметкерлері де көмектесе алады. Кафедра қызметкерлері медицина мамандарына рационалды фармакологиялық терапия жөнінде білімдерін арттыру жұмыстарын жүргізеді.

– Кейде алдына барған науқасқа дәрігер бірнеше дәріні тізіп береді әрі бәрін ішуді тапсырады. Осындайда не істеу керек? Бірден дәріханаға бару керек пе, әлде басқа дәрігерге жүгінген дұрыс па?

– Өкінішке қарай, көп мөлшерде дәрі-дәрмек жазып беру – полипрагмазиямен жұмыс барысында жиі кездесемін. Әрине, бір мезгілде көп дәрі жазып беру арқылы дәрігерлер емді кешенді жүргізуге тырысады. Бірақ, көп жағдайда олардың өзара әрекеттесуі, емделушінің бауыры мен бүйрегінің жайы да ескерілмей қалады. Кейде науқастар қандай да бір дәрілерді өздері сұрап алып жаздырады. Қандай жағдай болмасын барлық дертке шипа болатын «сиқырлы» дәрі болмайтынын білу керек. Денсаулықты сақтау мен күту – бір реттік акция емес. Ол науқастың дәрігермен бірлесе отырып жүргізетін тұрақты жұмысы, өз-өзіне жанашыр болуы.

– Ал, халық еміне көзқарасыңыз қандай?

– Қабылдаймын. Халық емінің біразын өзім де ұстанып, өзгелерге де кеңес беремін. Мәселен, жөтел кезінде бал қосылған сүт ішу немесе ауызды шаюға арналған шөптер қосындысы деген сияқты амалдар нәтиже береді деп есептеймін. Бірақ, биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) жөн-жосықсыз қолдануға үзілді-кесілді қарсымын. Адамдарды олардың ағзаға барғаннан кейін өзара әрекеттесетінін, ол бауыр мен бүйрекке салмақ салатынын ойламай уыстап ішіп жатады. Ағзаға енген барлық нәрсе қандай да бір әсерін тигізетінін ұмытпау керек деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button