Бас тақырыпОблыс әкімі

Егіс жұмыстарына дайындық – назарда

Осакаров кентінде облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВТЫҢ төрағалығымен алдағы егіс науқанын ұйымдастыру жұмыстарына қатысты кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының жауапты мемлекеттік органдары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, «ҚазАгро» Ұлттық холдингі филиалдарының басшылары, «КарСХОС», «Казгидромет» өкілдері қатысты.

– Алдын ала мәліметтер бойынша ағымдағы жылы облыс бойынша егіс алқабы 969 мың гектарды құрайды, бұл – өткен жылғы деңгейден 57 мың гектарға артық. Бұқар жырау ауданы егіс алқаптарын 15,1 мың гектарға, Нұра – 17,7 мың гектарға және Осакаров 15,3 мың гектарға ұлғайтады. Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кестеге сәйкес жүруде, тұқыммен, жанар-жағар маймен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелері шешілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашовтың айтуынша, егіс жұмыстарын 10 мамырдан бастау жоспарланып отыр. Егіс алқабына 11 мыңнан астам трактор, 167 заманауи егіс кешені, 6,2 мың тұқымсепкіш, жалпы айтқанда 17 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шығады.

Биыл 3 репродукциядан төмен болмайтын сапалы тұқым сатып алуды субсидиялаудың жаңа тетігі қолданылады. Ол тұқым өсірумен шұғылданатын шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыруға мүмкіндік беруі тиіс.

 Тұқым өсіру шаруашылықтары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұқым төлемсіз негізде босатылады. Элиталық тұқым өсірушілерге тұқымның құнын субсидия есебінен өтейді, оған 473 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Күзде шаруашылық жинағаннан кейін бірінші репродукциялы тұқымның 30% құнын мамандандырылған ұйымға («Аграрлық несие корпорациясы» АҚ) қайтарады.

Сондай-ақ, жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазагрофинанс» АҚ облыстық филиалдарының басшылары да сөз сөйледі.

Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін үш ауданның 22 шаруашылығына 713 млн.теңге сомасында жылдық үстемақысы 5,5% жеңілдікпен несие берген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы шаруалар ауыл шаруашылығы техникасын жаңа, қолжетімді схема бойынша «Қазагрофинанс» АҚ арқылы лизингке алу мүмкіндігіне ие, шаруашылық үшін бастапқы жарнаны – мемлекет субсидия түрінде қаржы институтының арнайы шотына қажетті соманы аудару жолымен енгізеді.

 Кеңес барысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бірқатар маңызды сұрақтар қойды. Атап айтқанда, Нұра ауданының «Қайнар» ЖШС басшысы Сейітжаппар Нығметов облыс элеваторларында астықты сақтау тарифтерін реттеу қажеттігін, сондай-ақ жаңа перспективалы астық сорттарының жоқ екендігін атап өтті.

 «Найдаровское» ЖШС басшысы Павел Лущак минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялаудың қолданыстағы ережелеріне өзгерістер енгізуді, оларды енгізу нормаларын белгілеу бөлігінде дақылдың түріне және топырақ сипаттамаларына байланысты саралап қарау қажеттілігі туралы мәселені ұсынды.

 Кеңес соңында барлық сұрақтар бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Жиынды аяқтай келе, Серік Шайдаров аудан әкімдеріне туындаған мәселелерді дер кезінде шешуді, қаржылық қиындықтарға тап болған шаруашылықтарға ерекше назар аударуды, егіс алқаптарын айналымға барынша тартуды, ауыл шаруашылығы дақылдарын егу бағдарламасын орындау бойынша шаралар қабылдауды және ұсынылған агротехникалық мерзімде егіс науқанын жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button