Достоевский Қарқаралыда болды ма?

Төңкерісшіл большевик Ульянов-ЛЕНИН жазушы ДОСТОЕВСКИЙМЕН өмір бойы айтысып өтсе, күн көсемдеріндей қазақтың коррупционер коммунистері де Абаймен өмірбойы аянбай соғысып өтті. Советстанның сыбайлас жемқорлары жазушы ӘУЕЗОВПЕН емес, һакім Абайдың өзімен айқасты. Олар «Абай жолының» бар болмысы, сүйегі, нәрі, ділі, тілі, діні, тіні толықтай Абай мінезінен мүсінделгенін кешпеді. Олар Абайды да, Мұхтарды да өте жақсы ұға білді, сондықтан екеуін де қас көрді. Лениннің көзі тірі кезінде жас Мұхтардың орыс Достоевскийді үлгі-өнеге еткенін де кешірмеді. Өйткені, Абай да, Достоевский де адамның мінезін түзетуге болады, адамзат зорлық-зомбылықсыз да адамдыққа орала алады деп санаған сауатты ойшылдар еді.


Мұхтар Әуезовтің 1921 жылы «Қазақ тілі» газетінің 17 наурыз күнгі санында жарияланған «Есіл Қарқаралы» әңгімесі әдебиеттегі көп жанрдың бірі емес, сұр шекпен пішіп, үкім айтқан мінездеме деуге лайық. Әңгіме таза әшкерелеу, мысқыл-мінге, сынға іліккен Семейдің «аты шулы» бір уездік қаласының портреті. Һас шебердің қаламы, қадалған жерінен қан алатындай емес, жан алатындай қадалып, өр мінезге бай қаланы оқтай өтімді, өткір сөзімен суреттеп-ақ бағыпты. Автордың наразылық ойы, айыптау зілі, қатты сөзі, ащы мазақ майданы, сөз барымтасы болып шығып, тура Абайдың «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл» – деген сөзінен айнымай қалған. Мінез дегеніңіз түкпірдегі ауылдан бастап, төрдегі Біріккен Ұлттар Ұйымында да бар дүние. Сіз, мемлекетте мінез бола ма дерсіз?! Әрине бар. Мына біздің билік, заң, сот, әдебиет айналасындағы небір мінезсіздіктерміз қалаға да, мемлекетке де адам мінезіндей мін-мінездер тән екенін растауда. Мұхиттың арғы жағы мен бергі жағы, кәрі құрлық пен жаңа құрлық, көрші-қолаң, дос-жаран, туыс-ағайын арасындағы экономикалық, саяси, мәдениет теке-тірестердің құрсағы да, құрсауы да біреу – мінез. Адам баласының мінезі үй ішінде, отбасында қалыптасса, әр мемлекеттің мінезі мектептің қабырғасында құралады. Мектеп мінезінің негізі – оқу құралдары. Сол себепті, мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға М.Әуезовтің «Есіл Қарқаралы» әңгімесін оқу-тәрбие құралы ретінде ұсынар едік. Өйткені, Әуезовтің әңгімесі мектеп һәм мінезі һақында ғой. Біз әңгіме туралы баянымызды аяғынан бастауды қалап отырған себебіміз де сол, мектеп пен мінездің ажырамас, айнымас бірлігін көрсету. Әуезов Қарқаралы қаласының ахуалын былай аяқтайды: «Мектептің орындығында отырып начальникке арызды қалай жазады, жандаралға арызды қалай жазады деп, жасынан адвокат болған оқығандардың орнын басатын ерлер табылар ма? Ой, неге табылсын… Бұл құрыған заман емес пе?.. Есіл Қарқаралы…» Әуезовтің «Есіл Қарқаралы» деп отырған заманы 1921 жылдың қысы еді, азаматтық соғысы жаңа басылған, Семей мен Ақмола облысы әлі Қазақ автономиясына өтпеген, совет билігі орнықпаған уақыт. Әуезовтің айтуы бойынша мерез мінез мектебі Қарқаралыға 1824 жылы колониальдық зеңбіректермен, ұлықсыған орыстардың зұлымдығымен қоса ере келген дейді:

«Қарқаралы уезі – Семей облысында қызмет қылған орыс-қазақ өр қылығымен ерте таныс болып, белгілі болатын «аты шулы» уездің бірі, ардақты оқушы! Аты шулы уез бола ма екен? Болса аты шулы кісіге не болат та дерсіз, айтқан сөзіме күдіктенерсіз, бірақ аз ғана сабыр қылып ойлаңыз, түсінесіз. Қарқаралының қай заманын алайын? Басынан бастасам да, аяғынан бастасам да бәрі бір. Қарқаралы қала болғалы шудан, бәледен, өтірік жала, сұмдықтан аман болған күні жоқ. Патша заманын, төңкеріс заманын алсам да алаңы, ашығы жоқ, үзілмей келе жатқан зұлымдық».

Барынша батыл да, біліммен айтылған сөз. Зұлым заманның мерез мінезі. Мазасыз, ел-жұртты мезі еткен мінездің бәрін «білгің келсе, көзіңменен көргің келсе, Қарқаралыға бар. «Ревизорды» оқымасаң да, «геройларын» көзімен көріп қайтасың. Көрудің үстіне өзің де Гоголь боласың» дейді Әуезов. Бұрынғы патшалық Қарқаралыға барып қайта алмаспыз, сол себепті жазушының кәуілігіне, көрген, білгеніне сүйеніп сөйлейміз. Сондықтан да, әңгіменің авторы ескертеді: «Бірақ, біз Қарқаралы әңгімесін бүгін айтқалы отырмыз ғой. Заман өтіп кеткен соң, айтты не айтпады не?.. Сорлы Қарқаралының өткен замандағы әңгімесін естісек… Қарқаралы кіп-кішкентай болып, қулық-сұмдықты жаңа оқып жүрген күннің өзінде атақты Достоевскийдің кітабына ілінген жоқ па? Қарқаралыдай бұзылған кірлі қала жоқ деп текке айтты деймісің?! Өнеріне сүйсінбегеннен айтат та…» Қадірлі оқырман, Әуезовтің дерегіне жіті көңіл аударуыңызды сұраймыз. Қандай шоң тарихи факт жүр шағын әңгімеде. Іргетасы жаңа қалана бастаған Қарқаралы қаласында Достоевский болыпты. Кәдімгі, Фёдор Достоевский! «Қылмыс пен жаза» романының авторы Достоевский. Әлем таныған талант, тіпті гений деп мойындаған. Ленин Достоевскийдің «Өлі үйден шыққан жазбаларындағы» Өлі үй образы Романовтар Үйінің қарауындағы орыс халқы қамалған «Өлі үйі» деп бағалаған. Әуезовтің осы әңгімесінде Гогольдің «Ревизорын» еске алуының өзіндік себебі де бар еді. Өйткені, Достоевскийдің «Өлі үйден шыққан жазбалары» Гогольдің «Өлі жандарынан» кейін дүниеге келген. Гогольдің кейіпкерлерін Достоевский Қарқаралы көшесінде кездестіргенде «Қарқаралыдай бұзылған кірлі қала жоқ» деп қаламын қаладағы «қорқауларға» қадады. Қарқаралы қаласымен түйдей құрдас Достоевский айдауда жүрген солдат Семейден айдаладағы станицаға қайдан келіп жүр? Дұрысы, кім әкеліп жүр? «Өлі үйдің» тұтқыны саяси сенімсіз, сорлы солдат Достоевский шенді-шекпенділердің ортасында қалай еркін жүріп, еркін тұра алмақ еді? Ондай мүмкіндікке Достоевский Семейдегі бір үлкен ұлықтың арқасында қол жеткізе алды. Достоевский 1854 жылдың наурыз айында Омбыдағы каторгадан босап, Семейге қатардағы солдаттыққа жегілгенде қара күзде Санкт-Петербургтен облыстық прокурор болып барон А.Врангель жетеді. Бұл барон Врангель ақсүйек, шешесінің тегі Пушкиннің арғы атасы Ганнибалдардан. Петерборда Достоевскийді алдында дарға асылсын деп, кейін бұйрық өзгертілген соң, жазушының ату жазасынан құтылғандағы мүшкіл халін өз көзімен көрген жан. Міне, осы барон Врангель саяси қылмыскер Достоевскийге офицер шенін қайтаруға, Семейдегі губернатор Спиридоновтың, қалалық судья Пешехоновтың үйінде болуға, оның Еуропаға оралуына адал қызмет қылады. Дәп осы прокурор Врангель өзінің қызметтік құзіретін пайдаланып, офицер Достоевскийді өзімен бірге 1855 жылы Қарқаралыға ала жүреді. Врангель Семейде тау-кен өндірісінің қожайыны, капиталист С.Поповтың кеңесшісі қызметін қоса атқарған. Поповтың бір кен байыту заводы Қарқаралы өңіріндегі байырғы «Қалмақ тас» руднигінде, Үлкен Абралы мен Кіші Абралы тауларының арасын дағы жазықта Ақтас тау бұлағының жиегінде еді. Бұл кен орындарының ашылуы Александр II-ні қатты қызықтырған, оның бұйрығымен салмағы 52 пұт (832 кг) сап мыстың өте сирек кездесетін үлкен кесегі Қарқаралы даласынан Петерборға жеткізілген. Табиғи сап мыс кесегі табылған Абралы тауының бауырында тұрып жатқан қазақтар қыстауларын, шабындықтарын кортомға беруге келіспей, Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған өтініштерінде: «Біз, төмендегі жеке мөрлеріміз бен таңбаларымызды басып отырған Байбөрі болысының болыснайы, старшындары мен билері, ата-бабаларымыздан қалған Жер адыр қуысын негізгі мал жайылымдарынан айырылып қалмау мақсатында кен өндіру үшін советник Поповқа беруге келіспейтіндігімізді білдіреміз» – деп жазған. Дәл осы мағынадағы: «Басқа мал жайылымы болмағандықтан және қыстауларымыз сол маңда орналасқан себепті ешбір келісім бермейміз» деген өтініш 1848 жылы көрші Қарауыл-Қамбар болысынан да түседі. Дегенмен, біраз жер С.Поповтың үлесіне тиген соң, ол 1855-1856 жылдары прокурор Врангельді қазба жұмыстарын жүргізуге шақырып, жұмыс қолымен қамтамасыз еткен. Врангель Семейге прокурорлық қызметке қарапайым каръеристік ниетпен келмеген сыңайлы. Врангель Петерборда 1853 жылы лицейді аяқтап, бір жыл астанада қызмет істеп, Семейге үкіметтің тікелей арнайы тапсырмасы мен ақ патша ағзамның бұйрығы бойынша өңірдегі кен өндірісінің жағдайын зерттеуге келген. Байбөрінің жерінде, Қарқаралының маңында қазба жұмыстарын жүргізген Врангельге Қарқаралы станицасына тексеріспен баруға міндет қойылған, оның реті 1855 жылғы жазда келеді. Барон Врангельмен Достоевскийдің Қарқаралыға келуі Әуезовтің әңгімесінде суреттелгендей өтеді. Қаланың бай көпесі, кеңсесі патшаның ұлығы Врангельді зор қошеметпен қарсы алады. Қарқаралы қаласының Достоевскийдің кітабына ілінгені тап осы Врангельмен барған шағы. Қарқаралы қаласының кіп-кішкентай болып, қулық-сұмдықты жаңа оқып жүрген күні ғой. Достоевскийдің де патшалық Ресейді, оның халқын жаңа тани бастаған уақыты. 1858 жылы Еуропалық Ресейге қайтарда Достоевский Врангельге жазған хатында «бар коллекцияның қайда кеткенін тап басып біле алмадым. Сіз сыйлаған кішкентай қанжарыңызды досым Шоқан Уәлихановқа сыйға тарттым» дейді. Хаттағы коллекция Врангельдің Поповпен бірігіп Байбөрі елінде, Қарқаралы жерінде жинаған минералдар жайы. Бұл да, Достоевскийдің Қарқаралыда болғандығы туралы мықты бір дәлел. Және де Достоевскийдің өз қолынан берілген куәлік-дерек. Достоевскийдің Семейде еркін жүруіне жазушының Үлкен ұлық достарының күшті әсері болған. Оның достары генерал-адъютант Э.Тотлебеннің, принц, сенатор, мемлекеттік кеңестің мүшесі П.Ольденбургскийдің саяси беделдері зор-тұғын. Достоевскийдің Қарқаралы қанжарын Шоқан Уәлихановқа тарту етерлік жөні, реті бар болатын. Достоевский Омбыда каторгада жүргенде 1854 жылы Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарының генерал-губернаторы Гасфорттың адъютанты Шоқан қамалдың комендаты А. Граве арқылы жазушыға көмектеседі. Шоқанның әкесі Шыңғыс Гасфорттың кеңесшісі болып тұрғанда дәп жаңағы 1854 жылы Құнанбайға Омбыда түрмеден шығуына жәрдем еткен. 1854 жылы көктемде Достоевский Омбыдан Семейге ссылкаға аттанса, күзде Құнанбай Қарқаралыға қайтады. Прокурор Врангель Семейдегі Құнанбайдың құдасы Тінібайдың, күйеу баласы Меңдібайдың үйінде бірнеше мәрте қонақ болып, Достоевскийді де ерте барыпты. Барон Врангельге Достоевский Семейдегі тіршіліктері жөнінде өз романдарында жазбақ уәдесінде тұрмаған себебі бізге белгісіз. Сірә, ұдайы құпия бақылауда жүрген соң, достарына залал тиіп кетпесін деп сақтанған ғой. Әйтеуір, Достоевский Қарқаралысын ұмытпапты. Өйткені, Достоевскийдің жазушылық бағын ашқан, жаңа шабыт берген атыңнан айналайын Қарқаралы емес пе?! 1855 жылы Құнанбай Семейдің медресесіне Абайды апарған жолы Шоқанның досы Достоевскиймен кездесіп, оны Қарқаралыға шақыра келеді. Мәрт мінезге мырза Құнанбай өзін түрмеден алып шыққан Шыңғыстың ұлы Шоқанның досын құрметтеп, Петербордан келген прокурор Врангельге Достоевскийдің Қарқаралыға келуіне тиісті рұқсат алып беруді өтінген. Қарқаралыда мешіт те, үй де салған Құнанбайдың үлкен ұлық пен ұлы жазушыны күтіп алуға барлығы да, байлығы да жететін. Құнанбайдың шақыруымен Достоевский Врангельге еріп Қарқаралыға барды, барды да көрді, о, дариға-ай, көргені Гогольдікінен де асып түсті. Каторгадан өзге мінез мектебін көрмеген жазушыға Қарқаралы қаласы империяның ұлықсыған орыстарының шынайы мінезін көрсетіп, көп дүниеге көзін ашты. Соныменен, Әуезовтің «Есіл Қарқаралы» әңгімесі тарихи, рас әңгіме, шым-шытырық қылмыстық уақиғаның ізімен жазылған деректі детективке пара-пар: «Қарқаралы кіп-кішкентай болып, қулық-сұмдықты жаңа оқып жүрген күннің өзінде атақты Достоевскийдің кітабына ілінген жоқ па? «Қарқаралыдай бұзылған кірлі қала жоқ» деп текке айтты деймісің?! Өнеріне сүйсінбегеннен айтат та…»

Марат АЗБАНБАЕВ.