Бас тақырып

Донорлық трансплантация тұралап тұр

Солай дейді мамандар. Елде донорлық трансплантация қолға алынған 10 жылда 2 мыңнан астам ғана операция жасалған екен. Оның 85%-ында тірі адамдар, әдетте туыстары донор болады. Қалған 15%-ы ғана мәйіттік донордан алынған. Бұл өте аз көрсеткіш. Осы жылдар ішінде Қарағанды аймағы бірде-бір мәйіттік донор ұсынбапты. Ал, күту парағындағы мұқтаж жандар азаяр емес. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, күту парағындағы 3 805 адамның соңғы үміті – донорлық ағза. Оның 324-і облыс тұрғыны. Арасында бала да бар.

Атауынан шоши ма, әйтеуір қоғам осы мәселені әлі де қабылдай алмай келеді. Қайтыс болған туысының органын сұрағанда ат тонын ала қашады. Донор болудың әсіресе, мәйіттік донорлықтың маңызын асқынған дерті жанына батқан сол 3 805 адам мен олардың жақындары жақсы түсінеді.

Қоғам не дейді?

Жұлдыз есімді Қарағанды тұрғынына былтыр бүйрек ауыстырып салды. Мәйіттен.

– Бүйрек ауруының азабын 4 жылға жуық тарттым, диализде болдым. Былтыр 16 қарашада Астанадан донор табылды деп хабарласты, тез жету керектігін айтты. Сол күні түнде жеттім. Меннен басқа Көкшетау мен Павлодардан келген екі адам, астаналық бір адам бар екен. Сараптама бойынша осы төртеуміз донорға сәйкес келеді екенбіз. Ертесіне талдау нәтижелері шықты, мен кезекте екінші тұрсам да, бүйрек маған бұйырды, – дейді ол.

Өзге бүйрек бесінші күні жұмыс істей бастапты. Үш аптадан кейін үйге шығыпты.

– Қазір денсаулығым жақсы, – дейді Жұлдыз. – Әрине, күтіну керек. Иммуносупрессиялық дәрілер ішемін, өмір бойына диета ұстау керек. Бірақ, бұл ауырғаннан жақсы. Маған бір бүйректі салды, екіншісін Алматыға алып кетті. Донор болған ер адам екенін ғана білемін. Басқа ақпарат айтылмады. Кім де болса, ризамын.

Жұлдыздың жолы болған, донор табылып. Бүгінде облыс бойынша сегіз адамға – жүрек, бес адамға – бауыр және 311 адамға бүйрек алмастыру қажет. Күту парағындағылардың көбісі бүйрекке мұқтаж.

Бір мәйіттік донор 5-7 адамның өмірін сақтап қала алады. Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үлестіру орталығының директоры Сәуле Шайсұлтанованың айтуынша, қоғам мұндайды естігісі келмейді.

– Бұл менталитетке байланысты деп ойлаймын. Жалпы мəйіттік донорлыққа қатыс ты жалған пікірлер көп. Жəне олар халық арасында қалыптастып қалды. Мəселен, дəрігерлер ағзаларды алу үшін науқасты аман алып қалмайды деп ойлайды. Дəрігер адам өмірі үшін соңына дейін күреседі. Орган керек екен деп, əрекетсіз тұрмайды. Ми өлімі диагнозы комиссиялық жағдайда қойылады. Дəрігерлер 24-36 сағат бойы бақылайды. Əр екі сағат сайын тестілеу жүргізеді. Ми өлімі адамның қайтыс болғанын білдіреді. Адам реанимацияда жасанды тыныс алдыру жағдайында жатады. Органдары аппаратпен ғана істеп тұрады. Бір-екі тəуліктен кейін олардың да фукнциялары жойыла бастайды. Себебі, барлық органдар миға тікелей байланысты. Егер адам тірі кезінде донор болуға ерік білдірмесе, туыс тарынан сұраймыз. Көбінесе келіспейді. «Денесін кескізбеймін» дейді, діни тұрғыдан қарсылығын білдіреді. Алайда, барлық діни конфессияда ағза алмастыруға тыйым салынбаған, – дейді С.Шайсұлтанова.

 

Дін не дейді?

Бұл мəселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы пəтуа шығарған. Трасплантация шариғатта рұқсат етілген болып саналады. Бірақ, бұл амал адамды қорламайтын дəрежеде белгілі бір шарттарымен толық орындалуы тиіс.

– Ағза деген аса қажеттілік болуы – бірінші шарт. Ағзаны өзге адамға салғанда отаның сəтті өтетініне кепілдік болу керек. Оны сынап көру мақсатында жасауға болмайды. Донордың денсаулығына зиян келмеуі тиіс жəне материалдық мақсат көздемеуі керек. Бірақ, ағзаны алып отырған адам өз еркімен сый беруіне рұқсат, – дейді ҚМДБ шариғат жəне пəтуа бөлімінің облыстағы жауапты маманы Жүсіпбек Шұғайұлы.

Ағзаны мəйіттік донордан алу үшін адам нақты өмірден өтуі керек, яғни оның қайтыс болғандығы толық расталуы қажет. Мұнда да мұқтаждық басты шарттардың бірі болып қала береді.

– Ауыстыратын ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт жəне операция мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған орында өтуі керек. Адам тірі кезінде өзі рұқсатын беріп кетуі қажет. Жалпы, қайтыс болған адамның донор болуы сауапты іс. Бір адамды өлімнен құтқару – барша адамды құтқарумен тең. Құранда Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең жəне кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең» делінген, – дейді маман.

 

Заң не дейді?

Ал, заң бойынша органдарды сату мен сатып алуға, сондай-ақ, мəжбүрлеп алуға тыйым салынған. Дегенмен, Сəуле Талғатқызының айтуынша, əлемде ағза сату бойынша рұқсат етілген тəжірибе бар. Мəселен, АҚШ-та 1 млн. халыққа 40-45 донор қажет. Иран ислам республикасында мəйіттік донорлық 90%-ды құраса, Белоруссияда бұл 100%. Өткен аптада Мəжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова материалдық өтемақы үшін ерікті түрде туысы жоқ донорлардан бүйрек трансплантациялауға рұқсат беруді ұсынды. Бұл тұралап қалған трансплантация саласына серпін, бүйрекке мұқтаж жандарға үміт бермек. Бұған қатысты Сəуле Шайсұлтанова «министрлік бұл мəселені қарастыруда» деп жауап берді.

Жалпы, Сəуле Талғатқызының айтуынша, республикалық трансплантация жəне жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үлестіру орталығы мəйіттік донордың туыстарына материалдық ақы төлеу жайында ұсынысты бұрын да айтқан. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін нақты шешім жоқ.

– 2020 жылы мəйіттік донор болуы үшін туыстарымен сөйлесу қажеттігін алып тастау туралы ұсыныс білдірдік. Алайда, ол кезде қолдау таппадық. Бүгінде сол ұсынысты қайта қарастыру жоспары бар. Яғни, адам өзі таңдау жасауы қажет. Оның еркі – негізгі шешім болуы тиіс, – дейді ол.

Кез келген адам көзі тірісінде мəйіттік донор болу не бас тарту туралы өз еркін білдіре алады. Оны eGov порталында, тіркелген емханасында жасай алады. Жəне ол таңдауын қанша рет өзгертсе де құқылы.

– Бүгінде 30 мыңнан астам адам өз еркін білдіріп, таңдауын жасаған. Оның 28 мыңға жуығы бас тартқан. Келіскен адам міндетті түрде донор болады деген сөз емес. Адам 60-тан асып қайтыс болуы мүмкін. Ондай жағдайда ол донор болуға жарамайды. Заң бойынша, 18-60 жас аралығындағы адам ғана донор бола алады, – дейді Сəуле Талғатқызы.

Трансплантация да, одан кейінгі қолдау да Қазақстанда тегін. Бастысы донордың табылғаны. Былтыр донор таппаған 320 адам күту парағынан мəңгіге алынды.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button