Біздің сұхбат

«Діни таным – тұрақтылық негізі»

     Бүгінде қоғамдық ортада кереғар діни ағымдар мен оларды жақтаушылардың қарасы көбейіп  және ондайлар өздерінің адасқандарымен қоймай өзгелерді де адастырып жүргендігі расталып отыр. Сондықтан, діни ахуалды зерттеу, әлемдік деңгейдегі жинақталған тәжірибе мен ең өзекті мәселеге байланысты елімізде насихат, түсіндіру жұмысын жүргізу қолға алынған. Мұндай жұмыстарды қазіргі таңда діни бірлестіктер атқаруда. Солардың бірі – Қарағанды қаласында орналасқан «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігі. Жақында осы бірлестіктің төрағасы Мақсұт ҚОЖАХМЕТОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Алдымен, өзіңіз басқарып отырған «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің атқаратын жұмыстармен оқырмандарды таныстыра кетсеңіз. Қоғамдық бірлестік қашан, қандай мақсатта құрылды?

– «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігі 2013 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Осы 4 жылдан аса уақыт ішінде біраз жұмыс атқарылды. Басты – бағытымыз алдын алу шаралары, насихат, түсіндіру жұмысын жүргізу. Радикализм, терроризм, уахабизм, салафизм сияқты өзекті мәселелер бойынша, тереңдетілген дәрістер оқимыз. Уақыт өткен сайын діни ұғымдар да өзгеретіндігі белгілі жайт. Мәселен, ерте замандағы айтылған уағыздарды бүгінгі жаһандану дәуіріндегі жетістіктермен байланыстырып түсіндіру жұмыстары. Бұл жерде дін қағидаларын бұрмалауларға жол бергізбеген абзал. Біз ежелгі түсінікпен түсіндіретін болсақ, халыққа дұрыс жетпеуі мүмкін. Діни білімсіздіктің алдын алу – кезек күттірмес мәселе. Атап айтқанда, ағартушылық жұмыстарға баса назар аударамыз. Мешіттермен, қала мен аудандардың ішкі саясат бөлімдерімен қоян-қолтық жұмыс атқарамыз. Биылдың өзінде жалпы алдын алу іс-шаралары мақсатында Қарағанды облысы аумағындағы мекемелерде, ұйымдарда, оқу орындарында, мешіттерде 322 кездесу мен семинарлар ұйымдастырылды. Азаматтық және дін жоралғыларын орындайтын аудитория үшін 368 рет жеке ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бізде  Рүстем Сыздықов, Жанболат Хушкелдиев бастаған білікті 9 теолог бар. Барлығы да оқыған. Дінге қатыс­ты жан-жақты мәселелердің ара жігін ашып беруге қауқарлы. Бірлестікте түсіндірме қағаздарынан бөлек, Рүстем Сыздықовтың осы жылы «Жихадтың шын мағынасы және оның діни экстремизм мен халықаралық терроризм мазмұнындағы трансформациясы» атты қазақ және орыс тілінде әдістемелік құралы шықты. Мұның барлығы деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмегін берері сөзсіз. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қазіргі кездегі қордаланған көптеген мәселелерді шешуге бағытталды. Дін саласындағы мемлекеттік саясат, заңдар, діни бірлестіктердің қызметі, діни білім алу, жасөспірімдерді қорғау, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сақтауға бағытталғандығын да айта кеткен жөн.

– Ел ішіне іріткі салған кейбір діни ағымдар идеологиялық жұмыстарын ғаламтор арқылы жандандырып, өз жағына адамдарды әлеуметтік желілер арқылы тартып жатқандығы мәлім. Осы экстремистік мазмұндағы материалдарды шектеу мақсатында биыл елімізде бірнеше сайтқа тексеру жасалып, күдік тудырғандары бұғатталды. Қоғамдық бірлестік осы бағыттағы жұмыстарға қолұшын беріп отыр ма?

– Біздің елімізде БАҚ және интернет-контентке күнделікті мониторинг жасалып отыр. Бірлестіктің қолынан бұғаттап, шектеу қою келмейді. Біз тек, әлеуметтік желідегі жат пиғылды пікірлерге сырттай сараптама жасап, тиісті орындарға ескерту жасай аламыз. Мәселен, Сирия соғысына өз еркімен кеткен қазақстандық азаматтардың көбісі ғаламтордағы теріс пиғылды жандардың арбауына түскендігі анық. Діни сауатсыздықтың салдарынан олар ата-ананың, туған-туыстарының көз жасына, аяғына жығылып, жалынғанына қараған жоқ, барлығын қиып кете барды. Жат ағымның жетегіне еріп, қылмыстық жолға байланып, надандықтың, жалғандықтың, діни соқырлықтың құрбанына айналды. Адастырушылардың қармағына іліккенде отбасыларда дәстүрге қарсы шығушылар белгі берді. Ата-аналардың көбі баласы болған соң осы жағдайларға көз жұма қарады. Ақырында балалары қару асынып, өзге елге аттанып, қантөгіске араласып, қылмыскер атанды. Міне, осындай жағдайды болдырмауға еліміздің өңірлерінде ақпараттық насихаттау топтары және оңалту орталықтары, қоғамдық бірлестіктер мен діни бірлестіктер жұмыла қызмет жасап жатыр. Діни экстремизмнің алдын алу аясында елімізде, оның ішінде, жастар арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп, бұрынғыдан да жұмыс күшейді. Дін – нәзік және өзекті. Жастарға дінді дұрыс түсіндіруіміздің маңызы жоғары. Дін – рухани қазына деп білсек, алайда, қазіргі заман білім мен ғылымға негізделген дінді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дәстүрлі ислам дінінің өзектілігін жиі айтып келеміз.

–  Оқырманға түсінікті болу үшін дәстүрлі ислам жөнінде тарқата айтып берсеңіз?

– Халқымыздың тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен өзара байланыса дамып келгендігін ғалымдарымыз дәлелдеп отыр. Ислам діні мен қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы байланыстың болғандығы ақиқат. Мәселен, қазақ елінің арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен жетілуіне өз үлестерін қосқандығын тарих беттерін парақтасақ түйсінеміз. XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының тұсында Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығаюы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға бірігуіне ықпал еткен идеологиялық факторлардың біріне айналған. Қазақ хандығында Исламның сүнниттік бағытының ханафи мәзһабын ұстанып, елдің бірлігін бекітті. Абылай ханның ақылшысы, кеңесшісі Бұқар жырау Қалқаманұлы халықты имандылыққа шақырғандығы өлеңінде «тайға таңба басқандай» айқындалып тұр. «Тілек» деп аталатын өлеңінде Бұқар бабамыз:

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа

…Бесінші тілек тілеңіз

Бес уақытты бес намаз,

Біреуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды. Яғни, біз бабаларымыз ұстанған Исламды дәстүрлі дініміз деп айтуға негіз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар» деген өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер» деп әмір етті. Сондықтан, Исламды ұстанған ата-бабаларымыз қашан да ынтымақ пен береке-бірліктің туын жыққан жоқ. Ал, бүгінгі ұрпақтың осынау үрдісті жалғастырып, баба жолымен жүре білгені абзал.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, «ұлт үнемі дамып отыратын тірі ағза» десек, өз бет-бейнемізді сақтай отырып, жаңа үрдістерге бейімделе білген ұлт қана өміршең бола алатындығы сөзсіз. Десек те, қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі – діни экстремизм. Кейінгі жылдары пайда болған әсіредіншілдер немесе, теріс ағым өкілдері туралы не айтасыз?

– Елбасының Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мемлекеттің және қоғамның басты міндеті – дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін елдің діни сана-сезімін қалыптастыру, сондай-ақ, радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық көрінісіне бірлесе отырып қарсы әрекет ету керек» деген болатын. Бұл ретте Заңға енгізіліп отырған толықтырулар мен өзгертулер түрлі жат пиғылды ағымдардың алдын ала отырып, жас буынның бейбіт елде өмір сүріп, жан-жақты дамуын қамтамасыз ету арқылы қоғам тыныштығын сақтауды көздейді. Бүгінде елдегі діни ахуалдың тұрақты және бақылауда екенін атап өткеніміз дұрыс. Уәкілетті және құқық қорғау органдарының жүйелі түрде жүргізіп отырған жұмыстарының нәтижесінде діни жағдай тұрақтылығы сақталуда. Ақиқатпен бірге жалғандық қатар жүреді. Өткенге көз жүгіртсек, дінде де саяси жағдайлар етек алып, Пайғамбарлардың өмірлері де жалғандықпен күрес жолында өткен екен. Халықаралық зерттеулердің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда қантөгістердің басым бөлігі зайырлы ұстанымдағы емес, діни фундаментализм басым елдерде орын алып отыр. Дінді жамылып, өз мақсатын көздейтін жат ағымды насихаттау арқылы халықтың басын айналдырып, жолдан тайдыруға жұмыс жасайтын топтардан қашанда сақ болуымыз қажет. Олар әлі оң мен солын танымайтын жастарды шырмауына түсіруге ықпал етеді.

– Уахабилік ағымның пайда болуы мен ерекшеліктері қандай?

– Қазіргі секталардың барлығының көздейтіні – адамды алдау арқылы өз тобына қосу. Мұның ар жағында, әрбір дәстүрлі емес діни секталар қатарын көбейтіп саясатқа араласуды, сол арқылы мол табысқа жетуді алға қояды. Табыс көбейген соң, билікпен тартысқа түсуге ұмтылатындығы анық. Түптеп келгенде, көбісінің мақсаты – осы. Оны Ислам әлемінде XX ғасырдың алпысыншы жылдарында діни секталар белсенді түрде саясатқа кіріскенінен аңғаруға болады. Көп жағдайда діни ағымдардың шығуы байлықпен тікелей байланысты болып отырған.

Ал, енді сіз айтып отырған «уахабилік» атауының ең алғашқы идеялық тұрғыдан қалыптасу уақытын ғалымдарымыз әдебиеттерде хижра жыл санауы бойынша VIII ғасыр деп көрсетеді. Бұл ағымның бастау алуына Ибн Тәймияның Ахлус суннаға өздігінен жасаған пікірлері басты себеп. XII ғасырдан бастап Мұхаммед ибн Абдул Уахаб­тың күш салуының арқасында бұл ағым өз жақтастарының қатарын көбейте бастаған. Қолдаушылардың ең алғашқылары көшпелі бәдәуилер болды. Қазіргі уақытта кез келген мұсылман қауымдарының арасында бұл ағымды қабылдағандар баршылық. Уахабилік ағымын жақтаушылардың мұсылмандардан, өз ойларынша, айырмашылығы – мұсылмандардың сенімдерін айыптап, тек, өз сенімдерін ғана дұрыс деп тануы. Зерттулерді зерделесек, фундаменталистер 3-4 ғасыр бұрынғы исламды да емес, мүлде ары, 14 ғасыр бұрынғы пайғамбар мен халифтер заманын аңсайды. Негізгі белгілері: исламды «бидғаттан» тазартуға ұмтылады, яғни, көптеген ұлттық салт-дәстүрлерді жоққа шығарады. Оның ішінде, әулиелерді құрметтеуді, басына зиярат етуді, Алланы еске алуды терістейді, қоғам өмірін реттейтін ережелер тек қана Құран мен сүннет деп біледі, зайырлы заңдардың бәрін харам деп жариялайды, мәзхабтарды мойындамайды және жиһадты мұсылмандардың ең қасиетті міндеті деп біледі, соғысты, тек, «кәпірлерге» ғана емес, кейбір «дінбұзар» мұсылмандарға да жариялайды. Бұл бүгінде анықталған. Исламдағы бұл саяси қозғалысты ислам елдерінде «салафизм», ал, батыс елдерінде «радикализм» деп атайды. Ал, «салафизм» бұрынғы КСРО территориясында «уахабилік» деген атпен белгілі болды. Уахабилердің негізін қалаушы Абдул-Уахаб салафизм өкілдерінің бірі Ибн Тәймияның ізбасары болған деседі.

Абдул-Уахаб «әулиелердің басына бару күнә, пайғамбардың қабіріне тәуәп ету күнә, жалпы сопылықтың өзі күпірлік» деген өзінің идеяларын осы Ибн Тәимияның еңбектерінен алған. Осынау идеяларды дамытқан Абдул-Уахаб «кәпірлерді өлтіру – жақсылық және бұл мұсылман адамның дін үшін жасай алатын жақсылықтарының ішіндегі ең үлкені, әмбе жәннатқа тура апаратын зор құрбандық» деп түсіндіріп жол сілтеген. Бүгінде әлем бойынша, Әл-Уахабтың бұл идеясы қазір террористік ұйымдардың өз әрекеттерін негіздейтін бас­ты дәйегі болып отыр. Уахабилік ағым ұстанушылар ел ішіне оң ниетпен келмейтіндігі белгілі.

– Сұхбат барысында жат пиғылды бірнеше сайттың бұғатталғандығы айтылды. Сіз, мұсылман дінін ұстанушыларға білім, кеңес алу үшін мешіт имамдарынан бөлек, қандай сайттың көмегіне жүгінуге болатындығын айтып өтсеңіз?

– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рұқсат берген сайттарынан ғана ақпарат алып, білмегенімізді оқуға болады. Елімізде таратылатын күмәнді көптеген белгісіз ақпараттар мен хабарламалардың тұрғындардың діни көзқарасын қалыптастыруға бағытталатыны белгілі. Олардың ішінде, дәстүрлі емес діни ұйымдар мен топтардың, тіпті, экстремистік, теріс сенімдік мәліметтер болуы да мүмкін. Осыған байланысты дін жолына бет бұрғысы келетін, не болмаса діни сауатын жетілдіргісі келетін азаматтар, жастар діни білім мен мәліметтерді Қазақстанда дәстүрлі болып саналатын ақпарат көздерінен алуы барынша маңызды екендігін айтқым келеді. Жұртымыздың діни тұрғыда білімін жетілдіріп, теріс діни ағымдардың жетегіне кетуіне жол бермеуге – күш салу басты міндет. Олардың қоғамға қаншалықты зиянды жақтары бар екендігін айтып түсіндіргеніміз, дер уақытында қимылдау маңыздырақ. Өйткені, еліміздегі теріс діни ағымдардың көбеюі, осы ағымдарға кірген бауырларымыздың бір-біріне және қоғамға көзқарастарының және ой-пікірлерінің, іс-әрекеттерінің сол тараптан басқарылуы еліміздің тыныш тіршілігі мен сан ғасырлардан бері қолданып келе жатқан салт-дәстүрлерімізге, сонымен бірге, дәстүрлі діни ұстанымымызға қарама-қайшылық туғызып, берекені кетіретіндігі анық.

Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында, Қазақстандағы псевдо-исламдық ағымдарға қарсы ата-бабаларымыздың ежелден ұстанып келе жатқан, исі қазақтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен біте қайнасқан Имам Ағзам мәзһабын негізге ала отырғандығы сауапты іс. Еліміз үшін рухани сауаты жоғары, білімді жастарымызды көбейту  мақсатында ұлттық рухымыздың мәйегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ғұламалардың жазған еңбектерін кеңінен пайдалануымыз керек. Сонда ғана, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тура жол көрсетіп, ел тізгінін қолына алар жастарымыздың көздері ашық, көкірегі ояу боларына сенімдіміз. Біздің сөз басында «дәстүрлі Ислам діні» деуіміздің мәні де осында жатыр. Исламды қабылдаған соң діннің қойған талаптары мен шарттарын, бұйрықтарын орындау, мұсылмандар арасында топқа, жікке бөлінбеу керек. Әрбір адам өз елінің азаматы ретінде, өз мемлекетінің, қоғамның және келешек ұрпақтың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүруіне ықпал етуге және жауапты екендігін естен шығармауы қажет. Осындай ұстанымда, бағытта ғана қазіргі таңда әлемде кең етек алып отырған індеттермен күресіп, теріс, арам пиғылдағы идеология мен саясатқа, лаңкестік әрекеттердің  жолын кесуге болады.

– Шет елдерге оқуға кеткен кейбір жастар жат ағымның жетегіне еріп, халықтың арасында теріс ағымды насихаттағаны туралы көп әңгіме өрбіді. Өзге елге білімін жетілдіруге кеткен адамдарға бақылау бар ма?

– Тәуелсіздік алған тұста жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғаны рас. Өзге елден білім алған жақсы әрине, жастардың жан-жақты шыңдалуына үлкен тәжірибе. Десек те, дәл діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды жайт. Басқа елдің діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келіп  жалпақ жұртқа «тықпалауы» да дұрыс емес. Алдағы уақыттарда  жастардың шетелде діни білім алу мәселесі мемлекет тарапынан реттеледі. Тарқата айтқанда, заңнамалық өзгерістер шетелде діни білім алғысы келетіндер үшін бірқатар талаптар қарастырылу жолында. Келешекте Қазақстанда жоғары діни білім алған мамандар ғана шетелде діни білім ала алатын талап қойылады. Үкімет діни сауаттылық деңгейі қалыптасқан тұлғаларға ғана рұқсат беру арқылы біз жастардың және қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатындығына сенім артып отыр. Әсіредіншілдік мәселесімен күресте ең әуелі идеологиялық кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализммен саналы түрде күресетін, сақтануға мейілінше қабілетті рухани сана қалыптастыру көзделуде. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйсек, негізінде, діни таным – тұрақтылық негізі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Нұрдос КӘРІМ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button