Жаңалықтар

Діни экстремизм – ұлтқа төнген қауіп

Қазақстан әлемге көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан мекен ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде, діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі. Қазіргі қоғамды жауар күндей күркіреткен, қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан пиғылы жат теріс ағымдар дүниежүзілік проблемаға айналып отыр. Асыл дініміз исламға күйе жағып, дін атын жамылғандар ислам десе, зәресі зәр түбіне жетіп, шошынып қарайтын күйге түскені жасырын емес. Қазақ даласында Ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып, кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып, өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып, келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дегендей, айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал, бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес әрбір ата дінін бойына сіңірген азамат үлес қосуға міндетті. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Құран қағидалары қақтығыстардың алдын алып, ұрыс-жанжалдарды харам еткен. Қару жұмсауға, күш қолдануға басқалар шабуыл жасаған жағдайда, амалсыздан қорғану мақсатында ғана рұқсат етілген: «Өздеріңе біреу ша[1]буыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Аллаһ шектен шыққандарды ұнатпайды».

Тарихқа жүгінсек, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар қатысқан соғыстың бәрі қорғаныс, жаудың бетін қайтару мақсатында болғанын білеміз. Дінімізде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыс болып саналады. Шариғат тұрғысынан адам өмірі қасиетті, оны ардақтай білу – парызымыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзімен айтсақ, адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі мұххарам, мекендер ішіндегі Қағба (Меккедегі), күндердің ішіндегі Құрбан, хадж уақытындағы Арафатта тұру сынды қастерлі, оған тиісуге болмайды. Жан алу Жаратушының ықтияр-еркімен, бұйрығымен іске асады, бөгдені жер жастандыру – Аллаһтың қалауына қарсы келумен пара-пар. Алла Тағала аятта: «Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс. Егер, біреу нақақ өлтірсе кек алу құқығы өлген адамның жақын туысына беріледі. Ол бірақ кек алуда шектен аспауы керек». Бүгінгі таңда діни экстремизмді алдын алу бағытында Қарағанды облысының көлемінде ауқымды шаралардың атқарылып жатқаны аян. Облыс орталығы мен қалаларда діни орталықтар құрылып, жұмыс жасауда. Ондағы діни сауатты мамандар теріс ағымға түскен азаматтармен әңгіме жүргізіп, көзқарастарын түзеуге ықпал етуде. Сонымен қатар, кәсіпорындар мен мекемелерде, оқу орындарында қалалық, облыстық, республикалық ақпараттық түсіндіру топтары кездесулер ұйымдастыруда. Дін орталығының мамандары қала тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі сауалнамалар жүргізіп, білімдерін жетілдіруге күш салуда. Мұның барлығы облыс көлемінде діни экстремизмді ауыздықтауға ықпал ететін шаралар деп білеміз. Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – біз ұстанған ислам дінінің басты мұраты, ал, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Ерболат САТЫБАЛДИН, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Тау-кен-металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button