Тұлға

Әділ де айбатты қаламгер

Өмірбаян жолдарынан

Әбікен Бақтыбаев (1.05.1927 – 9.01. 2007), қазақ журналисі. Қарқаралы қаласында туған. Қарқаралы педучилищесін (1945), Қарағанды мұғалімдер институтын (1947), Алматы жоғары партия мектебін (1961) бітірген. Шығармашылық қызметін 1947 жылдан Қарқаралы аудандық «Еңбек майданы» газетінің жауапты хатшысы болып бастайды. 1951-1954 жж. аудандық партия комитетінің насихатшысы, партия кабинетінің меңгерушісі. 1954-1957 жж. аудандық газеттің редакторы. 1961-1968 жж. Жаңаарқа аудандық газеттерінің редакторы. 1970 жылдан Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшысы. 1975-1990 жж. облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданы бойынша меншікті тілшісі. Құқық қорғау органдарының жұмысына арналған «Сол бір күндерде», «Кек жолында» повестері мен «Тергеу аяқталды», «Қоғамдық тәртіп сақшылары» очерктер жинағының авторы. Казақ КСР Жоғарғы Кеңесінің

Құрмет грамотасымен, ҚР мәдениет қайраткері белгісімен, КСРО-ның 8 медалімен марапатталған. Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.

 Меншікті тілші

1973 жылы Жезқазған өз алдына отау тігіп, жаңа облыс құрылғанда құрамына Қарағанды облысының бұрынғы аумағынан қазақ аудандары, өндірісті Жезқазған, Қаражал, Балқаш өңірлері өтіп кетті. «Орталықтың» оқырманы да, жаздырып алатын адамдары да азайды. Газет бұрын шалғайдағы Ұлытау – Жезқазған, Жаңаарқа – Қаражал және Қоңырат – Балқаш аймақтарында меншікті тілші ұстайтын. Меншікті тілші – өңірлерден жедел хат-хабар ұйымдастырумен қатар газетке жазылуды ұйымдастырып, үгіттейтін тірегі де. Сондықтан, 1974 жылдың жазында бізге редактор болып бекіп келген тамаша ұйымдастырушы, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚазМУ-дың журналистика бөлімінің оқытушысы болған Рамазан Сағымбеков ең алғашқы шаралардың бірі ретінде облыстың ендігі қалған өңірлерінен меншікті тілшілер институтын құруды қолға алды. Сөйтіп, алыстағы Қарқаралы және Егіндібұлақ аудандарынан тілшілер қосыны ашылды. Орыстанып бара жатқан, бірақ қазақтары да көп Нұра ауданында тілшіміз бұрыннан болатын, бұл міндетті көптен бері Дәулетбек Әкімбеков ағамыз атқаратын. Егіндібұлаққа аудандық газет аппаратынан газет редакторының орынбасары болып істеп жүрген тәжірибелі қызметкер Нескен Бейсенбеков, Қарқаралыға газет шығару ісінде ысылған журналист, аудандық «Коммунизм таңы» газетінің жауапты хатшысы Әбікен Бақтыбаев алынды.

Бөлімдерге бұл біршама жеңілдік болды.Дегенмен, үш тілшімізден түсетін хат-хабар үш түрлі еді. Дәулетбек ағай машинкаға басып, бипаздап салып шібереді. Бірақ сөйлемдері ора-шолақ, татарша жазған ба деп күлетінбіз. Қайрадан қорытып, машинкаға бастырып әуре болып жатамыз. Нескең қолмен әдемілеп жазып, салып жіберетін. Көп жыл партия, кеңес қызметінде болған, саяси сауатты. Құрғақ болса да жазғандарынан мін таппайсың. Әбекең болса бұрын Қарқаралы, Жезқазған аудандық газеттерінің редакторы болған кәсіби журналист, әр жанрға көсілте жазады. Беті-жүзіне қарамай сын материалдар жариялайды. Біздің өнеркәсіп бөліміне де қалам тербеп тұрды. Ол кезде Қарағайлы кен-байыту комбинаты дүрілдеп тұратын. Комбинат базасында кейін Талды ауданы ашылып, Әбекең екі ауданды кезек шарлайтын болды.

Әлі есімде, газеттің 1977 жылғы 5-мамыр – Баспасөз күнгі нөмірін жасап, макетін сызуды редактор бізге, жастарға тапсырды. Рахаң жастарды секретариаттың елегінен өткізіп алатын, мен секретариатта жауапты хатшының орынбасарымын. Қазіргідей емес, ол кезде қатардағы журналистің мерейтойына онша көңіл бөлінбейді. Әбекең 1-мамыр күні 50-ге толыпты деп естігенбіз. Бірақ көлемді материал дайындалмады. Редакторға барып, «сарай ақыны» атанып жүрген, бұрын айтыстарға қатысқан Кәртай Ермекбаев ағамызға өлеңмен құттықтау жаздырып, Әбекеңді суретімен жарқыратып 4-беттегі Баспасөз күніне арналған шағын топтаманың ішіне салып жібердік. Сондағы өлеңнің мәтіні мынадай:

Біздің Әбең келіп қапты елуге,

Ә-дегенде қиын оған сенуге.

Келбетіңе жарты ғасыр көбірек,

Тура келер жиырма бестен бөлуге.

Гүл жайқалған, сәтті сенің қадамың,

Жазған сайын қарыштаған қаламың,

Пәк көңілді, ізгі жүрек бір жансың,

Тілін тапқан үлкеннің де баланың.

Қырда жүрген шопандармен сырластың,

Диқандармен «Алтын дәнді»

жырластың,

Журналистік шыққан сайын сапарға,

Аты әйгілі жайсаңдармен сыйластың.

Шапшаңдығың іскерлікпен қабысып,

Жік жоқ хатта, келіп жатқан жарысып.

Бар жанрдың «фабрикасы» атандың,

Уақытпенен үзеңгі тең қағысып.

Әрқашан да асыл сөзден ағыл сел,

Риза болсын өңіріңе дүйім ел.

Жер шоқтығы кіндік кескен жеріңнің,

Орманындай жасара бер, жайнай бер.

Шынында да Әбекең үлкен-кішімен тіл табысып, шүйіркелесіп әңгімелесетін ізгі ниетті жан еді. Қашан кездессең де ақсары жүзі күлімдеп, өзіне еріксіз тартып тұратын. Өлеңмен құттықтау Әбекеңнің бүкіл бет-бейнесін ашып тұр. Осыдан кейін ол кісіні Баспасөз күні құттықтау «дәстүрге» еніп кетті. Әбекеңнің өзі де құлаш-құлаш мақтау мақаладан гөрі сол күнге арнап өзінің бір төл туындысын жариялауды ұнататын.

Алпыс жасқа толғанда (мен ол кезде жауапты хатшымын) шағын құттықтау келтіріп, «Бетпе-бет» деген деректі әңгімесін жарияладық. Әңгімеге Ұлы Отан соғысының ардагері, партизан жерлесіміз Бөпежан Иманқұловтың қан майданда кешкен оқиғалары арқау болған.

Жетпіс жасқа келер алдында тағы да шағын құттықтаумен шектеліп, «Сол бір күндерде» деген повесінен үзінді жарияладық. Сексен жасқа Әбекең төрт айдай жетпей, яғни, 2007 жылдың 9 қаңтарында қайтыс болды. Бірақ «Орталық Қазақстан» газеті туған күнін ұмытпай, қаламдас әріптесі Мақсым Омарбековтің Әбекеңнің бүкіл болмысын ашып көрсеткен «Ақырып теңдік сұраған» деген мақаласын жариялады.

Әбекеңнің ерліктері

Журналист, редактор Әбікен Бақтыбаев қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосқан әділ де айбатты қаламгердің бірі. Ол көптеген жас журналистерді тәрбиелеп, қатарға қосты. Қарқаралының аудандық газетінде 1947-1951 жылдары жауапты хатшы, 1954 жылдан редакторы болып істейді. Сол жылдары Қазақстанның халық ақыны Ғабдиман Игенсартов, белгілі қаламгерлер Айташ Омаров, Шаймаран Мезгілбаев, ғалым-публицист Рамазан Сағымбековпен қатар қызмет атқарады. Көп шәкірттерінің ішінен Мақсым Омарбековтің орны ерекше. Ол Әбекең туралы көп естелік қалдырған. «Қиянатқа қарсы күрестің басында Әбікен аға жүретін. Ол әділетсіздікке, мансапқұмарлыққа қарсы шыққанда арыстандай айбаттанып, жолбарыстай қаһарланып кететін, от жүректі, қайтпайтын қайсар жан еді. Оның адамгершілік тұғыры биік болатын. Кімге болса бетке айтатын, жағымпаздық пен жалтақтыққа жаны қас, қызғаныш пен іштарлықтан ада жан еді. Көп оқып, көп жазатын, жан-жақты білімдар Әбекең адамшылық, кісілік тұрғысында өз тұрғыластарынан әлдеқайда биік тұратын. Жасы келгенде ақсақал атанды, сонда да қайсар мінезінен тайған жоқ, сөзі де, өзі де күйкі адамдарға қол бермейтін. ..» ,– деп еске алады Мақаң.

Әбекеңнің қайсар мінезіне нақты дәлел ретінде «ұлтшыл» атанып, 1951 жылы он жылға сотталған, кейін ақталған, білімді азамат Рамазан Нәрешевті Қарқаралыда редактор болып істеп жүргенде редактордың орынбасары қызметіне жұмысқа қабылдауын айтар едік. Бұл туралы Р.Нәрешов өзінің «Өмір өткелдері» деген естелік кітабында ілтипатпен еске алады. Бір Нәрешев қана емес, болмашыдан жала жабылып, лагерь дәмін татқан Ұлы Отан соғысының ардагері, тамаша қаламгер Шаймаран Мезгілбаевты, сталиндік зұлмат тақсыретін тартқан, қаламы жүйрік журналист Гардерді де газет жұмысына тартыпты. Сол үшін талай таяқ та жейді. Ақыры Қарқаралымен қош айтысып, 1957 жылы Алматы жоғары партия мектебіне оқуға кетеді.

Партия мектебін бітіргеннен кейін Әбекең Жаңаарқа ауданының екі тілде шығатын газеттерінің редакторы болып тағайындалады. Қашанда жаңалыққа жаны құмар жаңашыл редактор Ә.Бақтыбаев мұнда да газет жұмысына тың леп әкеледі. Газетке жігерлі жас күштерді тартады. Кейін сол жастар арасынан белгілі ақын, жазушылар Қалиакпар Әбілдин, Бұқпа Әшімов, Ұзақбай Мұқышев, Марал Хасенов сынды қаламгерлер Әбекеңнің тәрбиесін көреді.

Марқұм Марал Хасен «Өзге емес, өзім айтсам…» деген естелігінде аудандық тұтынушылар одағында жүкші болып жұмыс істеп жүргенде, республикалық жастар басылымында жарияланып жүргенінен хабардар Әбекең оны әуелі корректор, сонан соң аудармашы ретінде жұмысқа қабылдап, ақыры жоғары білімі жоқ болса да жауапты хатшы қызметін бергенін ризашылықпен еске алады. Марал мұнан соң Ақадыр ауданының қос тілде шығатын газетін он бес жылдай басқарды. Белгілі аудармашы, публицист атанды. Міне, талантты тани білу деген осы!

Жаңаарқада жүргенде де билік Әбекеңнің соңынан шырақ алып түседі. Қайта-қайта комиссия жіберіп тексертеді. Бірде бірінші хатшы жіберген сондай комиссияны «Әнеукүні ғана тексергенсіңдер. Енді жұмысқа бөгет жасамай, қайқайыңдар»,– деп қуып жіберіпті. Бірақ 1969 жылы редакторлықтан кетуге тура келеді. 1970 жылдан бастап туған ауданының газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады.

Ал, Мақсымның басына қамшы үйірілген жылдары (желтоқсан оқиғасынан кейін) редакция партия ұйымы жиналысының төрағасы болып сайланған Әбекең «тентекті» ақтап, шешім шығарып береді.

Бұл анархия емес, бұл демократия, жариялылық, әділдік,– депті Әбекең аупартком хатшысына хаттаманы тапсыра отырып. Артынша сот Мақаңды қызметіне қайтарады.

«Біз сол Әбекеңді көріп өстік..»,– деп жазыпты мақтаныш сезіммен Мақаң. Осы пікірге Әбекең «Орталықтың» меншікті тілшісі болып он бес жыл (1975-1990жж.) жұмыс істегенде қатар жүрген әріптестері – біз де қосыламыз.

Деректі детективтің “атасы”

Көзі қарақты оқырман Әбекеңнің өзінен кейін көптеген мақала, очерк, фельетондар, ал тәуелсіздік жылдары аудандық газет пен Р.Сағымбеков негізін қалаған «Қарқаралы» журналында талай танымдық материал жазған қарымды қаламгер, публицист екенін жақсы біледі. Қарқаралы тарихының қадау-қадау белестері, атап айтқанда, 1921 жылғы қайғылы оқиға, Абай, Потанин, Пришвиннің осы өңірге келуі, Қаздауысты Қазыбек бидің мұралары туралы жазғандарын айтсақ та жеткілікті.

Дегенмен, екінің бірі Ә.Бақтыбаевтың қазақ әдебиетінде деректі детектив жанрын дамытуға елеулі үлес қосқанын біле бермейді. Ол «Сол бір күндерде», «Кек жолында» повестері мен «Тергеу аяқталды», «Қоғамдық тәртіп сақшылары» деген милиция қызметкерлерінің тапқырлығы мен ерлігіне арналған деректі очерктер жинағының авторы болып табылады. Қазақстан журналистер одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің конкурсында жүлделі екінші орынға ие болды. Одан бұрынырақ та милиция өмірінен жазған шығармалары жүлдесіз қалмаған. Бұл туындылардың көңіл құптарлық және елеулі әсер қалдырарлық жағы сол, әңгіме-очерктерде қиялдан туған, ойдан шығарылған жайттар емес, нағыз өмірдің өзінен алынған оқиғалар сөз болады.

«Тергеу аяқталды» жинағына енген «Тойланбай қалған неке» деген очеркінде милиция майоры Әлімжан Кәріпбаев басқаратын оперативті топ (Нұра ауданы) күйеуін жауыздықпен өлтіріп, денесін ауыр тас байлап, қара суға батырып жіберген әйел мен оның көңілдесінің қылмысын қалай ашқандығы жазылады. «Қашқын Қатпа» очеркінде милиционер жерлесіміз подполковник Мекежан Нілдібаевтың соғыс жылдары елдің мазасын кетірген баукеспе, жылпос Қатпа деген қашқынның қалай құрықталғаны туралы нанымды әңгіме шертіледі. «Сайыпқырандар» деген очеркте облыстың селолық аудандарында қызмет атқарып, тыныштық күзетінде тұрған Қабди Смағұлов, Бейсен Аманжолов, Ақан Сіргебаев (Осакаров ауданы), Имаш Ысқақов (қазіргі Бұқар жырау ауданы) сынды милиция ардагерлерінің тынымсыз, жауапты жұмыстарының кейбір сәттері баяндалады. Ал «Тергеу аяқталды» деген очерктің сюжеттік желісі Қарағайлы кенті мен Қарқаралы ауданының кейбір совхоздарында болған оқиғаларға негізделген, бас кейіпкері – милиция майоры Айтымақ Ыбыраевтың тапқырлығы, ұстамдылығы, байсалды мінезі суреттеледі.

Тағы бір әңгімесінде Әбекең өлген адамның (даладағы дәретханаға тастап жіберген) қалтасынан табылған автобус билеті арқылы қылмыскердің қалай табылғанын жазғаны есімде. Осы күнгі кең тараған детектив жанрындағы кинофильмдерге сюжет боларлық шығарма емес пе?!

Әбекең, міне осындай шығармашылық табыстарымен ел аузында қалған қаламгер. Қазақ тіліндегі деректі детектив жанрының «атасы» деуге де болады.

Тірі болса осы күндері Әбекең тоқсанға толған торқалы тойын балалары мен немере, шөберелерінің арасында тойлап отырар еді. Ол кісі жұбайы, ұлағатты ұстаз Зүпимен бірге екі қыз, үш ұл тәрбиелеп, үлкен отбасының ұйытқысы бола білді. Қарқаралыға бара қалғанда Әбекеңнің үлкен шаңырағына бас сұғып, сәлем беріп кететінбіз. Бір қызығы, үлкен қызы Дана орыс тілі және әдебиет мұғалімі, Гүлнар математика мұғалімі (қазір Жайремде мектеп директоры ) болса да, екеуі де әке жолын қуып, газет ісіне жиі араласып тұрады. Бұл үйде талай рет зиялы қауым өкілдері келіп, ат ізін салып тұрған. Әбекеңнің ұрпақтары қанат жайып өсіп келеді. Ал оның өшпес мұралары, тынымсыз журналистік қызметі кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге болуы тиіс.

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button