ПоэзияРуханият

Дидаргайып (поэма)

Аяулы анам Тілеухор Қапасқызына арнаймын

ПРОЛОГ

Жиырма деген толмастан жасқа толық,

Қара бұлты қайғының басқа төніп.

Жас ана отыр қан жұтып, зар еңіреп,

Егілгенде етегі жасқа толып.

 

Жас ана отыр жүрегін тіліп қайғы,

(Ұқпаса оны тас жүрек, сұм ұқпайды)

Жүрегіне жазылмас жара салған,

Мәңгіге енді бұл күнді Ол ұмытпайды.

 

Тауқыметті талайлы тағдырына,

Тірі жанға тән заттың барлығына,

Қарғыс айтып егіліп, жас ана отыр,

Білесің бе неге үні зарлы мына?

 

Білесің бе неге енді Ол езіледі?

Бәрінен де баз кешіп, безінеді?

Жиырмаға жаңа жеткен жас арудың,

Өмірден түңілетін кезі ме еді?

 

Жүрегі неге енді оның қайғы алаңы?

Неліктен шырқамайды жайдары әнді?

Шаттығын ұрлаған кім тымық күнде,

Баяғы шат күлкісі қайда қалды?

 

Қайда қалды бал күні тамаша әлгі?

Неге сонша аспаны аласарды?

Неліктен тағдыр оны қырына алып,

Жүрегіне жазылмас жара салды?

 

Өзегіне өрт түсіп,

Тырнап қайғы,

Жанын неге нала-мұң құндақтайды?

Қабырғасы қайысып,

Жанарының

Жасын неге бір сәтке құрғатпайды?

 

Білесің бе сен оны тауым, далам?

Неге сонша күйреді сауында адам?

Білесің бе сен оны?

Мен білемін.

Бірақ оны еске алу ауыр маған.

 

Әжім түсіп әп-сәтте гүл өңіне,

Қайғы-қанжар қадалып жүрегіне,

Білесің бе неліктен зар иледі Ол,

Қасіреттің қамалып түнегіне?

 

Не себепті таусылып төзімі енді,

Үмітін үсік шалып, сезімі өлді?

Білесің бе?

Білмесең мен айтайын,

Мен айтайын құлақ ас сөзіме енді.

 

І

Бетінен жел де қақпаған, көрмеген жасып көңілі,

Бір үйдің ерке қызы еді, ертегі сынды өмірі.

 

Ертегі сынды өмірі болатын толы ғажапқа,

Жаны да тыныш. Кешпеген қиындық, қорлық, азап та.

 

Әке мен ана қасында көрмегендіктен таршылық,

Кетпеген еді ол кезде бойынан еріп қарша үміт.

 

Қолтықтан демеп үміті, жетелепарман қияға,

Бой жеткен еді алаңсыз аяулы алтын ұяда.

 

Алаңсыз алтын ұяда бой жеткен өжет қыз еді,

Деседі оған еліктеп,талай қыз бойын түзеді.

 

Тұрады екен алдында міңгірлеп, шықпай сөзі анық,

Тілдерін жұтып қойғандай бозбала біткен бозарып.

 

Қараған жанның еркін ап, жанарын байлап ажары,

Үнемі ауа беріпті ел-жұрттың оған назары.

 

Он беске жасы жеткенше ешкімнің жетпей батылы,

Аңыз боп тарап кетіпті ажары менен ақылы…

 

…Күндердің күні аулына жоқ іздеп келіп бір “бала”,

Үйінен сусын ішіпті. Қарапты сонда Ол ұрлана.

 

Қарапты сонда ұрлана жігітке тілеп жеңісті,

Өйткені ол бір жас екен жігерлі, отты, келісті.

 

Бөлектеу екен өзгеден қырандай отты жанары,

Бозбала екен өзімен шамалас әрі саналы.

 

Ұғысып іштей екеуі, бір-бірін сонда-ақ ұнатып,

Жүректерінде бір сезім сала беріпті бүр атып.

 

Үйлесім тауып жандары, шақырып арман екеуін,

Сезімдерінің сезіпті тамшыдай таза екенін.

 

Жанарымен-ақ серттесіп, қауышып қызбен ақ маңдай,

Жігіт те атқа қоныпты іздеген жоғын тапқандай…

 

ІІ

Айыртастың аялап, ақ таңдары арайлы,

Асқарлары көк тіреп, маңғаздана қарайды.

 

Ақ селеуі қырлардың ақ самалмен ырғалып,

Туған жердің обалар тыныштығын тұр бағып.

 

Жалбарынып Тәңірге, жайып бұтақ – қолдарын,

Тал – қайыңдар тілейді оталмауын орманның.

 

Сайын дала керіліп, айқара ашып құшағын,

Тыңдайды елтіп сан алуан құйқылжыған құс әнін.

 

Туған жердің еркесі асыр салып бұлақтар,

Қаңбақ біткен қаңғып жүр орын таппай тұрақтар.

 

Жұпары аңқып жусанның, бойы балқып шіліктің,

Нұрын төгіп қарайды, тас төбеден күліп күн…

 

…Жанарды арбап алыстан, көзге бірден шалынып,

Жалғыз үй тұр жапанда күн нұрына малынып.

 

Көрік беріп далаға, самал желпіп түндігін,

Асқақтайды ақ отау, бойға жиып күн нұрын.

 

Ақ отаудың иесі – баяғы ынтық қыз –жігіт,

Бас құраған ғашық боп, бір-біріне үздігіп.

 

Сол отаудың ақерке күйі болып шертіліп,

Екі ұл, бір қыз өсуде берекесін келтіріп.

 

Үш баланың қылығын, қызықтаумен үндерін,

Өткізуде екеуі ең бақытты күндерін.

 

Зияны жоқ олардың адам түгіл құсқа да,

Бар байлығы – ошақтың үш бұтындай үш бала.

 

Үлкені Әлтай жас шыбық, төртке де әлі жетпеген,

Әке менен ананың саясында көктеген.

 

Бекзадалық байқалып әлден балаң үнінен,

Тартып туған әкеге мінезімен, түрімен.

 

Ортаншысы Бақшагүл жаңа толған екіге,

Еркесі де сол үйдің, жел тимеген бетіне.

 

Тұлымшағы желбіреп, күн нұры ойнап көзінде,

Анасынан аумайды дәл қазірдің өзінде.

 

Үш баланың кенжесі бесік жырсыз жатпаған,

Қалтай болса – алты айлық, буыны әлі қатпаған.

 

Ақ отаудың еңселі, Бақ күзетіп есігін,

Ер жетуде күн санап Қызыр тербеп бесігін.

 

Үшеуінде сол үйдің мерекесі, ажары,

Үшеуінде сол үйдің берекесі, базары.

Ата-анадан алаңсыз бойға қуат жиі ала,

Қанаттанып келеді үш балапан ұяда…

 

III

Тамыздың тамылжыған тымық таңы,

Дидарын дүниенің құбылт кәні.

Көңілін кір шалмаған ата-ана үшін,

Баласының жанға азық қылықтары,

Баласынан басқаның ұмыт бәрі.

 

Алпамыстай алысар сан алыппен,

Қашан да ұлдан ерлікті дала күткен.

Адам аз ба өмірде жылдар бойы,

Жаратқаннан жалынып бала күткен.

Өміріне өң берер баурындағы –

Баласымен бақытты ана біткен!

 

Сар далам!

Сағым далам!

Сайын далам!

Күнің де есен, көктегі айыңда аман.

Топырағыңда келеді тамыр жайып,

Білместен мұң, қасірет жайында адам.

Бақыттан басы айналған екеуіне,

Алда қандай сыйың бар дайындаған?..

 

IV

Жас ананың жетелеп сенімі алға,

Күндер өтіп барады керіп арна.

Азаннан жанына алғау үш баласы,

Сүйенері, сенері – ері малда.

 

Ері малда.

Қоғамның жұмысында.

Тәубе” дейді Тәңірдің бұнысын да.

О бастан-ақ тәубешіл елемес пе ек,

Малдан тапқан береке, ырысын да.

 

Туған жердің аялап еспе желі,

Үшеуінен аямай ештеңені,

Күн кешуде жас ана.

Ері болса,

Ерте өргізіп отарын, кеш келеді.

 

Кеш келеді өрістен малын айдап,

Жанарында жастықтың жалыны ойнап.

Ананың еншісінде ұрпағының,

Тыныштығын күзету, қамын ойлап.

 

Селкеу түспей сезім мен бірлігіне,

Күн сығалап қарайды түндігінен.

Әйтеуір ырза екеуі сүтше ұйыған,

Осынау мамыражай тірлігіне.

 

Тыныштықтың көлінде мамырлаған,

Қорған бол енді екеуге тауым, далам.

Сыйласын ағарған таң жақсылығын,

Қимасын жамандығын жауың да оған.

Қыз да асыл.

Жігіт те асыл.

Асыл бәрі.

Жайқалсын көңілінің жасыл бағы.

Тек қана көп көрме Алла екеуінің,

Бармақтай бағын осы басындағы…

 

V

…Бүк түсіп әлденеге тіленіп қыр,

Аспан бүгін азаннан түнеріп тұр.

Булығып, өксік қысып жылай алмай,

Бұлттар көкте көшуде үдеріп құр.

 

Бәрі де былай қалып күндегінің,

Тал-қайыңдар шағады күнге мұңын.

Бір сұмдықтың боларын іші сезіп,

Бұлтпен жүзін бүркейді Күн де бүгін.

 

…Бүгінгі күн қыр кезіп, ойға барып,

Күші ананың сарқылды бойдан анық.

Отарға ере алмас” деп тастап кеткен,

Ауылдағы бес-алты қой жоғалып.

 

Азанда қырға қарай беттеп еді,

тезірек табылса екен” деп келеді.

Үш баласын кетерде үйге қамап,

Сырттарынан бекітіп кеткен еді.

 

Кеткен еді бекітіп сырттарынан,

Отауына ордалы құт дарыған.

Үшеуінің жағдайы не күйде екен,

Бейхабар-тын мүлде олар сырттағыдан.

 

Жеке тастап көрмеп ед бүйтіп әлі,

Жүрекке енді мұңлы бір күй тұнады.

Бесікте тәтті ұйқының құшағында ед,

Тұрды ма екен Қалтайы ұйқыдағы?

 

Келеді ана алаңдап ошағына,

Ондаған ой басына ошарыла.

Ай-күннің аманында мал жоғалтып,

Қандай жауап қайырмақ қосағына?

 

Қандай жауап қайырмақ енді еріне?

Ақылының симайды шеңберіне.

Үйде қалған үшеуін есіне алса,

Ойы ортадан қалады тең бөліне.

 

Әншейінде жадырап төккен нұрын,

Күн де бой көрсетпеді көктен бүгін.

Ойларымен алысып білмеді ана,

Ауылдан қалай ұзап кеткендігін.

 

Санасынан бір мезет сырып малды,

Қырға шықты жөн көріп тыныққанды.

Сол сәтте… шыққыр көзі отқа оранған,

Үйін көріп сілейіп тұрып қалды.

 

Құдайым-ай, (тұратын қарап көктен),

Қай жерден?..

Қалай?..

Қайтіп ағат кеткен?

Еңісте жатыр үйі отқа оранып,

Үш бірдей балапанын қамап кеткен.

 

Көз жасы етегіне толып… ағып,

Жүрегін қасіреттің тоңы қарып.

Байғұс ана үкідей ұшты үйіне,

Шырылдап, қос өкпесін қолына алып.

 

Қос жанары жас төгіп, тілі нала,

Тау мен тасты жаңғыртып үні дара.

Жан ұшырып жұртына жеткен кезде Ол,

Киіз үйдің қалған-ды күлі ғана…

 

ЭПИЛОГ

Жиырма деген толмастан жасқа толық,

Қара бұлты қайғының басқа төніп.

Үш баласын от отап жас ана отыр,

Егілгенде етегі жасқа толып.

 

Жас ана отыр жүрегін тіліп қайғы,

(Ұқпаса оны тас жүрек, сұм ұқпайды)

Жүрегіне жазылмас жара салған,

Мәңгіге енді бұл күнді Ол ұмытпайды.

 

Дидары ғайып болып үш баланың,

Басынан бағы сәтте-ақ ұшты ананың.

Қапын тапса қылтадан қырқып түсер,

Өмір деген жүзі екен ұстараның.

 

Басындағы бар бағын шер үптеді,

Әжім түспей қайтеді көрікке енді?

Қан жұтып, зар илеген ананы аяп,

Аспан да көз жасына ерік берді…

Ілияс МҰҚАЕВ,

Республикалық Бұқар жырау, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев

атындағы әдеби сыйлықтардың иегері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button