Қарағанды

Деректерден сыр тартқан

     Ұлттық санамызды жаңғыртуға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес қазақтың тарихы мен тарихнамасына қатысты қаншама ақтаңдақтар ашылып, мұрағат түпкірінен көне жәдігерлер жарық көрді. Кәсіби ғалым тарихты шынайы тарихи деректерді жан-жақты зерттеу негізінде жазады. Осы орайда ҚарМУ-дың тарих факультетінде XX ғасырдың 80-ші жылдың ортасынан бері ұстаз болып жұмыс атқарып келе жатқан Ләззат ШОТБАҚОВА ұлттық деректерімізді тануда зор еңбек атқарып келеді.

Ол студент жастарға деректану, тарихнамамен қатар, теориялық-методологиялық дәрістерінде «қоғамның өткенін» тек тарихи деректерді сыни талдау арқылы ғана зерттеп білуге болатынын үнемі түсіндіріп келеді. Тарих факультетін бітіріп, туған университетінде оқу, тәрбие және ғылыми жұмыстар жасап жүрген жанның өмірі ұрпаққа өнеге. Өйткені, Ләззат Қасымқызы кәсіби тарихшы, нағыз педагог, ғалым. Ол 1991 жылы Мәскеу университетінде аспирантурада оқып, Қазақстандағы «1917-1941 жылдардағы қоныстандыру және жергіліктендірудің ұлттық аспектісі» тақырыбында диссертациясын 1995 жылы қорғап шықты. Диссертация тақырыбы – отандық тарихтың өзекті мәселелерінің бірі. Кеңес үкіметінің Қазақстандағы қоныстандыру және жергіліктендіру деген саясатының түпкі мақсатына алғаш рет объективті түрде баға берген отандық тарихшылардың алғашқыларының бірі. Еңбекте өте мол архив деректері талданған, олардың көпшілігі ғылыми айналысқа бірінші рет енгізілген. Автордың терең зерттеп жүрген проблемаларының бірі – «XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектері Қазақстан тарихының дерегі». Осы саладағы зерттеулерде 40-тан астам мақаласы бар. Автор қазақ зиялыларының еңбектеріндегі Қазақстан тарихының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы құнды деректерді талдайды. Солардың ішінде Ә.Бөкейхан, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, тағы басқа қазақ зиялыларының Қазақстанның саяси өміріндегі рөлі туралы толық талдау жасаған. Сонымен қатар, автор «Қазақстан тарихы көне дәуірден бүгінге дейін» (орыс тілінде) атты еңбектің ішінде Қазақстанның азамат соғысы жылдары мен соғысқа дейінгі кезеңін толық объективті түрде сипаттап жазды. Ғалымның Мәскеу университетінде оқыған кезде алған теориялық-методологиялық білімінің тереңдігі – оның әрбір мақаласында байқалады және олардың Қазақстан тарихнамасындағы ғылыми құндылығы дау туғызбайды. Бүгінде ғалымның 100-ден астам еңбектері жарық көрген. Ол «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Сарыарқаның ұлы азаматтары», «Вклад женщин центрального Казахстана в развитие региона (30-90-е годы XX века)», «Алаш арыстары: ой-толғау», «Әлихан Бөкейхан – ұлт мақтанышы», «Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасы (1991-2016 жж.)» деген қазақша, орысша, ағылшынша шыққан еңбектердің авторларының бірі. Сонымен қатар, ол студенттерге арналған «Көмекші тарихи пәндер» деп аталатын оқу-құралының авторы. Бұл еңбек Қазақстанда қазақ тіліндегі бірінші оқу-құралы болып табылады. Ұстаз-ғалым Отандық тарихтың жаңа және қазіргі дәуірі, деректану және тарихнамасына арналған бірнеше электрондық оқу-құралдарын шығарды. Қазақстан республикасының Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен 2009-2010 жылдары 8-ші сынып оқушыларына арнап «Қазақстан тарихы» оқулығын ұжымдық авторлармен бірлесіп шығарды. Оның жетекшілігімен үш жас ғалым кандидаттық ғылыми жұмыстарын сәтті қорғап, бүгінде тарих ғылымдары кандидаты атақтарын алды. Әмбебап ғалым-ұстаз Ләззат Қасымқызы заман талабына сай магистранттар үшін «Әлемдік интеграция және жаһандану» деп аталатын үлкен проблемалық дәрісін ағылшын тілінде оқиды. Өнегелі ұстаз өзінің теориялық-методологиялық білімін үнемі жетілдіріп жүреді. 2013-2015 жылдары аралығында ол Евро Одақ ұйымдастырған «TEMPUS TUCAHENA» халықаралық білім беру жобасы аясында білімін жетілдірді. Бұл жобаға Италия, Испания, Бельгия, Швеция, Словения және Орталық Азияның бес ірі жоғарғы оқу орындары және білім, ғылым министрліктері қатысты.

Ләззат Қасымқызы оқу, білім беру, ғылыми зерттеулер жазумен қатар, 1998 жылы тарих факультеті деканының орынбасары және 2004-2007 жылдары арасында тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Бұл жұмыста да ол өзінің іскерлігін, жоғарғы адами қасиетін көрсете білді. Ол басшылық жасаған уақытта тарих факультеті оқуда, тәрбие жұмысында және ғылым саласында үлкен жетістіктерге жетті. Жас маман тарихшылар аспирантураға оқуға түсіп, ғылым кандидаттары атанды. Басшы ретінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету арқылы ұжымның құрметіне бөленді. Ғалым ретінде «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде Ләззат Қасымқызы Қазақстан тарихшылары Ассоциясының, «Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 40 жылдық» медальдарымен және «ҚарМУ-дың еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Кеңестік дәуірде мектеп, жоғарғы оқу орнын және аспирантураны орыс тілінде бітіргеніне қарамастан, Ләззат Қасымқызы ана тілінде және ағылшын тілінде еркін сөйлейтін ғалым. Индиядағы Дж.Неру атындағы университетте өткен «Орталық Азия XXI ғасырда» деген халықаралық конференцияда ғалым өз баяндамасын ағылшын тілінде жасап, Орта Азия және Еуропа ғалымдарының ішінде ерекше көзге түсті. Ол кісімен ғылыми конференцияларда, пікір-сайыстарда кездесіп, отандық тарихтың өзекті мәселелері туралы пікір алмасудың өзі бір ғанибет.

Сонымен қатар, қазақтың халық әндерімен бірге орыс романстарын да нақышына келтіріп орындайды. Ғалым-ұстаз отбасында кенже бала болса да, бүгінде ол бүкіл әулеттің қамқоршысы, ақылшысы ретінде сый-құрметке ие. Кешегі шәкіртім, бүгінгі әріптесім, ғалым, ұстаз Ләззат Қасымқызын мерейтойымен құттықтап, ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілейміз.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу

орталығының директоры.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button