Ресми

Делдалдардың дәурені жүріп тұр

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы күйіп тұр. Ал, ол бағаны қойып отырған – жеке кәсіпкерлер. Тауар бағасын көрсетілген тауарлық үстемеақыдан асыра саудалап, қымбатшылықты қолдан жасауда. Осы мақсатта жыл басынан бері Қарағанды ​​облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Мамандар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, 2 кәсіпкерлік субъектіге 258 750 мың теңге айыппұл салды. 18 кәсіпкерге ескерту берген. Одан бөлек, бір іс бойынша екі тарап өзара татуласып, тағы бір іс бойынша зерттеу кезінде Департамент мамандары заң бұзушылық болмағанын анықтады. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Сахариева мен Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бас маманы Еркін Балмағанбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Тұтынушылардың арыз-шағымының басым бөлігі – тұрмыстық қызмет көрсету, жиһаз өндірісі мен пластик терезелерді орнату қызметіне байланысты. Яғни, тұтынушы сатып алған тауарынан өзі қалағандай нәтиже ала-алмаған. Ұсынылыған қызмет кезінде қызметкерлер өз міндетіне салғырт қараған. Осындай келеңсіздікке тап болғаан тұтынушылар департаментке шағым түсірген. Мамандары жыл басынан бері түрлі орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жұмыстарын жүргізіп, 5 кәсіпкерге ескерту жасады. Тағы 5-еуіне айыппұл салынып, 767 500 мың теңге өндірілді.

Тексеру жұмыстары кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көрсетілген тауарлық үстемеақыдан асырып саудалаған 12 кәсіпкер анықталып, ескерту берілді. Одан бөлек, рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасынан асырып сатқан 1 кәсіпкерлік субъектіге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

– Электрондық коммерция және тұрмыстық қызмет көрсету кезіндегі заң бұзушылық жиі орын алады. Сонымен қатар, бөлшек сауда бойынша да тұтынушылардан үнемі шағым түседі. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің көбі сатып алған тауарыңды кері қайтарудан бас тартып жатады. Тұтынушылар өнім сапасына, тауар қаптамасына қатысты бұрмалану, кәсіпкерлердің тауардың сатып алғандығын растайтын құжаттарды ұсынбауы жиі кездесіп жатады. Талап қою және сот ісі  бойынша Департамент талап қоймайтын үшінші тұлға ретінде 30 сот отырысына қатысты. Оның ішінде сот тұтынушылардың пайдасына 19 шешім шығарып, 6 істі екі тараптан өзара мәмлеге келістірді. Ал, 5 іс бойынша шағымданған тұтынушылар сот залында арызын қайтарып алды, – деді Әсел Болатқанқызы.

Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер дүкендеріне «Тауар кері қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деген жазумен тақтайша іліп қойған. Сонымен қатар, тек дүкен емес, мұндай жағдай дәріханаларда да жиі тіркелуде. Ал, мамандар жеке кәсіпкерлердің бұл әрекетін «Заңсыз» деп отыр.

– Егер мұндай жазудағы тақтайшаларды көрсеңіздер, дүкен немесе кәсіп иесінен қай заңға негізделіп жазылғанын сұрау қажет. ҚР тұтынушылардың құқығын қорғау заңының 30 бабына сәйкес келуі шарт. Яғни, заңға сәйкес қандай тауарлар қайтарылмайды? Қайтарылмайтын тауарлардың атын атап, түсін түстеп қоятын болса – заңды. Егер жай ғана тақтайша іліп, заңда көрсетілгендей толық жазбаса бұл тұтынушының азаматтық құқығын бұзғандығы. Мұндай оқиғаға тап болсаңыздар кәсіпкердің атына шағымданып сотқа жүгіну қажет. сотқа шағымданған уақытта кәсіпкер әлгі тақтайшаны алып тастаса, сотқа дейінгі шағым жаза аласыз. Сіздің шағымға кәсіпкер 10 күннің ішінде жауап қайтару қажет. Егер қайтарылмаса шағымды департаментке жолдайсыз. Департамент қызметкерлері кәсіпкерге тиісті шара қолданады. Ал, дәріхана мәселесі де дәл осындай. Кері қайтарылмайтын дәрі немесе түрлі медициналық құрылғылар бар. Дәріханадағы мамандар да ҚР тұтынушылардың құқығын қорғау заңының 30 бабына сәйкес қайтарылмайтын дәрілердең немесе құрылғылардың тізімін көпшілік назарына қоюы қажет, – дейді Еркін Салауатұлы.

Қазіргі таңда интернет арқылы түрлі сайттардан әртүрлі тауар тапсырыс беретіндердің саны күрт өскен. Осы тұрғыда дүйім жұрттың көкейінде «өзім туралы ақпараттарды толыру қажет пе?» деген сұрақ туындайды.

– Тапсырыс беруші тапсырыс бермес бұрын дүкеннің атын және кімге тапсырыс беріп жатқандығы туралы толық ақпарат білу қажет. Әрі ақша жіберетін шотын тексеріп алу міндетті. Ұялы телефоны, тіпті, пошта жәшігінің логиніне дейін алу қажет. Сонымен қатар, тауардың астында жазылған түрлі пікірлерге көз жүгіртіп шыққан жөн. Қазіргі таңда интернет алаяқтарының құрығына түсіп қалғандардан арыз көп. Мысалы, ұялы телефонға тапсырыс берсе, орнына басқа дүние келіп тұрады. Сондықтан, қандай жағдай болмасын тапсырыс беріп жатқан дүкен жайлы толық ақпарат біліп алыңыздар. Тауарды алғанда видеоға түсіріп алуға кеңес беремін. Себебі, бұл сіз үшін де, біз үшін де – айғақ, – деді Әсел Болатқанқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button