Жаңалықтар

Даналық бойтұмары

Ұстаз! Ұғым іздегенге бұл сөздің өзі көп мағынамен сабақтасары анық. Өйткені, халқымыздың алтын айдарлы ұлдары мен тұлымы  желбіреген  қыздарын  оқытып,  тәрбиелеу міндеті  ұстаздарға  тапсырылған.  Ұстаз! Ұғым іздегенге бұл сөздің өзі көп мағынамен сабақтасары анық. Өйткені, халқымыздың алтын айдарлы ұлдары мен тұлымы  желбіреген  қыздарын  оқытып,  тәрбиелеу міндеті  ұстаздарға  тапсырылған.  Сол аманатқа мол  жауапкершілікпен қарап, бар ғұмырын педагогика ғылымын дамытуға арнаған ұстаздың бірі һәм бірегейі – Ләззат Бәйішқызы. Бірнеше буынның ұлағатты ұстазы болып,  аты аңызға айналған ұстаздың дара еңбек жолы толағай табыстарға толы.Ұстаздық жолында еңбек еткен 60 жыл ішінде ол күрделі де күрмеулі кезеңдерді қазақ қызына тән қайсар қалпымен еңсере алды. Өзінің көл-көсір білімімен, терең танымымен ерекшеленді.Қарқаралы қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде басталған ұстаздық қызмет жолы Қарағандыдағы №2 мектеп-интернатында,  №41 мектепте  жалғасқан жылдары өз ісін жан-жақты терең меңгерген ізденімпаз мұғалім ретінде жаңашылдықпен, шығармашылықпен аянбай тер төкті. Ләззат Бәйішқызы 40 жылдан астам уақыт Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта үздіксіз қызмет етті.  Ұстаз Ләззат апайдың өмір белесінің биігінен қарасақ, бүгінгі заманауи осы білім ошағын орнатуда оның дарабоздық келбетінің айшықтала түскенін көреміз. Мұғалімнің  талғампаз, ой-өрісі кең, жауапты да жігерлі болуын уақыттың өзі талап еткен сол заманда жоғары жетістіктермен  биіктен көріне білді. Дарынды балаларға арналған мектептің даму үрдісіне енгізген жаңалықтары мен тың бастамалары талай жемісті жеңістерге жеткізді.  Шебер ұстаз  қолданған әдіс-тәсілдердің нәтижелі екендігі іс-тәжірибе барысында дәлелденіп отыр. Бірнеше әдістемелік нұсқау кітаптардың, мақалалардың авторы, озық іс-тәжірибесі республика көлемінде кеңінен таралып жатты. Жүрегі «Отаным, Қазағым, Тілім» деп соғатын ұлтжанды ұстаз шәкірттерін кәусар әдебиетімізбен сусындатып, Мағжанның жауһар жырларына, Абайдың дана ойларына, Сәкеннің сырлы лирикасына тәнті ете білді.  Өзі де  Абайдың өлеңдерін өмірлік ұстанымы етіп, әлі күнге дейін осы тұлғалардың мұраларын  жатқа оқитындығына еріксіз таң қаласыз.Сол толағай еңбектері, талап-талпыныстары бағаланып, мекеме басшысы Есентай Әшімовтің қолдауымен ашылған Л.Бәйішқызы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу  зертханалық кабинеті республика, облыс ұстаздарының  тәжірибе алаңына айналды. Ұлы Абай айтқандай, «көрсем, білсем деген  жан құмарлығын» серік еткен әрбір балғынның талабын ұштап, қиялына қанат бітіре алған ұстаздың еңбегі еселі, мәртебесі биік.Білім жолының нұрлы болашағына қаймықпай қадам басқан ұстаздың еңбегі еленіп,   «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері», «Оқу-ағарту ісінің үздігі» атанды.Өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратқан жүрегі жылы, көңілі дархан адамның есімі 1977 жылы КСРО-ның Құрмет кітабына, 2009  жылы «Арқа арулары» кітабына және  «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енгізілген.Сонымен қатар, «Қазақстан  Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісінің,  «Әдіскер  мұғалім» медалінің, «Ы.Алтынсарин» белгісінің және Қарағанды облысы әкімінің 1 000 000 теңге сыйлығының иегері атанып, ұлт мақтанышына айналып отыр.«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, Ләззат апайдың өнегесінен сусындап өскен талай өркен әр салада абыройлы еңбек етіп, еліміздің өркениет жолына түскен заманында мемлекеттің дамуына үлес қосып жүргені белгілі.  Атап айтар болсақ, Серік Ақылбай 2005 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Мәди Бексұлтанов техника ғылымдарының кандидаты, Ғазиз Мағзұмов медицина ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, елімізге танымал режиссер Ақан Сатаев. Осы қатарды әрі қарай жалғастыра беруге болады.Ел мүддесін қара бастың қамынан жоғары қойған ұстаз шәкірттердің ғана емес, тұтас қоғамның құрметіне лайық.   Сондықтан да, ұрпаққа білім беруді  нысаналы мақсат еткен ардақты жанның Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз деп білеміз.  Білім беру саласымен біте қайнасқан өнегелі еңбек жолында қоғамдық мәселелерді де көтере білді. «Латын әліпбиі біздің қазақтың тілін сақтауға тікелей ықпал етеді. Тіл – халықтың келешегі» деп латын қарпіне көшудің тиімділігі мен маңыздылығын Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ  айтқан болатын. Алысты болжаған тағылымды ұстаздың осы жанашырлық тілегі қабыл болып, бүгінде Елбасымыздың бастауымен халық санасын жаңғырту, ұлттық бірегейлікті сақтау, түркілік тұтастыққа ұмтылу, әлемдік ақпарат кеңістігіне енудің жолы ретінде латын әліпбиіне көшу қолға алынды.Қазақ  топырағында дүниеге келген әрбір баланың бойында «Туған жер – Отаным» деген қасиетті ұран осындай ұстаз нәрімен толысып жатса, көпшіліктің біртұтас арманын жүзеге асыратын бір ғана арналы кәусар бұлақ болары анық.  Сондықтан, таңғажайып тағылым иесі Ләззат Бәйішқызы шәкірттеріне халқының тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры ретінде қарап, зор жауапкершілікті терең сезіне білді.Ұлағатты ұстаз, білікті тәлімгер, шуақты ана Абайдың  бес асылын таныту, «Толық адам» бейнесін қалыптастыру жолында адамгершілік қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіруден жалыққан емес.Сонау жетпісінші жылдары Қарағанды облыстық  мұғалімдер білімін жетілдіру институтының (қазіргі  «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ) қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің жетекшісі Бақытжан Базарбайқызының жетекшілігімен Ләззат Бәйішқызының іс-тәжірибесі республика көлеміне таратылуы – ұстаз еңбегінің құндылығын көрсетсе керек.Ләззат апамыз ҚарМУ-дың филология факультетінде әдістемелік бағытта дәріс те берді. Өзі қызмет атқарған Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының кезінде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке  айналуына да Ләззат Бәйішқызы септігін тигізген болатын. Сол кездегі мектеп директоры, физика ғылымдарының кандидаты Қ.Ахметкәрімовтың қолдауымен осы мектеп  ҚарМУ-дың филология факультетінің студенттеріне тағылымды тәжірибе алаңына айналды. Сонымен бірге, ақындар мектебінің қалыптасуына ықпал етіп, талай дарынды жастардың қаламын ұштаған болатын. Ұлағаты мол ұстаздың ерен еңбек жолындағы ұстанымы қазіргі Елбасының  ұрпақты отаншылдық, ұлтжандылық рухында тәрбиелеуді мақсат еткен – «Мәңгілік Ел» идеясымен астасып жатыр. Осындай ұстаздардың өнегесі жоғары патриоттық сана-сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде талай асыл армандарды алаулатуға септігін тигізері сөзсіз.Ұлттық рухтың үндестігін  бүкіл еңбек жолына темірқазық ретінде ұстанған,  өмір бойы Абайды пір тұтып, М.Әуезовтен дәріс алған Ләззат Бәйішқызы бүгінде торқалы 90 жасқа толып отыр.Қаһарман жазушы Б.Момышұлы: «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген емес пе? Ұстаздық деген ұлы істі қандай да бір лауазым,  атақ-дәрежеден жоғары қойып, бейнеттен рақат тауып, бар тірлігін сол жолға бағыттаған Ләззат апайдай  ұлағатты ұстазға бас иіп, бүгінгідей мерейлі мерекесімен  шын жүректен құттықтаймыз. Денсаулығы мықты болып, отбасында мәуелі бәйтеректей жайқалып, шаттыққа және шәкірттерінің ыстық ықыласына бөлене беруіне тілекшіміз. Сөз соңын Ләззат Бәйішқызының немере шәкірті, ақындардың кейінгі буын өкілі, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қайрат Асқаровтың өлең жолдарымен түйіндесек.Данасың өміріме бағыт берген,Дарасың көңіліме жарық берген.Өзіңдей ұстаздарда арман бар ма?!Аузынан шәкіртінің дәріптелген.

Ғ.СМАҒҰЛОВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филалы Қарағанды облысы бойынша 

ПҚ БАИ-дың аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button