Руханият

Дәстүрлі ән дәріптелген дода

Қарағандының төрінде Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы IX Республикалық дәстүрлі әндер орындаушыларының байқауы өткен болатын. Өнер додасы 2 қазаннан 4 қазанға дейін созылды. Биылғы байқау тарихи тұлғаның 120 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қуандық ТӨКЕНОВ, Аида СРАИЛ

Жүсіпбек Елебеков атындағы бұл байқаудың даңқы асқақтап тұр. Дәл осында топ жарғысы келетін өнерпаздар қаншама?! Әр аймақтан іріктелген кіл мықтылар өз талантын паш етіп, жұлдызын жағуға талпынады.

Айтулы байқау биыл да өз тұ­ғырынан түскен жоқ. Қазылар ал­қасының төрғасы болып, Қазақс­танның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, Қайрат Байбосынов отырды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов және Жүсіпбек Елебековтің ұлы Естай Елебеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Талғат Абуғазин, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абылай Қармысов, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын сынды азаматтар қазылар алқасының құрамына енген.

Қайрат Байбосынов бастаған қазақ әнінін дүлдүлдері алдында Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ақмола облысы және тағы да басқа өңірлерден үміткерлер бағы мен бабын сынады.

Жүсіпбек Елебеков атындағы байқауды Арқа өңірінде өткізуді алғаш ұсынған – қазақтың аяулы әншісі Мейірхан Адамбеков атындағы жүлде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бақтияр Оралға берілді. Қазақстанның Халық әртісі Қали Байжанов атындағы жүлде Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Айбек Тәттімбекке бұйырды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының студенті Өмірхақ Шешхан Қазақстанның Халық әртісі Манарбек Ержанов атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды. Ғаббас Айтбаев атындағы арнайы сыйлық Құрманғазы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Нұрдана Сәлімханға, Игілік Омаров атындағы арнайы сыйлық Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақниет Серғазинаға, Рымтай Бөдесов атындағы арнайы сыйлық Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Ұлжан Әбілхасимоваға табысталды.

Бас жүлдегер Бек МЫҢБАЙ

Қазақ ұлттық университетінің студенті Дария Бекпенбетова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Мадияр Өмірғалы, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Шерхан Тұяқ, Жетісу облысынан келген Сәбинұр Қаһарман, Нұрмұхан Жанторин атындағы Атырау облыстық филармониясының студенті Алида Хуанова байқаудың дипломаттары атанды.

Жүлделі үшінші орынға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Аружан Сағындық, Бұқар жырау ауданынан қатысқан Қуандық Төкенов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Сәулет Аманғазин лайық деп танылды. Екінші орыннан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Аида Сраил, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының студенті Жасұлан Базарбаев көрінді. Бірінші орын Қазақ ұлттық университетінен келген Камал Майдановқа бұйырды. Ал, айтулы ән байқауының бас жүлдесін Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бек Мыңбай қанжығасына байлады.

Марапаттау рәсімінен соң облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жүлдегерлерді құттықтады.

– Құрметті жас өнерпаздар, сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Осы байқауға қатысқан әр өнерпаз келешекте қазақ мәдениетінің биіктеуіне талмай еңбек етеді деп сенемін. Таланттар қай жерде, қай уақытта болмасын лайықты бағасын алуы тиіс. Қазақтың ұлы рухы сіңген ғаламат әндер жүректеріңізді қуанышқа бөлей берсін! – деді Әлібек Әлденей.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button