ЖаңалықтарРуханият

Қарашаңыраққа қайта оралған ұлдың лебізі 

Сарыарқаның рухани қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тұңғыш нөмірі жарық көргеніне 95 жыл болып отыр. Орталық Қазақстандағы таскөмір бассейіні қарқынды игеріле бастаған кезде “Қарағанды пролетариаты”, кеншілер қаласы облыс орталығына айналғаннан кейін “Советтік Қарағанды” болған басылым 1963 жылдан бері қазіргі атауымен шығып келеді.

Газеттің тарихы ұлттық әдебиетіміздің алыптары Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Сәттар Ерубаевтың өмір жолдарымен өрнектелсе, оның бетінде Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов, т.б. көрнекті жазушылардың қолтаңбасы қалды. Мұнда қазақ журналистикасының толағай тұлғалары Ж.Орманбаев, Т.Нұртазин, Ә.Қарағұлов, К.Үсебаев, Б.Тәйкіманов, Ә.Бөлдекбаев, Р.Сағымбеков, Н.Оразбеков әр жылдары басшылық жасап, біз көрген сәтте К.Ермекбаев, Қ.Сәденов, С.Аңсаров, А.Сағындықов, З.Тайшыбай, Ш.Жандаев, М.Омарбеков, Д.Ысқақов сынды қаламы жүйрік қаламгерлер қызмет атқарды. 1992 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың 13 қыркүйегіне дейін мен де осы қарашаңырақтың отымен кіріп, күлімен шыққан қара табан журналистің бірімін. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін «Ortalyq Qazaqstan» газетінің редакциясына қайта оралып, кәсіпорын басшылығының ұйғарымымен Қарқаралы мен Нұра аудандарының меншікті тілшісі міндетін атқарып келемін. 

Әлқисса, басылым 95 жылдық жолында атына заты сай болып, Орталық Қазақстанның саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірі мен өзекті мәселелерін еліміздегі сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі шеңберінде жарияға шығарды, мүмкіндігінше халықтың үні бола білді. Соған лайық мақтау-марапаттарға ие болды.

Кеңес билігі кезінде республикалық “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетімен бірдей деңгейде, аптасына 6 мәрте жарық көріп келген «Ortalyq Qazaqstan» тоқсаныншы жылдардың тоқырауы тұсында қаржылық қиындықты бастан кешті. Әупірімдеп үшінші мыңжылдықтың табалдырығын аттаған басылым бүгінгі таңда уақыт талабына сай қайта құрылып, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамында аптасына үш рет оқырмандар қолына тиеді. Медиахолдингке аймақтағы ақпарат саласының дамуына айтарлықтай еңбегі сіңіп келе жатқан тәжірибелі басшы Қайрат Жүнісұлы Әбілда жетекшілік жасайды. Медиахолдинг құрамындағы басылымдар ұлттық журналистиканың дәстүрі мен мәдениетін сақтап, дамытумен қатар заманауи ақпарат айдынынан өз орнын алу үшін ізденіспен жұмыс атқаруда.

Құрметті оқырман, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жанашыр қауымы, Арқа ақпаратының флагманы 95 жасқа толған торқалы күн құтты болсын! Басылымның ғасырлық мерекесін көруді бәрімізге нәсіп етсін! «Ortalyq Qazaqstan» газетінің оқырмандары қатарын көбейтіңіздер! 

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button