Қаражал

ДҮБІРЛІ дзюдошылар додасы

      Қазыналы Қаражалда Ұлттың ұлық тойы – Тәуелсіздік күні аясында дзюдо күресінен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық турнир биыл 60 және 66 келі салмақ дәрежесіндегі кіл мықтылардың басын қосты. Қастерлі мерекенің мерейтойлы жылы дзюдошылардың дүбірлі додасына Қазақстаннан тысқары, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Саха Республикасы балуандарының қатысуы байрақты бәсекенің бәсін арттырып, халықаралық деңгейге шығарды.

      Екі күн бойы жанкүйерлер делебесін қоздырған тартысты турнирдің алғашқы күні қойнауы кенге толы, ал тұрғындарына өр рух дарыған өңірге табан тіреген құрметті меймандар – жаттықтырушылар, төрешілер мен командалар өкілдерін қала әкімі Қайрат Шорманбаев арнайы қабылдап, айшықты мейрам шеңберіндегі сындарлы сайыстың мәні мен маңызын тілге тиек етті және турнирдің сәтті өтуіне тілек қосты. Өз кезегінде, дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясы басшылық құрамының атынан тәлімдік және тәрбиелік сипаты ересен турнирдің әр жыл сайын үздіксіз және жоғары талап деңгейінде ұйымдастырылуына дәйекті негізде дәнекерлік ете білгендері үшін қала әкімі Қайрат Шорманбаевқа, қарымы аса әлеуетті «JUDO» ЖШС басшылығына һәм сайысты ұйымдастыру мен өткізу бас­тамасының авторы, белгілі бапкер, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Дүйсен Тәжікеевке шынайы ризашылық сезімін білдірді. Сол күні қала қонақтарының құрметіне арналып, рухани-мәдени мазмұндағы тартымды іс-шара ұйымдастырылды.

     Жалаулы жарысқа Алматыдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сейдолла Қалиев пен Қарағанды қаласынан дзюдо күресінен спорт шебері Хасен Сакеевтің мақсатты түрде атбасын бұруын да қаражалдық жанкүйер қауым аса жылы қабылдады. Осы орайда, жеңіске жету жолында белдескен балуандар қатарында жоғарыда аталған шетелдік спортшылардан тысқары, Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Семей, Сәтбаев, Арқалық, Теміртау қалаларының өкілдері мен жергілікті сайыпқырандардың болғанын атап өту ләзім.

      Шеберлік пен шымырлық деңгейі мінсіз сарапталған түпкі нәтижеде 60 келі салмақ дәрежесі бойынша қаражалдық спорт шебері Қылыш Еренғайып топ жарып, жеңімпаз тұғырына көтерілді. Ал, 66 келі салмақта ешкімге дес бермеген қызылордалық Ерлан Жақсыбековтің бағы жанды. Сонымен қатар, әр салмақ дәрежесінде бес орынға дейін белгіленген жүлделерді шетелдік спортшылар мен әр өңірдің бабы келіскен басқа да балуандары және қаражалдық өрендер өзара бөлісті.

     Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ, олардың бапкерлері тиісті дәрежедегі дипломдар, медальдар, кубоктар және қаржылай сыйақылармен марапатталды. Дүйсен Тәжікеев жарыстың мәртебелі меймандарына естелік медальдар тапсырды.

     Жарасымды бәсеке бел алған сайыс барысында турнирдің бас демеушілері ретінде Қаражал дзюдо мектебінің түлектері – ағайынды Жанат және Рахат Кәдірсізовтердің есімдері айрықша аталып өтілді.

Ахат ҚҰРМАННСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button