Қайта түлеген Қаражал

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың: «Қаланың қарапайым тұрғындары бақытты өмір сүруі үшін басшысы көреген әрі әділ болуы тиіс» деген мағынадағы сөзі бар. Меніңше, шариғатта айтылатын «Басшыларыңа бағыныңдар, ол – Құдайдың жердегі көлеңкесі» дейтін тәмсіл сөз бен әл-Фараби өсиетінің арасында байланыс бар. Демек, басшыға бағыну туралы айтылғанда көреген әрі әділ басшыларды меңзеген болса керек… Мемлекет мықты болуы үшін ауылдар мен аудандар, қалалар мен аймақтар дамуы тиіс. Жырақта жатқан қала, кенттер де өркениеттен тыс қалмауы ләзім. Сонда ғана біз ауыз толтырып «елдің әл-ауқаты түзелді» деп айта аламыз. Жырақтағы мекендердің дамуы үшін білікті, қолынан іс келетін, жауапкершілігі мол, қара басынан гөрі елдің қамын көбірек ойлайтын патриот мамандар басшылыққа келуі тиіс. Құрылғанына 70 жылдан асқан, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Темірбекұлы ДОСАЕВ – осындай азамат.

Қарағанды – еліміздегі жер көлемі жағынан ең үлкен облыс. Сонымен қатар, Қазақстанның орталығында орналасқан аймағымызда қыс ерте басталып, жаз кеш шығатыны белгілі. Облыстың аудан, қала, кенттері де бір-біріне әжептәуір қашық орналасқан. Осындай табиғи қиындықтар аймақтағы жеке қалалардың да дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Ал, біз сөз еткелі отырған Қаражал қаласы осындай кедергілерге қарамай, күн сайын қарыштап дамуда. Өзім ҚарМУ-ды және Целиноград ауыл шаруашылық институтын аяқтадым. Үш ұл, бір қызым бар. Шалғия кентінің әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін сонда алғашқы әскери дайындық пәнінен, дене тәрбиесінен сабақ бердім, жаттықтырушы болдым. Мектепте 10 шақты жыл жұмыс істеп, адал еңбек етіп, әкімдікке ауыстым. Бірнеше рет қайта сайланып, 20 жылдай уақыт әкім лауазымында қызмет еттім. Халықтың маған артқан сенімін ақтадым деп ойлаймын. Өйткені, еліме, туып-өскен жеріме қызмет еттім. Менің өмірлік ұстанымым – қысқа ғұмырда елге, халыққа адал қызмет ету. Ел-жұртың болмаса, ешкім емессің. Балаларымның барлығы жоғары білімді, ҚарМУ-ді бітірді. Қазір олар Қарағанды облысы аумағында түрлі салада қызметте.

Қазір қарап отырсақ, елдің жағдайы әжептәуір жақсарған. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда бейбіт аспан астында, ымыра-бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Аштан өліп жатқан ешкімді көргенім жоқ. Істеймін деген адамға жұмыс табылады. Кәсіп ашам десең, қолыңды қақпайды. Тек, өтірік сөйлемей, біреудің ақысын жемей, адал жүріп-тұрсаң болғаны. Ең кедей деген адамның өзі қымбат телефон ұстап, немістің көлігін мініп жүреді. Бір емес, бірнеше көлік мініп жүріп, жылағандарды көрсем, таңғаламын. Көлігіне қымбат нөмірді тапсырыспен алғызатынын қосыңыз бұған. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде елдің бір «Москвич» алуға шамасы келмейтін. Қазір ұмтылғанға бәрі бар. Десек те, жалақымен өмір сүретін қарапайым тұрғындар да жоқ емес. Бірақ, талпыну керек. Үйінде тракторы бола тұра, оны пайдаланып, табыс таппайтындарға не дейсіз? Оның керегі не, табыс таппаса, өзін ақтамаса? Қалада сондай тракторларды жалдау құны сағатына 12 мың теңге екен.

Сөзіміз басқа тарапқа түсіп кетпес үшін, өз арнамызға қайта түсейік. Мұны не үшін айттық? Қаражал қаласы бүгінгі күні дамыған қалаға айналып отыр. Ол біріншіден, қала әкімі Тілектес Темірбекұлының іскерлігінің арқасы. Ол жұмысты үйлестіріп, тұрғындардың еңбек етіп, табыс табуына жағдай жасап, жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, әлеуметтік көмекпен қамтып отыр. Екіншіден, бұл еңбексүйгіштікті жанына серік еткен қала тұрғындарының еңбегі. Әлемді әбігерге салған қауіпті пандемияның салдарынан еліміздің экономикасы белгілі бір қиындықтарға тап болса да, 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспары қабылданғанын көзі қарақты жұрт біледі. Орта Азия елдері арасында Қазақстанның көшбасшылығын күшейтуді және әлемдік экономикадағы алар орнын нығайтуды мақсат тұтқан осы ұлттық бағдарламаны жүзеге асыруда қазыналы Қаражал өңірі талаптылық танытып келеді. Көрші елдердің шағын шаһарларында жұмыс орындары қысқарып, бұқарасы жаппай жұмыс іздеп кеткен тұста да, мұнда өнеркәсіптік сектордың қуатты әрі нәтижелі жұмысының арқасында экономикасы іркілмеді, жұмыс орындары қысқармады. Тұрғындары өткінші сынаққа пысқырмады. Осының барлығы қала әкімінің экономикалық сауаттылығы һәм жылдам шешім қабылдай алатын біліктілігі дер едім. Сонымен қатар, Қаражал қаласының дамып, көркейіп жатқаны облыс басшылығының қолдауының арқасы деп білемін. Қала әкімінің әр бастамасын қолдап, қаржы жағынан көмек көрсетіп келеді. Қаржысыз түк бітпейді. Қаржы бөлінбесе, әкім болсаң да түк бітіре алмайсың. Шаруа қожалықтары мен демеушілерге қашанғы қол жаясың? Ал, сол бөлінген қаржыны ұқсату да бір өнер. Орынды жұмсап, елдің қамын ойлап отырған әкіміміз өте білікті азамат. Жас та болса, оқыған-тоқығаны көп. Алдымен, ел үшін ең қажетті деген шаруаны реттейді, қалғанына кейін қайтып оралады. Тәрбиелі, көрегенді азамат.

Жергілікті кәсіпорындар да көмек береді. Бұл олардың да елі мен жері. Бірақ, «судың да сұрауы бар» демекші, мәселе ұқсатуда. Егер, қаржыны орнымен қажетті жеріне жұмсай алмаса, қиын. Сондықтан, Қаражал қаласының көркейіп, дамып келе жатқаны, көздің жауын алардай шырайлы қалаға айналуы әкімнің біліктілігі мен жұмысын сүйетіндігін аңғартады.

Мәселен, басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру десек, бұл тұрғыда өңір тұрғындарының табысын арттыру бағытында тың бастамалар қолға алынған. Жалақыны өсіру, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау һәм инфляциялық процесті тежеу нақты қаржылай табыстың өсуіне оң әсер еткен. Дерекке сүйенсек, бірінші тоқсанда 234 772 теңге болған орташа айлық жалақы бірінші жарты жылдықта 242 900 теңгеге жетіпті. Әлеуметтік аз қамтылған әлсіз топтарға қолдау көрсетуге биыл 246,8 млн. теңге бюджеттік қаржы жұмсалыпты. Бұл – былтырғыдан 44,7 млн. теңгеге артық. Ерекше мұқтаждыққа ие 500-ден астам азаматқа 24 млн. теңгеге жуық әлеуметтік көмек көрсетілген.

Қаражал – қазір аймақтағы дамыған алдыңғы қатарлы қала. Аумағындағы Ақтай ықшамауданы да өркендеп келеді. Мектебі, медпункті бар. Қаражалдың ауруханасында да бар жағдай жасалған. Індет кезінде қиындық болған жоқ. «Сақтансаң сақтаймын» демекші, сақтанып жүрдік, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздедік. Соңғы жаңалықтарды «Орталық Қазақстан» газетінен қарап, хабардар болып отырдық. Аймақтың бас басылымы осындай сындарлы шақта алдыңғы шепте жүріп еңбек етті. Газет уақытылы шығып тұрды. Журналистердің ерен еңбегі атап өтуге тұрарлық. Облыстық газет арқылы басқа аудан, қалалардың жағдайымен танысып отырдық.

Өзіміздің «Қазыналы өңір» газетіміз жұмыс істеп тұр. Бұл газетке де қала аумағындағы кент, ауылдардың тыныс-тіршілігі тұрақты жарияланады. Жалпы, газет-журнал оқу керек. Әлеуметтік желі деген уақытша дүние. Онда кім көрінген неше түрлі жазады. Газетте бәрі нақты.

Шалғия кентінде әкім болып қызмет еткенде Қаражалда 4-5 әкім ауысты. Барлығы өз әлінше ел-жұртына қызмет етті. Тілектес Темірбекұлы қалаға әкім болып келісімен түйткілді мәселелерді қолға алды. Халықтың қамын ойлап, бар күш-жігерін арнады. Өзім кентте әкім болып жүріп, бұл кісінің істеген жұмысына риза болатынмын. Қандай жұмыстар атқарды. Өзі жас жігіт. Келешегі бар. Өмірде болмаған Жәйремнен суды тартты. Жәйремнің қаншама құдық-насосын жаңартты. Бұл оңай шаруа емес. Тоқ мәселесін де шешті, жарықтандырды. Бұл жұмыстарды тиянақты атқару үшін оның құқықтық, менеджменттік және ұйымдастырушылық білімі жеткілікті. Құлап қалған үйлердің біразын жөндеп, орнына келтірді. Қаншама әлеуметтік жағдайы төмен жұрт баспаналы болды. Зейнет жасындағы, мүмкіндігі шектеулі жандарға да отбасындағы адам санына байланысты кезек бойынша пәтер кілтін табыстады. Мәселен, қазір Қаражал өңірінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудың кезегінде 425 адам тұр екен. Маңызы зор бұл мәселені үнемі назарда ұстап, шешуге күш салып, жұмыс істеп жатыр. Оны көзіміз көріп жүр. Осы тұста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жәйрем кентінің Металлургтер көшесінде салынып жатқан 85 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталғанын атап өту керек. Оны да өзі қадағалап жүрді. Ал, жыл басынан бері жалпы 7 171 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл – былтырғыдан бес есе көп екен. Қаражалдағы 25-орамда 104 және 25 пәтерлік екі үйді қайта қалпына келтіру жұмысын жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, алдағы жылы Тәуелсіздік көшесіндегі №12 үйді қайта қалпына келтіру жұмысын бастауды қолға алғалы отыр. Шындығында, Қаражалда бос жатқан үйлер көп. Солар ақырындап, жөндеуден өткізіліп, мұқтаж отбасыларға беріліп жатыр. Елінің ертеңіне алаңдайтын, жұмыс істегісі келетін адамға жұмыс қашан да табылады. Қала әкімі өз жұмысын сүйетін, еңбексүйгіш адамға басын иетін жан. Мен біраз уақыт әкіммен қызметтес болдым. Қалаға кіреберістегі үйлердің жертөлесі суға толып, қыста мұз қатып жататын. Оның бәрін, жылу жүйесін қалпына келтірді. Бұдан бөлек, қаланың барлық көшесіне жаңадан асфальт төсетті. Қазір бәрі сыңғырлап, жайнап тұр. Қаражалда қалалық бюджеттің есебінен 10 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Осы бағытқа биыл 590,8 млн. теңге бөлініпті. Оның 262,4 млн. теңгесі Жәйрем кентінің еншісінде екен. Қала мен кентте 13 көшеге орташа жөндеу жүргізуге дайындық жұмысы жүргізіліп жатқанын айта кеткен артық емес. Қаражал мен Атасу арасындағы облыстық дәрежедегі жолдың 28 шақырымын қалпына келтіру жұмыстары да жалғасып жатқанын көріп жүрміз. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі, «Қазмырыш» ЖШС және «Жәйремнің болашағы» қоғамдық қоры арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандум аясында облыстық бюджет есебінен Жәйремде екі көшеге орташа жөндеу жүргізілетін болады. Бұрын шаңы шығып, қиқы-жиқы болып жататын Қаражалдың көшелері қазір айнадай жалт-жұлт етеді. Қала көшелерінің жарық болғаны сонша – жарығынан қараңғының түскенін аңғармайсың. Орталықта Мемлекеттік Ту желбіреп тұр. Көрсең, шабытың оянып, рухың көтеріледі. Көшенің бәріне құлпыртып гүл екті. Бұған дейін «су жоқ, гүлді қалай егеміз?» деп сылтау айтатын. Жұмысты жүйелі жолға қойған. Жұмыскерлер тәулігіне 24 сағат кезекшілік жасайды. Қысқы мезгілде қар жауса, сол бетте-ақ күреп тастайды. Жылу беретін орындар мен мектептердің күзетшілері де қырағылықпен күзетеді. №1 мектепті адам танымастай етіп жөндеуден өткізді. Басқа да білім ошақтарын жөндеуден өткізіп, шатырын жаңартты. Білім беру саласы – мемлекет дамуындағы өзекті мәселенің бірі. Өйткені, мектеп бала санасында барлық адамгершілік қасиеттердің негізін қалайды. Өсе келе ол қасиеттерді әрі қарай жетілдіру өз санасына байланысты. COVID-19 инфекциясының таралуы білім беру саласына да түрлі өзгеріс енгізді. Қашықтан оқу пайда болды. Қала әкімінің берген есептеріне қарап отырсақ, былтырғы оқу жылында карантиндік шектеу салдарынан мектептің 3 000 оқушысы мен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің 100 студенті қашықтан оқыту форматына көшіпті. Десек те, биыл мектеп бітірген 145 түлектің 8-і «Алтын белгі», 8-і қызыл аттестат алған. Ал, тағы 30 шәкірт үздік атанып, жоғары оқу орындарына грантқа түсіпті. Биылғы оқу жылының дәстүрлі оқыту жүйесімен басталғаны көз қуантады. Мектептердің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін де қала әкімі ұдайы өз бақылауында ұстап отыр. Қазір білім ошақтары жетілдірілген кабинеттермен, жартысына жуығы робототехника зертханаларымен жабдықталса, былтырдың өзінде екі мектепке стадион салынған. Қала аумағындағы барлық мектеп бейнебақылауға алынуымен қатар, биыл №3 және №7 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмекші. Бұдан бөлек, бүгінде мектептерді сапалы ғаламтор желісімен қамтамасыз етудің де жолдары қарастырылуда. Ол кісінің түн ішінде жұмыс киімімен жылу беретін орындарды қарап жүретін бір бөлек қасиеті бар. Бұл деген елдің қамын ойлағандық. Мен Шалғия кентінде әкім болғанда елдің мәселесін шешуге көп көмегін берді. Су тартуға және басқа да шаруаларды бірге шештік. Қаражал қаласы аумағындағы Шалғия, Жәйрем кенттері мен Ақтай ықшамауданының бар жағдайын реттеп қойды. Суын тартып, жарықтандырып, жылу жүйесін қалпына келтіріп, біраз жұмыс жасады. Бұған дейін көшіп кеткен адамдар қазір Қаражалдың тамырына қан жүгірген соң, «мал шаруашылығын ашамыз» деп қайтадан көшіп келуде. Қанат Естайұлы деген елдің азаматы Нұр-Сұлтаннан келіп, мал сатып алып, қорасын салып, шаруасын реттеп жатыр. Мал өсірген соң, ел дамиды. Қазір Құдайға шүкір әр шаңырақта жоқ дегенде өздеріне жететін сиыры, жылқысы, қойы бар. Еті мен қымызы, майы мен құрт-ірімшігі тегін. Тауық та ұстайды. Жұмыртқа – мол.

Орыс, татар, әзербайжан, неміс сынды түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осындай қазыналы Қаражалдағы салтанат құрып тұрған берекелі өмірге қазіргі әкімнің қосқан үлесі мол. Өйткені, ол қара басын емес, халықтың, елдің қамын ойлайтын жігіт. Үлкендердің тәрбиесін көрген текті азамат.

Ақтайда Аманкелді Жетімеков деген абыз ақсақалымыз бар. Өзі мектепте директор болған. Жастарға ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Елге еңбегі сіңген еңселі ағамызды халық құрметтейді. «Аужекең», «Қодан» деп еркелетеді елі. Әкімнің өзі Аужекеңнен ақыл-кеңес сұрап тұрады. «Әкіммін!» деп кеуде соқпайды. Өйткені, Аманкелді ағамыз – көпті көрген көреген кісі.

Бұл жұмыстарды атқаруда әкімге көмектесіп, қол ұшын беріп жүрген азаматтарды да атап өткен жөн. Себебі, «жалғыздың шаңы шықпас» деген сөз бар ғой. Мысалы, Қаражал қалалық мәслихаттың хатшысы Зәмзәгүл Қажымұқанова, қаржы бөлімінің басшысы Нұргүл Жолшыбекқызы сынды білікті мамандар әкімнің әр бастамасын қолдап, иық тіресе еңбек етіп келеді.

Қаражал өз өндірісі бар жеке қала. Кен орындары, тәжірибелі кеншілері бар. Елден кетсек те алаңдап, соңымызға қарап отырамыз. Шынымды айтсам, барғанда таңғалдым. Мәдениет үйін де қатырып жасапты. Туған қалам көрер көзге сүйкімді, әдемі болып, құлпырып кеткен.

Кешке қарай ел-жұрт бала-шағасымен аллеяларда қыдырып, серуендеп жүреді. Теннис алаңдары да бар. Шынымды айтсам, басқа қалаларда, далада, таза ауада теннис ойнайтын орынды көргенім жоқ. Субұрқақтар атқылап тұр. Қала жап-жарық. Былай қарағанда Қаражал облыс орталығынан алыс. Мұндай құлпырып тұр деп ешкім ойламайды, көзімен көрмегенше.

Шағын футбол алаңдары қаланың әр бұрышында құрылған.

Аурухана да темірдей тәртіппен жұмыс істейді. «Денсаулық – басты байлық» демекші, денсаулық саласына да жіті көңіл бөлініп келеді. Мұны біз өңірдің тұрғындарының аузынан да естиміз, өзіміз де көріп жүрміз. Бұл маңызды сала болғандықтан да қырағылықты талап етеді. Өйткені, халықтың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл туралы жыл сайынғы Жолдауларында айрықша атап айтып жүр. Ал, Қаражалда осы бағытта ауыз толтырып айтарлық жетістік жетерлік. Дерекке сүйенсек, биыл ана мен бала өліміне жол берілмеген. Жалпы, адам өлімі алдыңғы жылдағыларға қарағанда 8,9% кеміп, ақ халатты абзал жандардың қатары 12,3% көбейіпті. Қаражал өңіріне соңғы уақытта білікті медициналық мамандар көптеп тартылуда. Кейінгі төрт жылдың өзінде 15 дәрігер келген. Жәйрем кен байыту комбинатымен арадағы меморандумға сәйкес, олардың жалақысына үстеме төленді және пәтермен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, Қаражал өңіріндегі медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету кезең-кезеңмен жүргізілуде. Бұл – қуанарлық жағдай. Өйткені, індет кезінде заманауи құрал-жабдықтың ауадай қажеттігіне көз жетті. Ресми мәлімет бойынша, биыл «Өркен» ЖШС меморандум аясында 10 млн. теңгеге медициналық жабдықтар алып берсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы 74 медициналық құрал-жабдық алуға 55 млн. теңге қаржы бөлген. Сондай-ақ, былтыр қалалық орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу қолға алынып, медицина қызметкерлеріне пайдалануға беру мақсатында Ленин көшесіндегі 10-шы үй қайта қалпына келтіріліп жатыр. Осының бәрі оңай шаруа емес. Бұл – қатаң тәртіп пен жүйелі жұмыстың арқасы.

Қаражалда көшеде беталды қоқыс шашылып жатпайды, бейсауат адам жүрмейді. Жастарымыз зиянды әдеттерден аулақ. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсете алатын тәрбиелі жастар өсіп келеді.

Қалалық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Айдос Бақшиев мырза да жұмысына өте ұқыпты азамат екен. Қалада тәртібіне мұқият қарап, күнде жұмысты өзі қатаң қадағалап отырады. Жастар спортпен айналысады. Қазір Қаражалдың спортшылары мықты болып тұр. Оны ел көріп-біліп отыр. Дүйсен Тәжікеев деген дзюдо спортынан тренер бар. Жақында үш шәкірті облыстық додада топ жарып, чемпион болды.

Дене шынықтыру мен спорт – денсаулық кепілі болғандықтан Қаражалда ересектер мен балалардың жаппай спортпен айналысуына қажетті барлық жағдайды жасау үшін саланың аймақтағы инфрақұрылымын дамыту көзделген. Ресми дерек бойынша, бұқаралық дене шынықтыру мен спорттық-сауықтыру жұмысын жандандыру үшін қалада салынатын жабық жүзу бассейнінің жобалық-сметалық құжатын жасауды да жеке қаражат есебінен аяқтамақ. Сондай-ақ, биыл Қаражалдағы Кеншілер стадионын қайта құру жұмысын бастауды жоспарлап отыр.

Өңірде мал өсімі де ойдағыдай. Қымызды ішкенінен артылғанын сол маңайдағы жұртқа және облыс орталығына сатады. Етті аптасына бір рет әр жұма күні базардан арзандатылған бағамен сатып аламыз. Қымбат емес. 1300- 1400 теңгеден де алуға болады.

Жылқы шаруашылығы жақсы қолға алынуда. Жас жігіттер кәсіппен айналысып, жылқы малын өсіріп жатыр. Көріп, көзің тояды, көңілің марқаяды. Жарық сөнбейді, су тоқтамайды, жолың сыңғырлап тұр, пойыз бен автобус қатынап тұр. Интернет іркіліссіз істеп тұр. Еш мәселе жоқ. Мен – Қарағандыда тұрамын. Елдің жетістігіне қуанып, риза болып отырамыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, облыс орталығынан жырақта жатқан Қаражал қаласын өркендетіп, жан-жақты дамыту бағытында тыңғылықты істер атқарып, өзінің білікті маман екенін көрсетіп келе жатқан қала әкімі Тілектес Темірбекұлының азаматтық болмысын ашуға тырысып бақтық. Біздің сүйкеп өткен шимайымыз Тілектес әкімнің тағайындалғалы тындырған қыруар шаруасының бір бөлігі ғана. Бұл сөзімізді әрбір қаражалдық тұрғын қолдап-қуаттайтынына сенеміз. Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін аймақтар да ілгерілеуі тиіс. Қала, аудан, ауылдар Қаражал сияқты дамыса, жұмыс орындары ашылып, елдің әл-ауқаты артып, қалаға үдере көшу тоқтар еді. Сондықтан, аймақтағы басқа өңірлердің әкімдері күннен-күнге гүлденіп келе жатқан Қаражал қаласына қарап, қорытынды шығарса, үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді…

Сәкен МӘЛТІКОВ, мемлекеттік қызмет ардагері.

ҚАРАЖАЛ қаласы.