Біздің сұхбатҚаражал

Қаражал спорты қарқынмен дамуда: жыл басынан 20 спорттық-бұқаралық шара өткізілген

Өңір жұртшылығын бұқаралық спортқа кеңінен тарту үшін жылда күнтізбелік жоспарға сәйкес спорттың 15 түрінен спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Оның баскетбол, футбол, бокс, дзюдо, үстел теннисі, шаңғы спорты, шайбалы хоккей сияқты жетеуі – Олимпиада ойындары бағдарламасына енген түрі. Сондай-ақ, қала кәсіпорындары мен мекемелері арасында шахмат, дойбы, армрестлинг, стрит воркаут, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық атудан жарыс өткізу дәстүрге айналған. Жыл басынан бері 20 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді.

Былтыр тұрғындардың 32,8%-ы дене шынықтыру және спорт шараларына жұмылдырылған. Биыл жеті айда бұл көрсеткіш 37%-ға жетті.

Таяуда Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Жаннұр ЖӘКЕНОВАМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Қаражал спорты
Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Жаннұр ЖӘКЕНОВА

Біздің әкімшілік аймақта спорт бұқаралық сипат алып келеді. Мұндай оң өзгеріс спорт алаңдарын салу және спорттық-бұқаралық іс-шараларды жүйелі өткізу, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, дене шынықтыру және спорт клубтарында жұмысты мақсатты жолға қою арқасында мүмкін болды. Қаражалда дзюдодан спорт шебері, танымал жаттықтырушы Д.Тәжкеевтің ұйтқы болуымен 1997 жылы есігін айқара ашқан олимпиадалық резерв даярлайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, Жәйрем кентінде филиалы бар. 2020 жылы Қаражалда алғаш рет теннис корты орнатылды, онда ересектер арасында үлкен теннистен үш турнир өтті.

Спорт саласында былтырдың өзінде біраз шаруаның басы қайтарылды. Жәйрем кентінде кен-байыту комбинатының спорт кешеніне 40 млн. теңгеге жөндеу жасалды. Онда грек-рим күресі, бокс, қазақша күрес секциялары жұмыс істейді. 100-ден астам бала шұғылданады. Қалада стрит воркаут алаңы мен спорт алаңдары ашылды. Облыстық бюджет қаражатынан Жәйрем кентіндегі №10 орта мектепте 34 млн. теңгеге жүгіру жолы, футбол және волейбол алаңы жасақталды. Қаражалдағы мәдени-сауық орталығында балаларға арналған бокс секциясы, Жәйрем кентінде футбол секциясының филиалы ашылды. Жалпы барлық секция мен үйірме балаларды тегін оқытып, жаттықтырады.

Былтыр күзде Қаражал-Жәйрем аймағынан іріктелген 20 ойыншыдан тұратын «Қаражал» футбол командасы құрылды. 2021-2022 жылғы маусым қорытындысында «Қаражал» Қарағанды қаласының футбол әуесқойлары арасындағы «В» лигасында екінші орын иеленді және «А» лигасына жолдама жеңіп алды. Команда капитаны Төкен Жанәділ «Үздік қорғаушы» атанды. «Қаражал» командасы Қарағанды қаласы футбол әуесқойлары лигасына қатысқанда жерлесіміз, «Global Mining Technology» ЖШС директоры Андрей Владимирович Панчина демеушілік жасады.

Биыл Жәйрем кентінде теннис корты орнатылды. Қаражалда жүзу бассейнінің құрылысы басталды.

Спорттағы жетістік алған жүлдесіне қарай бағаланып жатады ғой…

Сөзіңіздің түп-төркінін түсіндім. Қаңтарда жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен Қарағанды облысының «Томирис» клубының ашық біріншілігінде қаражалдықтар 3 алтын, 4 күміс, 5 қола медальді қанжығасына байлады. Ақпанда бокстан «ACADEMY of SPORTS» спорт клубының кубогы сарапқа салынған республикалық турнирде 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль алды. Сол айда ерлер арасында самбодан және жауынгерлік самбодан өткен облыстық чемпионатта 1 қола медальмен қанағаттанды. Сәуірде жасөспірімдер арасында бокстан «SK SABR» клубының кубогы үшін өткен облыстық турнирде қаражалдықтардың қоржыны 3 алтын, 1 күміс, 4 қола медальмен толықты. Ал, мамырда жасөспірімдер арасында бокстан өткен облыстық турнирде 3 алтын медаль алды.

Қаражал спорты
фото: ortalyq.kz

Олимпиадалық резерв даярлайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқитын өрендердің аяқ алысы қалай?

Биылғы додадан дерек келтірейін. 20-23 сәуірінде Сәтбаев қаласында академик Қаныш Сәтбаевты еске алуға арналған дзюдодан ұлдар мен қыздар арасында республикалық турнир өтті. Онда біздің спортшылар екі қола медаль жеңіп алды. 7-9 мамырда Екібастұз қаласында дзюдодан ұлдар мен қыздар арасында өткен республикалық турнирде бір алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді. 8-10 мамырында Орал қаласында дзюдодан жастар арасында Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованы еске алуға арналған арналған халықаралық турнирден де құр қол қайтқан жоқ, күміс әкелді. Елордада өткен республикалық чемпионатта Аслан Мұхамеджанов бірінші орын алды. 27-29 маусымда Жәйрем кентінде Балалар жылына, Жәйрем кентінің 50 жылдығына және «KAZZINC» компаниясының 25 жылдығына арналған жасөспірімдер арасындағы бокс ашық турнирінде біздің балалар жүлделі орындарға ие болды.

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button