Болашақ кәсіптің бағдары
Еңбек нарығының талабы күн санап өзгереді. Кеше сұраныста болған кәсіптің мазмұны бүгін жаңарып, технологиямен бірге мүлде жаңа мамандықтар пайда болуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды тапсырып, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге ерекше мән берген еді. Президентіміз «өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады» деп, кәсібилік пен еңбекқорлықтың қоғамдағы орнын айшықтады.Кеншілер өлкесінде осы өзгеріске бейімделу бағытында жаңа мамандықтар ашылып, кәсіптік бағдар мен оқу бағдарламалары қайта қаралып жатыр. Ендеше, өңірдің білім жүйесі ертеңгі еңбек нарығының сұранысын қаншалықты дәл болжап отыр? Саралап көрелік…

Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Нарық қандай маманды күтеді?
Бұл міндеттің мәні уақыт өткен сайын тереңдей түсті. Мемлекет басшысы кейінгі Жолдауында цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жедел өзгертіп жатқанын атап, жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандарға сұраныстың артқанын айтты. Сонымен бірге, елімізге техникалық кәсіпті жетік меңгерген білікті кадрлар қажет екенін нақтылап, білім беру жүйесі еңбек нарығындағы өзгеріске ілесе алуға тиіс екенін ескертті.
Еңбек нарығындағы өзгерісті маман даярлау жүйесінен бөле жарып қарау мүмкін емес. Қай салада жұмыс орны көбейеді, қай кәсіпке сұраныс артады, қандай дағды қажет болады – осының бәрі білім беру тапсырысына тікелей әсер етеді.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының болжамынша, 2026-2029 жылдары өңірге 20 873 маман қажет. Сұраныстың ең ауқымды бөлігі өнеркәсіпке тиесілі. Бұдан бөлек, білім беру, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика мен көлік салаларына да кадр керек.
– Экономикаға жаңа технологиялар енгізілген сайын заманауи құзыреттері бар мамандарға қажеттілік артып келеді. Бірақ, нарықтағы талап мамандық атауымен шектелмейді. Қазір жұмыс берушілер практикалық машығы қалыптасқан, заманауи жабдықпен жұмыс істей алатын, өндірістегі цифрлық жүйелерді меңгерген кадрға көбірек мән береді. Дәнекерлеуші, электрмонтер, машинист, жабдық операторы секілді жұмысшы кәсіптеріне сұраныс жоғары. Инженерлік бағыттағы мамандарға қойылатын талап та күрделене түсті. Сондықтан, кадр даярлау ісі еңбек нарығындағы өзгерістермен қатар жүруі қажет, – дейді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетова.
Мәселенің түйіні осында. Бір кәсіпке сұраныс азайып жатқанда, екіншісінің мазмұны жаңарады. Үшінші бағыт мүлде жаңа мамандық ретінде қалыптасуы мүмкін. Мұндай жағдайда білім беру жүйесіне бүгінгі бос орынды есептеу аздық етеді. Ертеңгі өндірістің қай маманды іздейтінін де алдын ала пайымдау қажет.
Осы тұста кәсіптік бағдардың салмағы артады. Өйткені, болашақ кадрдың еңбек нарығымен алғашқы байланысы колледж табалдырығында емес, мамандық таңдайтын кезде басталады.
Таңдау қай кезде қалыптасады?
Облыста кәсіптік бағдар жұмыстарына жыл сайын он мыңнан астам оқушы тартылады. 2024 жылы мұндай шараларға 12 746 оқушы қатысса, былтыр олардың саны 11 535 болған. Биыл кәсіби сынамаларға 12 435 оқушы қатысқан.
Кәсіптік бағдардың мазмұнының да өзгергені жасырын емес. Оқушылар колледж мамандықтарымен танысып, кәсіби сынамадан өтеді. Өндіріс орындарына экскурсияға барады, түрлі шеберлік алаңдарында өз қабілетін байқап көреді. Мұндағы мақсат – мамандық атауын жаттатудан гөрі, баланың сол кәсіптің нақты мазмұнын түсінуіне жағдай жасау.
Соған қарамастан, мамандық таңдау кезінде нарық сұранысы үнемі шешуші рөл атқара бермейді. Ата-ананың кеңесі, гранттың болуы, мамандықтың қоғамдағы беделі, оқу жеңіл көрінуі секілді факторлар да әсер етеді. Мұны жастардың өз сөзі де аңғартады.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасындағы Инновациялық технологиялар колледжінің II курс студенті Ислам Нұрбергенұлы мамандық таңдауда кәсіптік бағдардың орны ерекше деп есептейді.
– Қазір заман ағымына қарай жаңа мамандықтар пайда болып, кей кәсіптердің маңызы бәсеңдеді. Жастардың қызығушылығы да әртүрлі. Біріне ата-анасы бағыт береді, енді бірі грантқа қарай таңдау жасайды. Меніңше, осы жерде кәсіптік бағдарды күшейту қажет. Өзім заманауи технологияларға қызыққаныммен, сол бағыт бойынша грантқа түсе алмайтынымды түсініп, мемлекеттік грант бөлінген техникалық мамандықты таңдадым. Сондықтан, жастарға әр кәсіптің болашағын ертерек түсіндірген дұрыс, – дейді Ислам Нұрбергенұлы.
Жаңа сұраныс – жаңа мамандық
Еңбек нарығындағы өзгеріс білім жүйесін де жаңа бағыттарға бет бұруға итермелейді. Өйткені, бірнеше жыл бұрын тосын көрінген кәсіптің өзі бүгін нақты қажеттілікке айналуы мүмкін. Сондықтан, колледждер мамандықтар тізімін тек қалыптасқан сұранысқа қарап емес, өңір экономикасының алдағы бағытын ескере отырып жаңартып келеді.
– Қазіргі еңбек нарығы бұрынғыдай бір қалыпта тұрмайды. Өндіріс жаңарған сайын маманға қойылатын талап та өзгереді. Сондықтан, біз жұмыс берушілердің сұранысын, салалардың даму бағытын, жаңа технологиялардың ену қарқынын ескеруге тырысамыз. Соған сәйкес кей бағыттар кеңейіп, жаңа мамандықтар енгізіліп жатыр, – дейді облыстың білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Айгерім Түркенова.
Осындай жаңа бағыттардың қатарында гидротехникалық құрылыс, аддитивті өндіріс технологиялары, ақпараттық қауіпсіздік, автоматтандыру мен басқару салалары бар. Бұған қоса, ұшқышсыз аппараттармен жұмыс істеуге қатысты даярлықты дамыту жоспары қарастырылған.
Бұл өзгерістердің бәрі мамандық атауын көбейтуді емес, өндірістің жаңарған талабына сай кадр әзірлеуді көздейді.
Жаңа кәсіптің қажет екенін дәлелдейтін нақты мысалдың бірі – су шаруашылығы саласы. Теміртау жоғары политехникалық колледжі биыл «Гидротехникалық құрылыс» мамандығын ашуға кірісті. Колледж директоры Салтанат Ақбергенованың айтуынша, бұл шешім алдын ала жүргізілген еңбек нарығының зерттеуінен кейін қабылданған.
– Біз бұл мамандықты ашпас бұрын су шаруашылығы саласындағы кадр сұранысын зерттедік. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мұндай мамандар өте аз даярланады. Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде де осы бағыттағы кадр тапшы. «Ертіс-Қарағанды» каналында 200-ден астам маман жетіспейтіні анықталды. Сол себепті, жаңа мамандықтар тізімін қарастырғанда гидротехникалық құрылыс бағытына тоқтадық, – дейді колледж директоры.
Мұның себебі түсінікті. Су шаруашылығы бүгінде инфрақұрылым мен экология мәселесімен тікелей сабақтас. Су құбырлары мен гидротехникалық нысандарды жаңғырту, оларды ережеге сай қауіпсіз пайдалану, жабдықтардың жарамдылығын бақылау кәсіби кадрды талап етеді.
Жаңа мамандық осы міндеттердің бәрін қамтиды. Студенттер гидротехникалық құрылыстарды салу мен пайдалану, техникалық оңалту, гидравлика негіздері, құжаттамамен жұмыс, жабдықтардың жағдайын бақылау және қауіпсіздік талаптарын меңгереді.
Оның қарапайым құрылысшыдан айырмасы да осы – маман су шаруашылығы нысандарының құрылысын, техникалық қызметін және пайдалану тәртібін тұтас игереді.
Колледж бұл бағытты әзірлеу кезінде Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың жұмысымен, өңірдегі су қоймалары мен су шаруашылығы ұйымдарының қызметімен танысқан. Оқу бағдарламасы Тараздағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен бірлесіп жасалған.
Жаңа мамандыққа мемлекеттік тапсырыс аясында 30 грант бөлінді. Оның 15-і 9-сыныптан кейін, тағы 15-і 11-сыныптан кейін оқуға түсетін талапкерлерге арналған.
– Оқу дуальды жүйемен ұйымдастырылады. Студенттер теорияны колледжде меңгеріп, тәжірибені су шаруашылығы нысандарында өтеді. Бізге түлектің диплом алғаны емес, өндіріс талабын түсінетін маман болуы маңызды. Сондықтан, студенттерді оқу кезінде-ақ кәсіпорынмен байланыстыруға мән береміз. Практикадан өткен жерде жұмысын жалғастыруына да мүмкіндік бар. Ал, жоғары білім алғысы келген жастар Тараздағы университетте оқуын жалғастыра алады, – дейді Салтанат Ермекқызы.
Жаңа бағытты ашу үшін материалдық база да алдын ала әзірленген. Арнайы қаржы бөлініп, теориялық және практикалық оқу орны жабдықталған. Колледжде су шаруашылығы бағытындағы «Aqualab» орталығы ашылып, студенттердің кәсіби машығын жетілдіруге жағдай жасалған.
Сапалы оқу, талапқа сай құрал-жабдық
Жаңа мамандық ашу – істің басы. Оны сапалы оқыту үшін заман талабына сай құрал-жабдық, зертханалық орта және кәсіби оқытушы қажет. Технология күн санап жаңарып жатқан тұста ескі базаға сүйеніп, жаңа буын маманын даярлау қиын.
Облыстың білім басқармасының мамандары ұсынған мәліметке сәйкес, кейінгі жылдары білім беру ұйымдарының материалдық базасын жаңарту жұмыстары жалғасып келеді. 2022-2025 жылдар аралығында мектептерге 526 жаңа пән кабинеті алынған. Соған қарамастан, өңірде әлі 1 180 заманауи кабинетке қажеттілік бар. Оның ішінде физикадан – 197, химиядан – 203, биологиядан – 203, STEM бағытында – 283, роботтехника бойынша 294 кабинет қажет.
Колледждердегі оқу шеберханаларының жабдықталу деңгейі 80 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш жаман емес. Дегенмен, жаңа технологияны меңгеретін маманның даярлығы оқу орнындағы мүмкіндіктерге тікелей тәуелді. Өндірісте қолданылатын жабдық колледжде мүлде болмаса, түлектің жұмыс орнына бейімделуі тағы да ұзаққа созылады.
Теміртау жоғары политехникалық колледжіндегі гидротехникалық құрылыс бағыты осы талаппен үндес. Мұнда жаңа мамандық ашылар алдында арнайы қаржы қарастырылып, су шаруашылығы бойынша оқу орталығы жабдықталған. Яғни, оқу бағдарламасы мен материалдық база қатар әзірленген.
Материалдық база қанша жерден жаңарғанымен, оны іске қосатын білікті ұстаз болмаса, нәтиже күткендегідей болмас. Осы тұста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің тағы бір түйткілі байқалады.
Колледждерде арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне сұраныс бар. Әсіресе, қоғамдық тамақтану, көлік жөндеу, теміржол, құрылыс, ветеринария, ауыл шаруашылығы, тау-кен және энергетика бағыттарында кадр тапшылығы сезіледі.
Мәселенің бір себебі, еңбек нарығындағы жалақы айырмасына тіреледі. Өндірісте тәжірибе жинаған білікті маман кәсіпорында жоғары табыс таба алады. Ал, сол деңгейдегі маманды колледжге арнайы пән оқытушысы немесе өндірістік оқыту шебері ретінде тарту оңай емес. Соның салдарынан өндіріс үшін кадр даярлайтын оқу орнының өзі кей салада тәжірибелі маманға зәру.
Бұл түйінді педагогтердің біліктілігін арттыру арқылы шешуге де көңіл бөлінген. 2024 жылы 767 педагог кәсіби даярлықтан өтсе, оның 117-сі өндірістік оқыту шебері болған. Былтыр мұндай курстарға 1 080 педагог қатысып, олардың 184-і өндірістік оқыту шебері санатына кірген. Биыл 1 маусымға дейін 487 педагог біліктілігін жетілдірген. Жылдық жоспар – 1 214 адам.
Әйткенмен, қазіргі технологиялық өзгеріс жағдайында бір рет алған білік ұзақ жылға жетпейді. Жаңа жабдық шыққан сайын оқытушының да білімі жаңарып отырса керек. Өйткені, ертеңгі маманға жаңа дағды үйрету үшін бүгінгі ұстаздың өзі сол технологияны жетік меңгеруі шарт.

Мүмкіндік мекенге қарамауы керек
Кадр даярлау ісіндегі тағы бір мәселе – қала мен ауыл арасындағы мүмкіндік айырмасы. Ауылдық мектептерде пән мұғалімдерінің тапшылығы, жабдықтардың ескіруі, қосымша бағыттардың аздығы байқалады. Мұндай алшақтық кейін баланың мамандық таңдауына да әсер етуі ықтимал.
Аймақта бұл түйткілді тарқату үшін мектептерді жаңа зертханалармен жарақтандыру жұмыстары жүйелі. Мұндағы мәселе қарапайым. Ертең инженер, энергетик, технолог немесе агроном болар бала міндетті түрде облыс орталығында туып-өсуге тиіс емес. Техникалық білімге қызығуға, заманауи жабдықпен жұмыс істеуге ауыл оқушысының да мүмкіндігі болуы керек.
Бүгін сұранысқа ие кәсіп ертең басқа мазмұнға көшуі мүмкін. Ал, қазір тосын естілетін мамандық бірнеше жылдан кейін аса қажет салаға айналуы ғажап емес.
Ертең маман таппай сабылмаудың жолы – оның кәсібін бүгіннен тану.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



