Бас тақырыпОблыс әкімі

Бизнес дамуында қарқын бар

Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен облысқа 1,7 млрд. теңге бөлініп, 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Өткен жылмен салыстырғанда қолдауға ие болған жобалар саны 78% -ға артып, инвестиция сомасы 2,6 есеге өскен. Ал, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Жаңаарқа, Нұра, Ұлытау аудандарының орталықтарында 26 жоба жүзеге асырылуда. Осы және өзге де мәселелер жөнінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен аппарат жиынында айтылды.

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ КӨШ БАСТАП ТҰР

Облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Абылаеваның айтуынша, өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласындағы жобалар көш бастап тұр. Бұл бағдарлама бойынша барлық жобалардың 52%-ын (58 жоба) құрайды. Оның ішінде, атап айтсақ, химиялық тазалау, жалға алу, тау-кен өнеркәсібі үшін техникалық қолдау бойынша 16 жоба (14%), білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметтерде – 8 жоба (7%), туризмде – 9 жоба (8%) қарастырылған. Сондай-ақ, сауда ісіне 15 жоба (13,4%), құрылысқа – 4 жоба (3,6%), ауыл шаруашылығына 2 жоба (1,8%) бағытталған. Аталған жобалардың қатарында шұлық бұйымдарын шығару бойынша «Тэгам» ЖШС, жиһаз шығару бойынша «№1 эксперименталдық зауыт» ЖШС, ұн-жарма дайындау бойынша «Ақжайық» ЖШС және тағы басқалары қолдауға ие болған. Ал, «№2 Қарағанды автобус паркі» және «Альфарух Логистик» орталығы көлік және қоймалау саласында үздіктер қатарынан көрінген.

Денсаулық сақтау саласындағы «Көз микрохирургиясы орталығы» және «№1 балалар емханасының» халыққа көрсеткен сапалы қызметі саладағы кәсіпкерлердің белсенділігін арттырған. Сондай-ақ, осы үрдіс мектепке дейінгі білім беру саласында да байқалған. Жобалардың басым көпшілігі халықтың тұтынушылық сұранысын өтеуге бағытталған.

БЕС ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Жалпы, кепілдікпен қамтамасыз ету жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін Даму қоры несие сомасының 85%-на дейін және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін 50%-ға дейін мөлшерде кепілдік беретіні белгілі. Өткен жылмен салыстырғанда сол кепілдіктердің саны 3,4 есе өсіп, сомасы 87,5%-ға артқан. Осы орайда кепілдендіру бойынша Жезқазған (субсидиялау – 19 жоба, кепілдендіру – 11 жоба), Теміртау (субсидиялау – 16 жоба, кепілдендіру – 6 жоба) және Саран секілді (субсидиялау – 8 жоба, кепілдендіру – 14 жоба) моноқалаларда жоғары белсенділік байқалған.

Жалпы, гранттық қаржыландыру құралын іске асыруға 55 млн. теңге қарастырылғанын ескерсек, биыл кәсіпкерлер тарапынан грантқа 219 өтінім келіп түскен.

Татьяна Абылаеваның сөзіне сүйенсек, грант 3 млн. теңгеге дейін берілуі мүмкін екенін ескере отырып, ең жоғары сома бойынша 18 грант беру мүмкіндігі бар. Жобаларды іріктеу кезінде бизнесидеялардың жаңалығы (мүгедектер үшін қолданылмайды), бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі мен оны өндіріске енгізуге дайындығы ескеріледі.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының маңызды бір бағыты – өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылатын қаржылай емес қолдау шаралары. Осы орайда биыл кәсіпкерлік сабақтарын барлығы 1300 адам оқыған. Кәсіпкерлерге 27 мыңнан астам сервистік қызмет көрсетілген. Қаржылық емес қолдаудың нәтижесінде 747 кәсіпкер 4,2 млрд. теңге қаржыға өз бизнес-идеялары мен жобаларын жүзеге асырған.

– Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 497 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, бағдарлама қолданысқа енген 2010 жылдан бастап қатысушы кәсіпорындардың өнім көлемі 9 жыл ішінде 1,3 трлн. теңгені, ал салықтық түсімдер жиынтығы 85,1 млрд. теңгені құрады. Бағдарлама жүзеге асқаннан бері 33,3 мың жұмыс орны сақталып, 6,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Татьяна Абылаева.

АУЫЛДАРДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында облыстың 3 аудан орталығында 26 жоба іске асырылуда. Осы мақсатта Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде 10 жоба жұмысын бастады. Қазіргі таңда оның сегізі аяқталды. Әсіресе, көшеде автожолдарды орташа жөндеу, жарықтандыру желілерін орнату, жарықтандыру тіректерін орнату жұмыстары жүруде. Қазандықтарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Ал, Нұра ауданының Нұра ауылында 6 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда оның бесеуі аяқталды. Көшелерге жарықтандыру тіректері орнатылып, «Нұра» стадионы мен балалар өнер мектебі, сондай-ақ тарихи-өлкетану мұражайының ғимаратын жөндеу жұмыстары басталып кетті.

 Бүгінде Ұлытау ауданының Ұлытау селосында «Ауыл – Ел бесігі» бойынша жоспарланған 10 жобаның алтауы аяқталды. Аудандағы №1 орта мектеп ғимаратын және мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ғимаратының қасбетін, Сәтбаев көшесіндегі кентішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жалпы, жоғарыда аталған жұмыстар бағытымен «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 1 млрд.489,1 млн. теңге бөлінді. Осы орайда жоспарланып, іске асатын жұмыстар инженерлік, көлік инфрақұрылымы объектілері мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамытуға бағытталмақ.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button