Жаңалықтар

Біздің Қаскең

         Мен Қасымбек Медиұлын 1985 жылдың қазан айынан бастап білемін. Сол уақытта аудандық партия комитетінің пленумы болып, Қасымбек Медиұлы Жезді аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып бірауыздан сайланды. Сол күннен бастап, аудан активінің алдына жұмыс уақытында тәртіпті және берілген тапсырмаларды дер кезінде орындалуын қатаң тапсырған болатын.
Ауданды үш жылдай басқарып, тізгінді қолға алған уақытында жауапкершілікті қатты сезініп, абыройлы да, адал еңбек етті. Жезді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін барлық күш-жігерін, білімін аямай жұмсады. Сол үшін Жезді ауданының жұртшылығы осы күнге дейін «Біздің Қаскең» деп, ол кісінің есімін ерекше құрметпен атайды. Өйткені, мен білетін Медиевтің басшылығы халықшыл сипатта болып, ол кісі еңбек адамдарының қарапайым қажетіне өте сергек қарайтын. Жадымда жатталған мына бір оқиға арқылы бірінші хатшының азаматтық келбетін таныған едім. «Жетіқоңыр» совхозын аралап жүргенде, бір атақты шопан бірінші хатшыға өзінің жеке өтінішін айтады. Әлгі шопанның студент баласы «Желтоқсан оқиғасына» қатысы бар деген желеумен істі болып, абақтыға жабылған екен. Шопан – сот үкімінің әділетсіздігіне наразы. «Желтоқсан оқиғасы» саяси тұрғыдан бірінші хатшы араласып, мәселенің мән-жайын зерделейтін ұсақ-түйек дүние емес. Соған Қаскеңнің батылы жетті. Ақыры, әлгі қойшының баласы тікелей Қасымбек Медиұлының ықпалымен ақталып, 1987 жылдың жазында туған ауылына босап келді.
Қаскеңнің азаматтығын таныту үшін жүздеген мысал келтіруге болады. Бірде аудандық партия комитетінің бюросында кезінде мықты спортшы болған азаматтың моральдық тәртібі қаралды. Айыбы – ішкілікке салынған, бірнеше мәрте еңбек тәртібін бұзған. Осы азаматты партия қатарынан шығару туралы шешімнің жобасы да дайындалып қойған екен. Бірінші хатшы адам тағдырына бейжай қарамайтыныдығын танытты. Оның жастығын, отбасының (бес баласы бар) жағдайын ескеріп, қатаң сөгіспен партия қатарында қалдырды. Сол азамат кейін түзу жолға түсіп, тамаша болып кетті.
Жезді ауданының жер көлемі өте үлкен, жазы ыстық, қысы суық, жартылай шөлейтті жерде орналасқан. Сондай-ақ, аудан бес облыспен шектеседі. Осынша аумақта бар-жоғы 6 совхоз, 3 өндіріс орны бар. Жезді поселкесі – ауданның әкімшілік орталығы. Халқының саны – 10 мың.
Хатшы алғашқы күннен-ақ аудан орталығын абаттандыруды қолға алып, біріншіден жан-жаққа қатынайтын автобустар тұратын жерді дұрыстатып, автостанция жұмысын ретке келтірді. Поселкедегі үйлердің айналасын қоқыстан тазартып, оларды әкетті, қоршауларын жөнге келтіріп, бояттырады. Аудан орталығындағы көлік және адамдар жүретін жолдарды қайта салдырды. Жол бойына, көпшілік жүре­тін жерлерге жаңадан темір қоқыс жәшіктерін орнаттырды (олар осы күнге дейін бар).
Бұрын аудан орталығында тұрғындар бос уақытында демалатын арнайы орын жоқ болатын. Оны да бірінші хатшы ойластырып, оның барлық құжаттарын жасатып, іске асыруға кірісіп те кетті. Жезді кентінің орталығында, Мәдениет сарайының алдында бос жер болатын, сол жерді пайдалану жөнінде шешім қабылданды. Ол жердің шамамен алғанда ұзындығы 100-150, ені 100 метрге жететін. Алаңның күншығысына биіктігі 5-6 метрге жуық қабырға тұрғызды, оны мрамормен қаптатып, Көкшетаудан әкелген 30 шақты қарағайларды отырғызды, қазіргі кезде олардың биіктігі 7-8 метрдей. Алаңды қоршаттырды, адамдар отыратын орындықтар қойғызды. Алаңға гүл шоқтары мен арша бұтақтарын да екті. Ең соңында мәрмәрмен қапталған қабырғаға суретшілердің қолдан салған, жаңадан салынған Социалистік Еңбек Ерлерінің, өндіріс және ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салалар озаттарының суреттерін ілгізді. Алаңға электр шамдары орнатылды. Алаң төрінде В.Лениннің ескерткіші бой көтерді. Оның биіктігі – 8-10 метрдей. Қорыта айтқанда мұндай алаң сол кездегі Жезқазған облысында жалғыз болатын.
Жезді халқын Қасымбек Медиұлы тазалыққа үйретіп, оны ерекше жоғары орынға қойып, осыған дағдыландырды.
Бірінші хатшы аудан мәдениетін назардан тыс қалдырған жоқ, оны өркендетудің жолдарын белгілеп отырды. Соның нәтижесінде «Жезді вальсі» жарық көрді. Вальсті аудан жастары мен барлық жұртшылық жаттап алып, осы күнге дейін айтып жүр.
1987 жылы бұл аймақта қыс қатты болды. Бірде қар жауып, борандатса соңынан жаңбыр жауып, барлық жол қатынастары жабылып, әсіресе мал шаруашылығын қиындата түсті. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыруымен жиі кездескен қиыншылықтарды, еңбеккерлердің зор ұйымшылдығының арқасында жеңе білді. Осы қыста қоғамдық және жекеменшік малдардың орынсыз шығын болуына жол берілмеді. Шөбі таусылған қыстақтарға тік­ұшақпен шөп тасыған бір хатшы болса, ол – Қасымбек Медиев шығар. Оның өзі тікелей Қаскеңнің беделімен шешілген мүмкіндік еді. ҚазССР Әуе флотының Қолбасшысына тікелей байланысқа шығып, ауданға үш тікұшақ алдырғанын жезділіктер аңыздай жырлап айтады.
Халық үшін еңбек еткен азамат үнемі сол халықтың назарында жүреді, ыстық ықыласына оранады, қалаулысына айналады. Жезділіктер Қасымбек Медиұлын осы күнге дейін «біздің Қасекең» деп айтып отырады.

Хусейн ТӨЛЕУБАЕВ,
1986-1989 ж.ж. Жезді ауданы халықтық
бақылау комитетінің төрағасы
тыл ардагері, зейнеткер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button