Бір уыс топырақ

Тұрысбек қажының кәмпескеге дейін төрт құбыласы түгел-тін. Төрт бұрышын түгендеп тұрған төрт ұлы бар-тын. Төртеуі тірі тұрғанда төбедегісі келетіндей еді. Бірақ, «бай-құлақ» деген жала – ақыры жақындарынан айырып тынды 28-жылдары. Қыдыр дарып, ырысқа айналған мал-мүлкі қызылдар қырына алғанда қырсық боп жабысты. Амалсыз, Алматы асқан қажының соңғы демі сондағы Көктөбеде үзіліпті. Қажыдан қалған тұяқтары осымен көрген зауал тынған шығар деген. Олай емес екен. Соғыс деген қасіреттен көзден ағар сора мен тартар сордың азабы әлі алда көрінеді…

Ұлдың үлкені алғашқылардың қатарында соғысқа аттанды. Одан кейінгі баласы 32-нің зобалаңында көз жұмды. Аштықтан емес, астындағы атын жолаушылаған сапарда ашыққан елдің сойып жеп қойғанынан. Содан елге жаяужалпылап жол тартқан ол атамыз ауылға жетер-жетпесте бақилық бопты. Одан кейінгі ұлы «халық жауы» атанып ұсталып кетті. Кенже ұлы – мұғалім Қабілез Игіліков өзі сұранып соғысқа аттанды. Содан оралмады. Мүрдесінің қайда жатқаны кешегі күнге дейін беймәлім-тін. Соңғы жылдары интернет ресурстарының жақсы дамығандығының, Ресейдің із кесушілер ұйымдарының еңбегінің арқасында ғана мәлім болды. Сонымен, интернет арқылы іздестірудің нәтижесі Қабілез Игіліковтің 212 Кричев АД, 369- АП құрамында қатардағы жауынгер ретінде соғысқа кіргенін көрсетеді. Топырақ бұйырған өлке – Украинаның Ровно облысы, Высоцк селосы, Озерск деревнясы. 1944 жылдың 8 наурызында қаза тапқан. Аталған сайттағы мәліметтер бауырластар қабіріне нұсқайды. Онда 627 жауынгер жерленіпті. Соның арасында 577 жауынгердің дерегі белгілі, ал 51-нің аты-жөні әлі күнге анықталмаған.

Тұрысбек қажының дүйім әулеті қазірге дейін аузынан тастамайтын сол кіші атамыз хақында айтпақпыз бүгін.

Ресейдің «Память Народа» сайтындағы «Демографиялық тізімде» және еліміздің «Боздақтар»» кітабында Қабілез Тұрысбекұлы Игіліковтің есімі бар. «Память Народа» сайтындағы «Демографиялық тізімде» «Қай жердің тумасы деген тұста «Шет ауданы Нуринский сельсоветі» деп жазылған. «Әлеуметтік жағдайы – ауыл мұғалімі. Туған жылы – 1909 жыл» деп тұр. Отбасылық жағдайына шешеміздің аты-жөні, мекен-жайы көрсетіліпті.

Әкем Асқардың айтуынша, әскерге Қабілез атамызды әскери комиссариат шақыртпаған. Оған мектепте мұғалімдігі әсер етіпті. Алайда, ажал айдап барды ма, әлде, дәм-тұзы таусылайын деп тұр ма, өз еркімен қояр да-қоймай аттанып кетіпті. Бұл 1941 жылдың қыркүйек айы шамасы. Соңында «қош!» десіп, жұбайы мен апайымыз Көкіш қалыпты. Ол кезде Көкіш апамыз – 2-3 жастағы бала, сірә.

Содан не керек, арагідік хат келіп тұрған. Өзі – мұғалім. Хаттарын өлеңдетіп жібереді екен. Сол хаттардың біразын әжелеріміз бала күнімізде жатқа айтатын.

Әкем бір хаты 36 шумақтан тұратынын еске алады. Онда туған-туыс, ел-жұрттың, құрбықұрдастың, шәкірттерінің амандығын сұрайды. Осы күні туысқандардың аузында жүрген сол хаттың үзіндісі мынадай…

«Қолыма хат жазғалы алдым қалам,

Халқым-ау, мен кетті деп болма алаң.

Ауылдың әке-шешей, ақсақалы,

Білдірер амандықты алыста жүрген балаң.

Тоғанбай, Нұраменен жерім – Кежек,

Жүруші ем жорға мініп, басын тежеп.

Мен кеттім дәм тартқан соң Армияға

Отанды қорғау үшін келді кезек.

Көкенім, айналайын, жаным, ерек,

Туғаннан жатпаушы едің менен бөлек.

Ақыры, Тәңір өзі жарылқасын,

Кеттім ғой ұзақ сапар сенен бөлек.

Сақыжан, Сукен менен жеңгем Шабақ,

Болмаңдар бір-біріңе қырын қабақ.

Барамыз біздер әлі аман болсақ,

Олқылықтың сонда бір орны толмақ…

…Рымқұл амансың ба, Кәрімменен,

Жүрсің бе ойнап күліп, парыңменен?

Егер де осы хатым бара қалса,

Оқып бер ел-жұртыма әніменен…»

Алдында есімдері аталған Көкен – жалғыз қызы, Көкіш апайымыз. Одан кейінгілері ағаларының балалары, жеңгелері, соңғы шумақтағы Кәрім мен Рымқұл шәкірті дейді. Кәрім – Шет ауданында ұзақ жылдар қызмет істеген, ауданда әкім болған Қайыржан Тілеубергенов ағамыздың әкесі екен…

Хатта аталған елді мекендерде Қабілез атамыз сабақ беріпті. Бала оқытыпты. Шет ауданында сол кезеңде атамыздан сабақ алған шәкірттерінің үрім-бұтағы ендігі немерелі-шөберелі тұрмыс кешіп отыр.

Ал, соңғы хаты қашан келгенін қазір ешкім дәлме-дәл айта алмайды. Көнекөздер қайтқан. Бірақ, есте қалғаны – әуелде хабарошарсыз кеткендер қатарында деген хабар жеткен. Сол уақытта «қаза болды» дегеннен гөрі бұл да бір үміт сыйлаған ақпар-тын. Алайда, ол қуаныш ұзаққа бармапты. 1944 жылы сәуірдің 20- да «қара қағаз» келген. Бұл туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің №2 кітабында жазылыпты.

Ал, енді атамыздың жатқан жерін табуға аудандық архивтің басшысы Көмек Мықышевтың жәрдемдескенін айтады әкей. Бұл – Жеңістің 70 жылдығы қарсаңындатын.

Осы мәліметтер анықталған соң әкей басшы, Көшайым апайымыздың балалары қосшы болып, аудан орталығындағы мемориалдық тақтаға аты-жөні жазылды.

Атамыздың жиен немерелері алдағы уақытта қабірінің басына барып, құран оқытуды мақсат тұтып жүр. Атамыздың хатта аузынан тастамайтын жалғыз қызы – Көшайым апайымыз бұл күнде 80 жастан асып кетті. Үбірлі-шүбірлі. Әкесінің майданнан қайтпай қалғанына қан жұтып қапаланғанын кішкентай күнімізде талай көріп едік.

Бүгін Жеңіс күні қарсаңында атамызды текке еске алып отырғанымыз жоқ. Бүтін бір әулеттің шамшырағы – мұғалім атамызға туған жердің топырағы бұйырмады. Туған-туысы топырақ сала алмады. Тіпті, қайда жатқанын да білмей дал еді. Арада 76 жыл өтіпті – атамыз жат жұртта қалғалы. Туған жердің топырағын іздейді ғой рухы. Сол себепті, бүгін осы жазбамды Тұрысбек қажы әулетінің атама салған бір уыс топырағына баладым. Ұрпағыңнан, туған елден барған бір уыс топырақ осы болсыншы, ата. Бір уыс топырақ…

Қызғалдақ АЙТЖАН.