Тағзым

Бір уыс бидай немесе соңғы сапардың салмағы

Кеше ғана еді ғой, екеуміз сапарлас болып, Астанаға Серікзат досымызға көңіл айтуға барғанымыз… Сондай сергек едің ғой, Сейіл аға! Неге осылай аяқталды бәрі?

Жол бойы шешіліп әңгімелесіп, өкінішіңді де, өтінішіңді де айтып қалдың… Жолға алып шыққан қуырылған бидайыңның бір уысын маған беріп:

– Бекім, мына бидайды керемет жақсы көремін. Асқазанға да ем, бойға да қуат, – деп, менің денсаулығыма алаңдап жүргеніңді де сездірген еді сезімтал жүрегің.

Бала күнімізде анамыз шөпшек жағып, табаға қуыратын бидай ғой. Алыс күндердің еншісінде қалған дәм аузыма келіп, ой-қиялыммен балалық шаққа саяхаттап кеткендей болдым. Сол дәмді қайта сезіндірген өзің едің ғой, Сейіл аға!

– Шыңғыс соңымнан ерген қара ғой, Бекім. Сол ұлға тұрақты жұмыстың ыңғайы келмей жүр. Атаанамның аманаты ғой – Шыңғысым. Бір реті келіп жатса, ыңғайын келтіріп жіберерсің, – деп, Шыңғыс бауырымызды маған аманаттаған екенсің сол жолы. Мен оны кеше сездім. Еліңе сұлу ән сыйлап жүрген қоңыр үніңе мұң араласқанына да мән бермеппін.

Сапардан оралған соң, бірден Шыңғыстың жұмысын шешкендей болып, өзіңе телефон соқтым. Жауап болмады. Сөйтсем, жағдай осылай болған екен. Қайтейін?! Сол телефоның әлі үнсіз. Енді мәңгі шырылдамайды. Сен маған қоңырау шалып, өтініш айтпайсың… Мен де саған қоңырау шала алмаймын.

Қандай өкінішті?! Бір уыс бидай беріп, Шыңғысты аманаттап, кете бардың.

Алғашқы қайырмасына жетпей үзілген сұлу ән секілді сенің сырбаз болмыс, сыпайы қалпың көзден мәңгіге ғайып болды. Орындаған әндерің де сағыныш сазын шертіп тұрушы еді. Енді өзің сағынышқа айналасың. Мәңгі сағынып өтеміз, Сейіл аға!

Сейілдің мынау жалғандағы сейіл-серуені аяқталғанымен, бүкіл Алаш жұртын, қазақ баласын тербеткен әні мәңгілік жасайды. Өшпейтін, көмескіленбейтін ән қалдырдың!

Мен болсам, аузымнан сен ұсынған бір уыс бидайдың дәмі кетпей, бірге болған соңғы сапардың салмағына өлшем таппай отырмын. Мұңайып. Егіліп…

Бақұл бол, аяулы Аға!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button