Бильярдтың дамуы неге бәсең?
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, Қарағанды қаласы бойынша бильярд ойнайтын 17 зал бар екен. Әрине, бұл алып қала үшін аз көрсеткіш. Осы санаулы залдың тек танымалына ғана жұрт бас сұғады. Олардың қатарында – «Duplet», «Олимп», «Camelot», «Residenz», «Billiard_kz», «Свояк», «Corona», «Әлем», «Эгида» сынды бильярд залдары бар. Бірақ, бұл жерлерде тек бильярд қана емес, өзге де бизнес көзі болар дүниелер шоғырланған.
Әлем чемпионы – қарағандылық
Бильярдтан 2015 жылдың чемпионы Әлібек Омаров Қарағандының тумасы. Қарағанды бильярдынан бастау алып, қатарға қосылған спортшылар аз емес.
– Қарағанды бойынша бильярд спортына еңбегі сіңген, бірнеше шәкірт тәрбиелеп баптаған мықты бапкер, бильярдтан спорт шебері Ғинаят Әфсанаттың атқарған жұмысын айтпай кетпеске болмас. Бәріміз сол кісінің тәлімін алып қанат қақтық. Ол талантын ұштап, топқа қосқан танымал бильярдшының бірі осы қарағандылық Әлібек Омаров. Қазіргі таңда халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2015 жылғы әлем чемпионы. Ал, сол Ғинаят Әфсанат тәрбиелеп, осы Әлібектердің соңынан ерген қарағандылық бүгінгі толқындар ол – Жәнібек Қазыбеков. Жәнібек Қазақстан чемпионы. Жуырда ғана Қазақстан кубогін жеңіп, жерлестерін қуантты. Небәрі 20 жасында осындай шыңды бағындыру бұл жалпы Қарағандыда бильярд спортының қарқыны қалай деген сұраққа жауап беріп тұрған секілді. Бүгінгі күні чемпионымыз Алматы қаласында тәжірибесін шыңдауда, – дейді облыстың бильярд спорт федерациясының президенті Қанат Қыстафин.
Сонымен қатар, федерация президентінің сөзіне сүйенсек, облыс бойынша Евгений Смирнов, Дмитрий Кирилов сынды бильярдтың жұлдыздары бар. Олар жылына төрт рет болатын Қазақстан кубогінде сайысқа түсіп жүр.
Қазақстанда бильярд федерациясы 1992 жылы құрылған болса, осы мерзім аралығында бильярдтан отандық спортшылардың жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Біздің спорт шыларымыз әлемдік турнирлерге 2000 жылдардан бастап қатыса бастады. Содан бері Қазақстанда бильярдтан сегіз рет Азия, үш рет әлем чемпионаты өткен.
Тастаяқтан пайда тақыл-тұқыл
Иә, облыс бойынша тасы өрге домалап-ақ тұр екен бұл ойынның. Республика көлемінде де тастаяқпен әуесқой айналысып, кейінде кәсіпқойлыққа көтерілген жүйріктер баршылық. Олардың қатарына Әлихан Қаранеев, Дәурен Орынбаев, Қаныбек Сағындықов, Ернар Шымбаев секілді мықтыларды қосуға болады. Мысалы, Ернар Шымбаев халықаралық деңгейдегі жарыстарда бағын әлі сынап жүр.
Ал, Қарағандының қарапайым жұртшылығының тастаяққа көзқарасы қалай?
– Бильярд аса үлкен тактиканы, мұқият әдіс-тәсілді және шеберлікті қажет етеді. Кейде, қарсылас ойыншылардың психикалық ахуалы да бір-біріне әсер етуі ғажап емес. Ойын барысында бильярд үстелін айналып жүріп, бірнеше шақырым жүріп тастағаныңды да байқамай қаласың. Мұның өзі қан айналымға оң әсерін береді. Аса шебер ойнамасақ та, әлдебір басқосуларда қолға кий алып тұрамыз. Бір айта кетерлігі, Қарағандыда тастаяқтан пайда тауып, асып-тастым деген жанды көрмедім. Бұған кәсіпқой деңгейдегі жарыстардың ұйымдастырылмауы, әлде арнайы айналысар бірлестіктің жоқтығы әсер ете ме, білмеймін. Әйтеуір, басқа қалаларға қарағанда Қарағандыда бильярд кенжелеп қалған. Көп келуші мұнда бір сағат, екі сағатқа ғана келеді. Ол орта есеппен 1500-3000 мың теңге пайда. Ал, күніне сол бірді-екілі кісіден басқа келуші келмеуі де мүмкін, – дейді «Камелот» бильярд орталығының басшысы Евгений Аврамчук.
Бильярд ойнаған біртуарлар
Бильярдты ұлтымыздың біртуар тұлғалары ойнағаны туралы ел арасында аңыз етіп айтылады. Білуімізше, әйгілі ақын-жазушыларымыздың көбі тастаяққа тосырқай қарамапты. Сонау бір жылдары Қарағандыда өткен халықаралық бильярд турнирлері де еміс-еміс болса да, ел есінде. Ал, сол турнирлерде бас жүлдені Ақселеу Сейдімбектің алғанын, қазақтың Қадыр Мырза Әлиінің осында әдейі келіп, ойнағанын бүгінде біреу білер, біреу білмес. Осы күні тастаяқты тәуір ойнаушының бірі – ақын-жазушы Серік Сағынтай.
– Бильярдты бір кісідей ойнаймыз. Шығармашылық адамының жанына жақын ойын десем артық емес. Ойлануға, ой жинақтауға, ой қорытуға таптырмас құрал. Бильярдты екінің бірі ойнай бермейді. Оны ойнаған жанның жаратылыс танымы да өзгеге ұқсамайтын ерек келеді. Мына Оңтүстік-Шығыс ауданында «Созвездие» деген бильярд ойнайтын клуб болған. Қазір жоқ. Онда Беляев атындағы турнирлер ұйымдастырылушы еді. Бірде сол жерге Тілеген Әділов бауырым екеуміз бардық. Біз барардан бірер күн бұрын бильярдтан турнир өтіп, Ақселеу Сейдімбек бас жүлде алған екен. Содан не керек, барсақ, тағы сол көлденең көк үстелдің үстінде шар қағыстырған қалың қауым. Тілеген менен бұрын кіріп кеткен. Бір кезде «Секе, мында қараңыз», деп түрте берді. Қарасам, Қадыр Мырза Әли, Жанарбек Әшімжан ағаларымыз жүр арасында. Иә, одан бері бірнеше жылдың жүзі шайылды. Қазір сол Қадыр ағалардан есті естеліктер ғана қалды. Қазақтың Қадыры да ойнаған бұл бильярдты, – дейді Серік Сағынтай.
Тағы бір сыр ашар болсақ, бильярд десек, «Қазақстанға бильярдты әкелген – Ғабең» деген сөзді жиі естиміз. Аға буын өкілдері, оның ішінде, ақын-жазушылардың айтуынша, Ғабит Мүсірепов бұл ойынды сүйіп ойнаған көрінеді. Себебі, тұлғаның ойынша, бильярд шығармашылық адамдарына мотивация береді һәм ой-өрісін кеңітеді. Бүгінде елімізде Ғабит Мүсірепов атында республикалық турнир өтіп тұрады. Ал, Ғабит Мүсіреповтің пайымы бүгінгі қазақтың бильярд сүйер қауымына өсиет әрі бой түзер ұранға айналды.
Бұдан аңғарғанымыз, ақынжазушыны бұл ойын магнитше тартады екен. Өйткені, ардагер журналист Сүйіндік Жанысбайдың да бильярдты сүйіп ойнайтынын естіген едік. Осы орайда өзімен де тілдестік. Расында да, солай екен: Сүйіндік аға да бильярдты тәп-тәуір ойнайтын көрінеді.
– Кезінде осы ойынның қадірін аса білмедік. Негізі, адам денсаулығына пайдасы зор спорттың бір түрі осы бильярд. Жастар жеңімпаз атанып, дамуына атсалысса, біз жас ұлғайғанына қарай ойынның пайдасын көрудеміз. Ауылдың қариялары мысалы, күніне бәлен шақырым жүреді екен. Бала-шағаға бас-көз болып, әр істің басы-қасында қадағалап жүреді. Солай бойға қан жүгіріп, қимыл-қозғалыс ширайды. Біз қалада болған соң сыртта қауырт шаруаң жоқ. Аяңдап, бильярд ойнап, бой жазғанды жан қалап тұрады. Өзіміз осы «Тотал», «Qazbar09» секілді залдарға барып жүрміз. Ойын алаңдары кең, әрі өзіміз құралпы кісілер көп келеді. Солармен әңгіме құрып, шар жарыстырған бүгінде бір ғанибетке айналды, – дейді Сүйіндік Жанысбай.
Денсаулыққа пайдасы зор
Расында, бұл сөздің жаны бар. Дәрігерлердің айтуынша, денсаулыққа пайдасы айтарлық-ақ.
– Тастаяқ ойыны физикалық тұрғыдан жақсы сезінуге арналған ингредиенттерге толы. Өз басым, әріптестермен жиналғанда ойнағанды ұнатамын. Шынында да, бильярд ойнаған кезде сіз тыныс алуыңызға назар аударасыз. Бұл ойынның денеңіздегі бұлшық еттерге, сондай-ақ, оның тепе-теңдігіне ықпалы бар. Кейде үстелдегі шарға жету үшін бір аяқпен тұруға немесе, тіпті, әдеттегіден бөлекше қозғалуға тура келеді. Сондай-ақ, тастаяқ ойнау йогаға ұқсайды. Сіз ойында жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін денеңіз бен ақыл-ойыңызды тыңдайсыз. Дене санаға бағынады да, кез келген икемге ыңғайланасыз. Осы кезде адамның сүйектері мен буындары иіліп-бүгіліп, жаттығу жасайды. Бұл болса, түрлі аурулардың алдын алады. Бильярд – әуелден танып, біліп ойнауды талап ететін ойынның бірі. Тастаяқ ойыны бізде кенжелеп тұр. Осы бір ойын түрін кәсіби тұрғыда меңгерген мамандар жетіспейді-ақ, – дейді Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана функционалдық бөлімінің меңгерушісі Ерлан Тұрағұлұлы.
Ойынды бір сағат мұғдарында ойнаған қатардағы қарапайым адам да мұны сезіне алады. Күні бой креслода отырып, жауырыны қарысқан жанның құрыс-тырысы жазылып, бойы сергиді. Ойыншылардың көбінің айтуынша, тамақ тарқатуға да пайдасы зор. Кардио қозғалыс жиі болғандықтан, адам баласының ішкі құрылысы қозғалып, ішкен-жегені бойға жедел түрде сіңеді деседі.
Дегенмен, бізде оның әлі де баяғы қалыпқа түсіп, қанат жая алмай тұрғаны анық. Қарағандыдағы ахуал дәл соны айғақтайды. Арагідік өткізілетін турнирлер тастаяқтың тасын өрге домалата алмай келеді. Осы орайда, қала мәдениеті мен спорты және тағы басқа сан салада жүрген тастаяқ сүйер қауымға үндеу салып, турнирлер ұйымдастырылса, жалпы, облыс орталығында бильярд клубтарының саны көбейіп, сапасы артса, нұр үстіне нұр болар еді-ау…
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz