Елімізде мал азығының 93,7 пайызы дайын
Елімізде 2026-2027 жылдардағы қысқы қорада ұстау кезеңіне дайындық аясында мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

Өңірлер әкімдіктерінің жедел мәліметтеріне сәйкес, бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал азығының барлық түрі бойынша 38,7 млн тонна азық дайындаған. Бұл жоспарланған көлемнің 93,7 пайызына тең.
Атап айтқанда, 26,4 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,3 млн тонна сүрлем, 4,3 млн тонна сабан және 3,4 млн тонна құрама жем әзірленді.
Шөп дайындау жоспарының артығымен орындалуы қосымша сақтандыру қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қолайсыз ауа райы жағдайлары туындаған жағдайда мал шаруашылығының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қысқы қорада ұстау кезеңі басталғанға дейін 25,7 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жұмыстардың негізгі мақсаты – мал шаруашылығы нысандарын қажетті азық қорымен қамтамасыз етіп, алдағы қысқы кезеңді тұрақты өткізу.
Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq.kz



