#Biz birgemiz!

Берекелі іс бірлігімізді байқатты

«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дейді. Иә, су кешетіндей заман емес қой. Бірақ, мұндағы айтқымыз келгені – елдің жоғын түгендеп жүрген жомарт жандардың жоқ емес екендігі. Солардың бірі – ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА ағамыз бас болып, басы-қасында жүрген «Зекет», «Ана-Мама» қорларының көңілге қонымды істері. Бірлік пен сабырдың арқасында қиындықтың денін өткердік. Күдігіміз сейілді, ертеңгі күнге деген үмітіміз ұлғайды. Көңіл марқаяды. Елдің бекем бірлігінің барына…

Жоғарыдағы екі қор қаладағы әр мешіттің қабырғасында игілікті жұмыс жасауда. Айтпақшы, қор Жаратқан жақсылығынан үміт күткендердің бергенімен (қаражат, азық-түлік) толығады. Естуімізше, қажет азық-түлікті тонналап үйіп төгетін кәсіпорын басшылары баршылық.

Тіпті, өздері көрінбей, еріктілер арқылы қомақты қаржы табыстайтын қайырымды жандардың да қарасы бар. Міне,  сол қорлар тарапынан әлеуметтік тұрмысы төмен 1150-ден астам отбасыға азық-түлік табысталған. Азық-түліктен бөлек, тәуекел шеңберінде тынбай еңбек етіп жүрген жедел жәрдем қызметкерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлер мен бірнеше әлеуметтік аз қамтылған отбасыға ыстық тағам үлестіріп отыр. Еңбегі ерен еріктілердің атсалысуымен 2150 дана бетперде халыққа тегін таратылып, елордаға 300 данасы жіберілген. Мұндай игі істердің алдағы күндері жалғасын табатынына еш шүбә келтірмейміз. Өйткені, халқына қарайласқан қайырымды жандардың қатары мол екеніне көз анық жетті. Қазіргі ахуал ел бірлігінің бекем екенін дәлелдеді десек те болады.

Осы секілді атқаралып жатқан ізгілікті шаралар қатары тек Қарағанды қаласында ғана емес. Облысқа қарасты қала, аудан мешіттері де өз аймақтарында игілікті істің ілгері басуына білек сыбана кіріскен.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button