#Biz birgemiz!АймақОсакаров

Шапағаты мол шара

ҚМДБ «Зекет» қорының бастамасымен «Өмірге үміт сыйла!» атты қайырымдылық шара қолға алынған болатын. Сол игілікті шара Осакаров ауданында да абыроймен жүзеге асты.

Біз ел басына күн туғанда асарлатып, жылу жинап, қайырымдылық ісінде шет қалмаған халықпыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қоры «Өмірге үміт сыйла» атты акциясын ұйымдастырып, жамағат пен демеуші азаматтардың көмегімен 255 дана оттегі желдеткішін еліміздегі ауруханаларға жеткізді. Діни басқарманың мұрындық болуымен 200 мыңнан астам отбасыға азық-түлік, 42 мыңнан астам медициналық бетперде таратылды, – деген болатын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.

Аталған қайырымдылық шараның шапағаты Осакаров ауданына да тиді. Соның арқасында 20 дана оттегі концентраторы шетелден арнайы тапсырыспен алынып, Осакаров кентіндегі орталық ауруханаға тапсырылыпты. Сонымен қатар, Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының бастамасымен ауруханаға 10 термометр, 10 пульсоксиметр беріліпті.

Осы уақытқа дейін аудандық мешіт жамағаты мен облыстық «Зекет» қоры өкілдігінің ұйытқы болуымен індет кесірінен ауруханаларда жатқан науқастардың дәрі-дәрмектеріне қаржылай және өзге де қажеттіліктеріне сәйкес көмектер берілді. Одан бөлек тұрмысы төмен әулеттерге азық-түлік қоржынын үлестірдік, – дейді ауданның бас имамы Жоламан Яхияев.

Осы секілді шарапаты мол шара облыстың Ақтоғай, Шет, Қарқаралы аудандарында да ұйымдастырылғанын айтты облыстық Әнет баба мешітінің наиб-имамы Құмар Қоныскерей.

Осакаров аудандық аурухана директорының орынбасары Юлия Букхамер игі шараның ұйымдастырушыларына және қайырымдылыққа қол ұшын созған аудан жамағатына алғысын жеткізіп, жақсылық тіледі. 

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button