Жақсылық жаршылары

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақсы адамдар дүниеге нұр шашып, шуаққа бөлейді. Үнемі біздің жанымыздан табылып, жылу сыйлап жүретін Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданының Үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жұпар СМАИЛОВА мен бөлім меңгерушісі Гүлжан ШЫМБОЛОВА және әлеуметтік қызметкер Айжан БЕЙСЕНБАЕВАНЫҢ еңбегі ұшан-теңіз.

Қазіргі қиын-қыстау кезде біз сияқты мүмкіншілігі шектеулі адамдарға қолдарынан келген көмектерін көрсетіп, әрқашан мерекелік шаралар ұйымдастырып, көңіл бөліп, жылы қабақ танытатын осындай өз ісіне адал кәсіби мамандар көп болса екен.

Олар өз отбасылары мен жақын жандарының бар екендігіне қарамастан, біз үшін уақыт тауып, бізбен бірге музей, театр, цирк, көрмелерге барып, әрқайсымыздың көңілімізді таба білді.

Айжан Қалымжанқызы бірімізге қыздай, бірімізге апа-сіңлідей етене араласып, үй шаруасына қолұшын беріп, барар жерімізге апарып, зыр жүгіріп жүреді. Бәріміздің көңілімізден шығуға тырысады. Қашан көрсең де жарқырап, елпілдеп жүреді.

Айжанға осы жазба арқылы шексіз алғыс айтқым келеді. Әрқашан жүзінен күлкі кетпесе екен.

Құрбан айт кезінде көрсеткен көмектері тіптен керемет. Сондай демеушілерді жалықпай іздеп тауып, іс-шара ұйымдастыру сынды машақаты көп істі, тек Айжан сияқты өз ісінің маманы ғана істей алады. Оларды «Жақсылық шырақшылары» дейді.

Гүлқаш ОШАНОВА.