Бейнебақылау – полицияға көмекші
Ақылды ақпараттық технологияларға қоғам кейінгі уақытта жиі жүгіне бастады. Озық технологиялар өз кезегінде қоғамдағы ахуалды жақсартуға ықпал ететінін мойындауға тиіспіз. Адами факторларды жойып, проблеманың дер кезінде анықталуына, жылдам шешілуіне әсері зор екені сөзсіз. Соның бірі – заманауи бейнебақылау камералары. Бұл камералар – қылмыстың алдын алуда, оны төмендетуде, құқықбұзушылықты анықтауға полиция қызметкерлеріне бірден-бір көмекші. Бүгінгі таңда аймақта мұндай жаңашылдықтар облыс орталығымен ғана шектеліп қалған жоқ. Аудандарда жалғасып жатыр. Айталық, Осакаров ауданында осындай 120 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал, биылғы жылдың өзінде 108 камера іске қосылды. Бұдан былай қоғамдық орындардағы жағдайды полиция қызметкерлері камера арқылы бақылай алады.
Ондай көпшілік орындардың қатарында саябақ, базар, алаңдар, вокзал, көше қиылыстары бар. Бейнебақылау камераларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында орнатушы компания – «Перспектива» ЖШС. Камера таспасына жазылған ақпараттар полиция қызметкерлеріне жедел түседі. Полиция қызметкерлері камераларды ұдайы қадағалап отырады.
– Полицияға зор міндет жүктелген. Ол – аудан тұрғындарының қолайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүруін Smart City технологияларын қолдана отырып, қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы полицияның сервистік моделі жобасын іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар, мұнда жұмыстың табысты болуы жергілікті атқарушы органдарға, олардың әрекет етуіне байланысты екенін де атап өткені белгілі. Осакаров ауданы әкімдігінің қолдауымен биыл 108 камера орнатылды. Бұл болса, аудан қауіпсіздігін бақылауда зияткерлік жүйені енгізуге мүмкіндік береді, – дейді Осакаров ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Анатолий Соболевский.
Сондай-ақ, былтыр Молодежный кентінде жергілікті бюджет есебінен 12 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл камералар түнде барлық оқиғаны тіркеуге қабілетті. Кентті айналдыра 5 мың метр талшықты сым тартылып, 12 коммутациялық шкафтардың да қойылуы алдағы уақытта бейнебақылау камерасы қатарын ұлғайтуға мүмкіндік.
Өз тілшімізден.
ОСАКАРОВ ауданы.