ОсакаровБас тақырып

Осакаров ауданында жылына 45 млн кірпіш өндіретін зауыт іске қосылды

Осакаров ауданында 1,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. «Алтын Алқап Қарағанды» ЖШС жобасы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Кәсіпорын жылына 45 млн кірпіш өндіруге қауқарлы. Зауытта сазды дайындаудан бастап дайын өнімді күйдіруге дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Бір партия өндірістің барлық кезеңінен шамамен сегіз сағатта өтеді.

Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілген. Кәсіпорын үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, сыртқы электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды. Сонымен қатар зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін саз кен орнын игеруге жер учаскесі берілді.

Қазір кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді. Зауыт жобалық қуатына шыққанда тұрақты жұмыс орындарының саны 40-қа дейін артады.

Инвестордың айтуынша, Осакаровканың тиімді орналасуы өнімді Қарағанды және Ақмола облыстарына жеткізуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын алдағы уақытта құрылыс компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатып, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button