Басты бағыт – қолжетімді білім

     Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді» деп атап өтті. Осы жағдайларда білім беру жүйесінің барлық деңгейлері заманауи талаптарға және экономиканың қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс. Сондай-ақ, сапалы және қолжетімді білім беру басты басымдық болуы қажет.

2017 жылы облыстың білім беру жүйесін қаржыландыру 94,5 млрд. теңгені құрады, бұл 2016 жылдан 11,4 млрд. теңгеге артық. Қаржының өсуі тек ағымдағы шығындардың ғана емес, сонымен қатар, күрделі, оның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, мамандарды дайындауға шығындардың артуы есебінен болып отыр.

Апатты жағдайдағы мектептердің үлесі 0,4% — ды құрады. Қазіргі уақытта Ұлытау ауданының Бетбұлақ селосы, Ақтоғай ауданының Сарышаған кенті және Теміртау қаласындағы апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңадан мектеп ғимараттарын салу жүргізілуде.

Өткен жылы Қарағанды қаласындағы үш ауысымдық оқу мәселесін шешу үшін «Панель Центр» және 30-шағын аудандарында мектеп құрылысы басталды. Биылғы жылы Жезқазған және Қарағанды қалаларында тағы екі мектеп салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, мектеп ғимараттары апаттылығының алдын алу міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаражат көлемі ұлғаюда. Өткен жылы 213 білім беру ұйымдарында жалпы сомасы 4,5 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы осы мақсатқа бюджеттен 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Білім алу дағдылары ерте балалық шақта қалыптасады. Сондықтан, кез келген мемлекет үшін білім берудің берік іргетасы болып табылатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесі өте маңызды.

Облыста 525 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 217 балабақша және 308-і шағын орталықтар қызмет етеді. Өткен жыл ішінде мектепке дейінгі мекемелерде 1 жастан 6 жас аралығындағы балаларды 88, 3 пайыз, 3 жастан 6 жас аралығындағы балаларды – 98,5% дейін қамтуға мүмкіндік беріп отырған 3 025 жаңа орын құрылды. Жаңа орындар, негізінен, жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарды ашу есебінен енгізілді.

Қарағанды қаласында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісі қарқынды дамуда. Бұған мемлекеттік тапсырыс көлемінің 17-ден 26 мың теңгеге ұлғаюы ықпал етті. Үстіміздегі жылы мемлекеттік – жеке меншік серіктестік тетігі бойынша жоспарланған 4 жобаның 3-еуі облыстық орталықта жүзеге асырылды. Жалпы, соңғы екі жылда облыс бойынша жеке меншік ұйымдардың саны 21-ден – 53-ке, ал тәрбиеленушілер саны – 1,2-ден 5,2 мыңға дейін өсті.

2017 жылдың басынан облыста 12 сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдікті жоюға мүмкіндік беретін «Мектепке дейінгі ұйымдарға электронды кезек» пилоттық жобасын іске асыру басталды. Осы жылы аталған жобаны енгізуге барлық қалалық мектепке дейінгі ұйымдар қосылады. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі тәрбиені, негізі балаларды ерте оқыту болып табылатын, мектепке дейінгі білім беруге белсенді трансформациялау іске асырылуда. «Жас ата-аналар мектебі» әлеуметтік-педагогикалық жобасын енгізу арқылы балабақша және отбасы ынтымақтастығының жаңа тетіктері мен нысандарын белсенді қолдану, облыстағы 17 балабақша базасында, баланың мектепке дейінгі білім беру ұйымына түсуіне нәтижелі бейімделуіне ықпал ететін кеңестік және баланы қолдау орталықтарын ашуға мүмкіндік берді.

12-жылдыққа көшу аясында 2019 жылдан бастап мектепалды даярлық сыныптарында оқуды мектепте де, балабақшада да өтуге болады. Осыған орай, биылғы оқу жылында облыстың 3 білім беру ұйымы «Әліппе» жаңа оқулығын апробациялау бойынша республикалық пилоттық жоба қатарына енді.

Биылғы жылы облыс мектептерінің 80% бес күндік оқу жүйесіне көшті. 1, 2, 5 және 7-сыныптарда критериалды бағалауды енгізу басталды.

Облыстың екі пилоттық мектебінде 3-сыныптың жаңартылған бағдарламаларын және 6, 8-сыныптардың жаңа оқулықтарын апробациялау жалғасуда.

Жаңа білім беру сапасына көшуде Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін қолдану маңызды қадам болып табылады. Осыған орай, өткен жылы облыстың 50 мектебі осы тәжірибені каскадты әдіспен таратуға көшті.

Облыста жаңа бағдарлама бойынша курстық дайындықтан мектеп мұғалімдерінің 40%-дан астамы өтті, осы жылдың аяғына дейін олардың үлесі 60%-ға дейін артады.

2019 жылдан республика бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді үш тілде жүргізу басталады. Алайда, бүгінде облыстағы 55 пилоттық мектеп 7-сыныптан бастап аталған бағыттағы пәндер бойынша оқытуды ағылшын тілінде жүргізуде.

Келесі оқу жылында 14 мектепте 5-сыныптан бастап үш тілде оқытуды енгізу, 5 мектепте ағылшын тілінде оқытатын сыныптарды ашу жоспарланып отыр.

Үштілде білім беруге көшу кезіндегі ең маңыздысы – кадрларды даярлау мәселесі. Бүгінгі күні пән мұғалімдерінің 45%-ы тілдік курстардан өтті.

Бүгінде облыстың барлық мектептерінің цифрлық білім беру ресурстарына, 97%-ы кең жолақты интернет желісіне, 59%-ы – сымсыз wi-fi желілеріне қолжетімділік қамтамасыз етілген. Ескірген компьютерлердің үлесі 9%-дан – 4%-ға қысқарды.

Мұғалімдердің жұмыс орнының 62%-ы компьютерлік техникамен жабдықталған. Осы жылдың соңына дейін аталған көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Робототехника лабораториялары бар мектептер саны 47-ден – 200-ге артты. Алдағы жылдарда барлық негізгі және орта мектептерде робототехника лабораторияларын ашу міндетін қойып отырмыз. Қала мектептері базасында технопарктер құру бойынша жұмысты қолға алу қажет.

Былтырғы жылдан бері электронды сынып журналына ауысқан мектептер саны 65-тен – 320-ға дейін өсті. 11 колледжде «Электронды сессия» жобасы жүзеге асырылуда. Оны енгізу оқу сессиясы кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етуге, студенттердің аралық аттестациясын өткізуде оқу уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылы «Педагогтардың электрондық аттестациясы» жүйесі іске қосылмақ, бүгінде электрондық еңбек биржасы және 1 сыныпқа электрондық қабылдау бойынша жұмыс басталды.

Педагогтарды жаңа ақпараттық технологияларға сапалы оқыту үшін 2017 жылдан бастап «Ciscо», «ШАГ» академияларымен ынтымақтастық жолға қойылған. Бұл 187 педагогты оқытумен қамтуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттің әлеуметтік саясаты білім алуға ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың қоғам өміріне, басқа азаматтармен бірге тең мүмкіндікте араласуын қамтамасыз етуге бағытталған.

115 білім ұйымдарында «Инклюзивті балабақша-мектеп -колледж» жобасы жүзеге асырылуда.

2017 жылы Жезқазған, Шахтинск, Теміртау қалаларында, Қарқаралы ауданында 4 коррекциялық кабинеттері және Балқаш қаласында бір психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация кабинеті ашылды. Дамуында кемшіліктері бар балалар үшін бейімдеу орталығының жобалық қуаттылығы 80 орынға кеңейтілді.

Аталған шаралар балалар мүгедектігінің ерте алдын алуды қамтамасыз етуге және уақытылы педагогикалық коррекция мен көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Патронаттық тәрбие беруді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан 551 баланы отбасына орналастыру жоспарланған. Бүгінгі күні барлығы 90 бала, оның ішінде мемлекеттік мекемелерден 65 тәрбиеленуші патронаттық тәрбиеге берілді.

2017 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің инновациялық әлеуетін арттыру мақсатында, 45 колледжде – 51 мамандық бойынша білім алушыларды даярлаудың нәтижелілігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модульдік білім беру бағдарламалары енгізілген.

Бүгінде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы бойынша 7 мыңнан астам және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 700 студент білім алуда.

Облыстың 2 колледжінде қолданбалы бакалавриат енгізілген. Бұл колледждер «жоғарғы колледж» мәртебесін алды. Биылғы жылы осы үлгідегі колледждер саны 6-ға дейін артады.

19 мамандық бойынша 11 колледж аккредитациядан өтті. Тағы да 3 оқу орны аккредиттеуден өтуге дайындалуда.

Облыстың барлық колледждерінде «IT-технологиялар негіздері» курсы енгізілді. Барлық мемлекеттік және 9 жекеменшік колледждер базасында «Колледж студенттерінің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту» жобасы табысты жүзеге асырылуда. 23 бизнес-мектептер ашылған.

Дуальді білім беру жүйесі енгізілген колледждер саны 2017 жылы 33-тен – 40-қа артып отыр.

Үштілде білім беру аясында 5 педагогикалық колледжде мамандарды даярлау жүзеге асырылуда, сондай-ақ, 12 колледж базасында «Қызмет көрсету» бейіні бойынша үштілді кадрларды дайындау қолға алынды.

Студенттердің кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктерінің халықаралық стандарттар талаптарына және алдыңғы қатарлы технологияларға сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша жағдай жасау үшін 7 колледж базасында WorldSkills құзыреттілік орталықтары ашылды.

Республикалық «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында облыстың білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылынан «Облыстың 100 талантты педагогы» және «Облыстың 100 үздік оқушысы» жобалары қосылды. «Ашылу әлемі. Жас турист. Жас зерттеуші» облыстық жоба аясында туристік-өлкетану бағытында 4,2 мыңнан астам оқушыларды қамтитын 310 үйірме қызмет етеді. Биыл Қарқаралы қаласында жас туристер станциясы ашылды. Біздің облыста туған өлке тарихын зерделеу бойынша сыныптан тыс шараларды ұйымдастыру үшін Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына, Карлаг тарихи мұражайына, Ұлытау, Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарының тарихи ескерткіштеріне барудың бірегей мүмкіндігі белсенді қолданылуда. Сонымен қатар, мұражайлар мен театрларда сабақтар жүргізу үшін жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс мектептерінде 125, оның ішінде 31өлкетану мұражайы қызмет етуде. Алдағы міндет – әр мектепте мұражай ашу.

Өңірлік білім беру жүйесінің барлық жұмысы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға, өскелең ұрпақты «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы рухында тәрбиелеуге бағытталған, сондай-ақ, білім беру мен мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етудің іргетасы болып табылады.

Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ,

«Қарағанды облысының білім басқармасы» ММ басшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.