Барды бағамдау және алдағы меже
Экономиканы қарқынды дамытып, халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналған цифрландыру, өкінішке облыстың денсаулық сақтау мен білім саласында ғана енгізіліп отыр деген аймақ басшысы Ерлан Қошанов аталған жұмысты өзге де салаларда белсенділендіру мақсатында жаңадан басқарма құрылғанын жеткізді кезекті аппарат жиналысында. Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшылығына Рашит Белгібаев тағайындалды.
Сондай-ақ, «ҚТЖ – Жүк тасымалдау» АҚ филиалының директорлығына Марат Ибраев тағайындалды. Облыс әкімі жаңа басшыға жаңа міндеттеме жүктеді. Алдағы аптадан-ақ, вокзал нысанын қалпына келтіру, жапсарлас құрылыс салу қолға алынатын болады.
Мал азығын қамдау кешеуілдеп тұр
Ауа райының қолайсыздығына байланысты биылғы жылы мал азығын дайындау мезгілінен кеш басталғанын жеткізген облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов тапсырма уақытылы орындалуы үшін аудандарға барлық қажетті шараларды жасауды сұрады.
Жалпы, облыстағы қыста қолға қарайтын мал басына шаққанда мал азығына деген қажеттілік 2 млн.125 мың тоннаны құрайды екен. Осыған байланысты аудандарға биылғы жылы 2,0 млн. тонна көлемінде қатты азық түрін дайындау тапсырылған. Аталған көлем 336,9 мың тонна көпжылдық, 39,1 мың тонна бір жылдық шөп және 1 млн.624 мың тонна табиғи шабындық есебінен жиналуы тиіс. Сондай-ақ, 12 мың тонна шамасында пішен мен 3 мың тонна сүрленген шөп те дайындалады. Міндет орындалуы үшін облыста арнайы жұмыс жоспары әзірленіп, үстіміздегі жылдың 5 қыркүйегіне дейін күн сайын 31,6 мың тонна мал азығын дайындау керек болған. Бірақ, Сағынжан Апақашовтың жеткізген мәліметі бойынша, бүгінгі күні жоспардың шамамен 50 пайызы орындалып, шабылған шөп көлемі – 1 млн.17 мың тоннаға ғана жеткен. Айтар болсақ, көш басында – Осакаров ауданы. Шет, Абай және Бұқар жырау аудандарында да қарқын жаман емес. Ал, азықты табиғи алқаптардан дайындайтын Ақтоғай және Ұлытау аудандары болса, ауа райының қолайсыздығы, яғни, маусым айының өзінде қар аралас жаңбыр жаууы салдарынан шөптің көтерілмегенін айтады. Қолдағы азын-аулақ малымен тіршілігін жасап отырған жекелеген адамдардың жағдайына да тоқталды Ерлан Қошанов. Техникасы бар ірі шаруа қожалықтарының өздері шабуға шөп таппай отырғанда, шағын шаруа қожалықтарының жағдайы қалай болады деген аймақ басшысы бұл мәселеге жеке түрде тоқталу керектігін айтты. Дегенмен, шөптің көтерілуі баяу болса да, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл тоннасының құны 11 мың теңгеден белгіленгенін айтады Сағынжан Апақашов. Бағаны көтермеу үшін барлық шаралар қолданылуда. Яғни, арзандатылған бағамен дизель отыны сатылып, баға тұрақтандырылған. Бұл мәселені Осакаров ауданы оңтайлы шешкен сыңайлы. Ірі шаруа қожалықтары жұмыскерлеріне қалауынша жалақыны мал азығымен де беруде. Сол қожалықтардың өздері артылған азықты нарық бағасымен де өткізбекші.
Шөптің әлі күнге жасыл екенін, әрі түсімі де жаман емес екенін жеткізген Жаңаарқа ауданы оның тоннасын 9-11 мың аралығында өткізбекші. Демек, ең арзан шөп осы жерде. Осы орайда Ерлан Қошанов шағын шаруа қожалықтарына ерекше назар аударып, үнемі қадағалауда ұстауды тапсырды аудан әкімдеріне.
Денсаулық сақтау саласы назардан түспейді
– Алдағы үш жылда медицина ұйымдарының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жылына 2,8 млрд. теңгеден бөлінер болса, жоспар толықтай орындалады – дейді, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Облыс аумағындағы мемлекеттік медицина ұйымдары 553 ғимаратқа орналасса, оның 63-і жалға алуда. Басқарма басшысының айтуынша, көпшілік денсаулық сақтау ұйымдары 1960 жылдары пайдалануға берілген. Тіпті, Облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық және акушерлікгинекологиялық корпусы 1951 жылы салынса, профессор Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының ғимараты – 1939 жылғы. Кейінгі 10 жылдың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 17 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалғанымен, бір нысанның өзінде тозығы жеткен элементтер мен жөндеу жұмыстарын жүргізу кем дегенде 2-3 жылға созылуда. Ал, бүгінгі күннің өзінде кезек күттірмейтін күрделі жөндеу жұмысына 63 медицина мекемесі мұқтаж. Жұмсалатын қаражат та аз емес, шамамен 8 млрд. теңге.
Осындай мәліметтерді келтірген Ержан Шәкірұлы жөндеу жұмыстарына жыл сайын бөлінетін 1,5-1,6 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға алдағы үш жылда қосымша 1 млрд.теңге керек дейді. Егер, қаржы бөлінер болса, денсаулық сақтау саласының негізгі бөлігін 2021 жылы бір арнаға түсіруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарын ғана жүргізіп қоя салу денсаулық сақтау нысандарының санитарлық-техникалық жағдайын шешпейді екен. Әсіресе, бұл тұрғын үйлерді, мектептер мен әкімдіктерде кабинеттерді мекен етіп отырған ауылдық жерлердегі дәрігерлік амбулаториялық және фельдшерлік-акушерлік пункттерге қатысты. Облыс аудандарындағы жағдайға ерекше тоқталған басқарма басшысы дәрігерлік амбулаториялар салу ауылдық жерлердегі типтік дәрігерлік амбулаторияларға деген қажеттілікті жоюға мүмкіндік береді дейді.
Сондай-ақ, Ержан Нұрлыбаев ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысының жобасын әзірлеуді де ұсынды. Мәселен, Нұра ауданының Жараспай ауылында тұрғызылған модульдік ғимарат 4 жылдың ішінде өзін жақсы жағынан көрсеткен. Артықшылығы – құрылыс мерзімінің қысқалығы, бағасы да арзан әрі тұрғындар санына қарай модульдерді қайта монтаждау мүмкіндігі бар. Мұндай жобаның құны – шамамен 80 млн.теңге.
Сондай-ақ, аппарат мәжілісінде аймақта жүргізіліп жатқан ағымдағы жұмыстардың барысы, аймақты газдандыру, көмір мәселесі, аудандардағы ағымдағы жағдай түгел дерлік назардан тыс қалған жоқ.
Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»