Балқаш

Бала жанын барлаған

Кітап–адам өмірінің таусылмас қазынасы, білімнің көзі. Осы орайда оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, сауатты, мәдениетті оқырмандар аудиториясын кеңейту мақсатында облыстық «Бір аймақ – бір кітап» акциясы жалғасуда.

Балалар жазушысы дегенде бірден санамызға Бердібек Соқпақбаев оралады. Балалардың бал мінезін, ішкі жан дүниесін ерекше сезіне білген балалар әдебиетінің классигі, тамаша жазушының көркем әдебиетте өз орны бар. Өз шығармаларында балалық балдәуреннің қаймағын бұзбай, бала жанын барлап, балаға тән қиялдап, ақиқаттан алшақтамай, өз заманының бар болмысын тебірене жазып, оқырман жүрегіне жеткізе білді. Жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» , «Қайдасың, Гауһар», «Дала жұлдызы», «Өлгендер қайтып келмейді» повестері және романдары оқырман қауымға жақсы таныс. «Менің атым Қожа» көркем фильмі халыққа кеңінен танымал. Бала кезінде кітап оқығанды жақсы көрген. Кітап арқылы білім алуға, оқып үйренуге құштар болған. Жастайынан жазушы болуды армандап, сол арманына қол жеткізді. Ол өз оқырманын тапқан, бақытты жазушы. Жазушы шығармаларының үлкендер үшін де, бала тәрбиесінде де берер ғибраты мол. Сондықтан, адам өмірінің рухани қазынасы саналатын кітапты ынтамен оқып, өзіне азық ала алатын оқырмандар қалыптастыру, тәрбиелі, талғамы биік ұл-қыздар тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеті.

Осы орайда мектебіміздің 5-7 сынып оқушылары Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасын оқып, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бақытгүл Жақыпбаева сыныптар арасында оқырмандармен танымдық ойын өткізді. Ойын шығарма желісі бойынша бірнеше кезеңдерге бөлінді. Ойынға «Аманат» және «Шаңырақ» топтары қатысты. Екі топ мүшелері ойынға белсене ат салысып, өздерінің шығарма туралы ойға түйгендерін ортаға салды. Шығармадағы күлкі үйірген, мұң ұялаған сәттерге тоқталып, өз пікірлерін білдірді. Қойылым қою арқылы шығарманың қызықты тұстарын ашып, қарсылас топқа сұрақ қойылды. Соңғы кезеңде қатысушылар шығарманы оқи отырып, кейіпкерлермен бірге өздері де балалық шаққа саяхат жасады. Іс-шара соңында танымдық ойынға белсене қатысқан оқушылар марапатталды.

Ә.ШАЙМЕРДЕН,

№16 жалпы білім беретін лингвистикалық

бағыттағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button