Балқаш-2 теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Қарағанды облысындағы Балқаш-2 теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы жолаушыларға қызмет көрсеткен ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті өзгеріп, инфрақұрылымы толық жаңартылды.

Вокзал ғимаратының екі қабатының жалпы аумағы 2 мың шаршы метрге жуық. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, күрделі жөндеу кезінде ғимараттың ішкі бөлігі жаңартылып, жылыту, сумен жабдықтау, кәріз және электр жүйелері толығымен алмастырылған.

Перронға жаңа кеспе тас төселіп, жарықтандыру мен желдету жабдықтары орнатылды. Жолаушыларды қолайсыз ауа райынан қорғайтын қалқа салынып, темірбетон конструкциялар мен витраждар жаңартылды. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары қарастырылды.

Вокзалды жаңарту кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен кішкентай балаларымен сапарлайтын жолаушыларға да қолайлы жағдай жасалды. Енді олар ғимараттың қызметін кедергісіз пайдалана алады.

Балқаш-2 станциясы арқылы күн сайын шамамен 800 жолаушы өтеді. Мұнда Астана, Қарағанды, Семей және Аягөз бағыттарын байланыстыратын 18 жолаушылар пойызы қатынайды.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қаржыландыруды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қамтамасыз етті. Жұмыс Үкіметтің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ мен облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізілді.
Айта кетейік, бағдарлама аясында Қарағанды облысындағы 14 теміржол вокзалын жаңғырту жоспарланған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



