Қарағанды облысында кенді заңсыз өндірген кәсіпорындар анықталды
Қарағанды облысында темір мен марганец кенін заңсыз өндіру дерегі анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңындағы заңсыз жұмыстарды тоқтатты.

Тергеу мәліметінше, кен өндіруді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директоры ұйымдастырған. Жұмыстар жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Оған жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техникалар тартылған.
Өндірілген кен ұсатылып, кейін сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған. Тексеру барысында жердің үстіңгі қабатының ауқымды көлемде бүлінгені анықталды. Мамандар үш карьерді тіркеді.
Қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен. Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта пайдалануға жарамды күйге келтіруге 485 млн теңге қажет.
Сот санкциясымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



