БалқашАймақ

Шашубайда Орталық саябақ ашылды

Республика күні мен Шашубай кентінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында елді мекенде Орталық саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Тұрғындар үшін жаңа демалыс орнын қалыптастырған игі жоба кенттің қоғамдық  өміріне тың серпін бермек.

Суреттерді түсірген автор

Салтанатты рәсімде саябақтың алқызыл лентасы қиылып, жаңа нысан тұрғындарға есігін айқара ашты. Шараға Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ардагер Қапашев, Шашубай кентінің әкімі Нариман Мангишев, «Коунрад» қорының президенті Ник Ширли, «Сары Қазына» ЖШС-нің бас директоры Раулан Қозғамбаев және «Медная компания Коунрад» ЖШС-нің бас директоры Виталий Логачёв қатысты. Мерекелік бағдарлама Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Әнұранды орындау рәсімінен басталып, «Самал жел» би ансамблінің «Қызғалдақ» биімен жалғасты. Жиналған қауымды Республика күнімен және кенттің мерейтойымен құттықтаған аудан және кент басшылығы жаңа саябақтың ел игілігі үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Шашубайдың 90 жылдығына орай «Сары Қазына» және «Медная компания Коунрад» серіктестіктері «Коунрад» қоры арқылы қаржылай қолдау көрсетіп, небәрі екі айдың ішінде кентімізде осындай саябақ бой көтерді. Енді бұл жер тұрғындардың бас қосатын, мерекелік іс-шаралар өткізілетін орталығына айналады. Жаз айларында келетін туристер үшін де тартымды орын болмақ, – деді кент әкімі Нариман Мангишев.

Жобаны жүзеге асыруға «Сары Қазына» және «Медная компания Коунрад» ЖШС-лері демеушілік жасап, «Коунрад» қоры арқылы 176 миллион 893 мың 200 теңге бөлінді. Саябақ аумағы абаттандырылып, брусчатка төселді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, ағаштар отырғызылды. Мұнда сахна, кіреберіс арка, естелік стела және домбыра пішініндегі сәулеттік нысан бар. Балалар алаңы мен воркаут аймағына арналған жабдықтар да жеткізілген, оларды монтаждау алдағы кезеңде жүргізіледі.

Салтанатты шара барысында жобаға қолдау көрсеткен азаматтар мен құрылысшылар марапатталды. «Коунрад» қорының президенті Ник Ширлиге «Ерен еңбегі мен мейірімді жүрегі үшін» төсбелгісі мен алғыс хат табысталып, ұлттық шапан жабылды. «Коунрад» қоры басқармасының мүшелері Раулан Қозғамбаев пен Виталий Логачёв те алғыс хаттармен марапатталды. 

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Автор: Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button