Балғын балуандар белдесті

    Жақында Жезқазғандағы «Ұлытау» спорт сарайында Қазақ күресінен 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасында ҚССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Қабден ШЫҢҒЫСОВТЫ еске алуға арналған республикалық турнир өткізілді. Бәсекеге елдің барлық аймақтарынан 300-ге жуық балғын балуан қатысты.

Жалаулы жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде өңір басшылары, спорт майталмандары мен асыл азаматтың жақындары сөз алып, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдырған ұлағатты ұстаздың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі хақында ой толғады. Қазақстанның әр аумағының үкілі үміттеріне бозкілемдегі белдесулерде сәттілік тіледі.

Тартысты бәсеке барысында балғын балуандар бүгінгі күнге бабалардан жеткен ұлттық спорт түрінің қыры мен сырын мейлінше меңгергендерін айғақтап бақты. Әрине, жанкүйерлердің «әттеген-ай!» дескен өкінішті сәттері мен қуана қол соққан мерейлі шақтары да аз болмады.

Турнир қортындысында 38 келі салмақ дәрежесі бойынша Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан келген Нақберген Тоқпаев нағыз берен екендігін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді. 42 келі салмақта Мейіржан Қоқантай ешкімге дес бермеді. Ұлытаулық Бекзат Сәдір 46 келіде белдескендер арасында айқын басымдық танытса, 50 келі салмақта қызылордалық Қыдырәлі Советов бәсекелестерінің алдын орады. 55 келіде – Аманжол Сейсенбек (Ақтоғай), 60 келіде – Ислам Ибраев (Осакаров ауданы, Молодежный кенті), 66 және 73 келі салмақ дәрежесінде, қызылордалық жас қырандар Ерлан Тұрысбай мен Дамир Мұңайтпасовтың бақтары жанды. Ал, 73 келіден жоғары салмақтағылар арасында Абай ауданының балуаны Нәби Ковтун әбжіл қимыл танытты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері мақтау қағаздары және медальдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарды иеленді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.