Балқантаудың баталы ұлы

Ұлы бесіннің мезгілі. Желінің басы абыр-сабыр бола қалған. Құлынның басын тартып, сауыншыларға қолғабыс етіп жүрген баланың бірін құлынын қызғанған бие теуіп, бетін жарақаттапты. Колхоз басқармасынан бастап, ферма меңгерушісі, бригадир деген атқамінерлердің бәрі – осында. Дүрлігіп жүр. Дүрлікпей қайтеді, қаршадай бала қансырауға айналған. Жылқы фермасынан аудан орталығына дейінгі қашықтық – кем дегенде 80-100 шақырым. Одан жақын болса да, жарақаттанған баланы жөппелдемеде жеткізе қоятын көлік те жоқ. Тым болмаса, аудан орталығымен байланысқа шыға қоятын желі де жоқ. Жұрт дағдарып қалған. Үймелеген жұрттың ортасына кимелей келген Айтмағанбет Тайшин тығырықтан шығар жол тапты. Қан майданнан ауыр жараланып келген сарбаз еді Айтекең. Бірден:

  • Қанды тоқтату керек. Шұғыл құрым киіз әкеліңіздер! – деді де, бетін қан жуып кеткен баланы аман алып қалудың қамына кірісті. Жау шеңгелінде талай қаруласының қансырап жатқанын көрген майдангер ғой, асып-сасар түрі жоқ. Баланың басын оң тізесіне қойды да, күйдірілген киізді басып, қанын әп-сәтте тоқтатты. Ел енді баланың төзімін сөз қылсын. «Апыр-ай, қыңқ еткен дыбысы шықпады-ау», «Бетіне шоқ басып жатқанда, бала болып жыламағанын айт!», «Болғалы тұрған бала екен» десіп жатты.

Иә, бұл бала шынымен-ақ болғалы тұрған бала еді. Бірақ, сол күнгі оқиғаның куәсі болған дүйім жұрт бұл баланың Балқантаудың баталы ұлы атанып, Егіндібұлақтың еңселі ұлына айналар, елінің төрінен орын алар Төлеген боларын сезбеген де шығар. Сол жолғы алған жарақатының салдарынан мектепке кеш – 10 жастан асқанда барды. Әйтпесе, тура биыл таза ұстаздық еңбек өтілі 60 жылды толтырар еді.

Біз Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, КСРО және ҚазКСР Оқу ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, ұлағатты ұстаз Төлеген Жұмашұлы Арконовты айтып отырмыз.

***

Төлеген Жұмашұлы кешегі Қу ауданы, Балқантау баурайындағы «Бұлақадыр» колхозында дүниеге келген. Бесігінде бұлқынып жатқан бала Батыста соғыс өртінің тұтанып, елдегі азамат атаулы қару асынып, майданға аттанғанын қайдан білсін… Анасын күтіп, дегбірі қашады. Таң бозарғаннан қараңғы үйірілгенше колхоз жұмысында бел шешпей бейнет көріп жүрген анасы кешке ұлының бесігіне жақындағанда омырауы шылқып тұратын. Міне, Төлеген ағаның Балқантаудан басталған тағдыр жолы осылайша шиырлайды.

Әкесі Жұмаш арнаулы білімі жоқ, қарапайым колхоз жұмысшысы болса да, Төлегенді жанынан қалдырмай, еңбекке ерте баулыды. Бұл елдің халқы сөз қадірін қастерлей білетін-ді. Кешегі Қаздауысты Қазыбек бабадан аманатқа қалған сөз киесі қандай да болсын отырыстарда төрге озып жатады. Сөз тиегі ағытылып, жүйелі сөз жүлгеленген отырыстардың бәрінде Төкең әкесінің оң тізесінде отырып, сөз мәйегін санасына сіңіріп өсті.

Мектепке кештеу барғанын айттық. Ол заманда ауылдарда мектеп те жоқ. Пана боларлық жерлерді ыңғайлап алып, бала оқыта беретін. Төкең де алғашқы ұстазы Көпіш Бейсенбиннен қара танып, зеректігімен дараланды. Орта мектепті Қу ауданының орталығында бітірді. Мемлекеттік емтихандағы жазба жұмыстарын облыстың білім басқармасына дер уақытында жібермеген мектеп басшылығының салдарынан кілең «беске» оқығанына қарамастан, «Алтын медаль» бұйырмады. Осындай себептермен және сол кезеңдегі «Одақ көсемі» Хрущевтің «мектеп түлектері ауылда мал бақсын, қолдарына аттестаты берілмесін» деген мазмұндағы Жарлығына сәйкес, жоғары оқу орнына да кеш түсті. Сөйтіп, ауылда жұмыс істеп, тың игеруге қатысты. Ол абырой болған екен, 17 жасында «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Мәртебелі марапатқа ие болған сәтте аупартком хатшысының үстіндегі жұрқа-жұрқасы шыққан ескі күпәйкенің өңірінен медаль қадайтын орынды әрең тапқаны әлі есінде.

1964 жылы Қарағанды педагогтік институтының физика-математика факультетін «физика және жалпы техникалық пәндер мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген Төлеген Жұмашұлы әлі күнге дейін ұстаздық жолда жүр. Сексеннің сеңгіріне көтерілген ардагер ұстаздың санасы сергектігін алдыра қоймады. Әңгіме барысында «Қазіргі оқу бағдарламасын жастардың өзі жатырқап жүр. Сәт сайын өзгеріп, шапшаң дамып жатқан технология тілін меңгеруге Сіз қалай мүмкіндік таптыңыз?» деген сауалымызды да көлденең тартып үлгеріп жатырмыз. «Адамның қолымен жасалып, адамның миымен ойластырылған кез-келген жаңашылдықты адам баласы игереді ғой. Ең бастысы, ынта керек» деді. Мектептен жерініп жүрген жас ұстаздарға үлгі болатындай-ақ жігер! …

Егіндібұлақ – Семей полигонымен шекаралас, «Ғасыр аждаһасының» зардабын татып баққан өңір. Балқантаудың базарын, Абырланың ажарын ұрлап, Едірейдің еңсесін басқан алапат аждаһаның зардабы Төкеңдердің жас кезінде мүлде айтылмайтын-ды. Жер астындағы дүмпуді сезіп, жер бетіндегі қасіреттен жүректеріне жүк түсіп жүргенімен, үн қатуға дәрменсіз еді. Қолсыз бала туып, жолсыз дала құлази бастаған. Осы сәтте бала Төлегеннің көңіл төрінде «Болашақта физик боламын. Атамның құтын қашырған атомның сырын зерттеймін» деген қиял қанат қақты. Сөйтіп, физиканың жұмбақ әлеміне деген қызығушылығы оянып, осы саланы таңдаған. Иә, арманшыл бала мақсатына жеткенімен, Төкең туған қазақтың төрі саналатын Балқантауда полигон зардабы әлі жойылған жоқ. Шөптікөл – шөлге, Балқантау баурайындағы тұма бұлақтың суы – уға айналды. Осының бәрі сексендегі сергек қарттың жан дүниесін тұмандандырып, Дегелеңдегі жарылыс жүрегіне көшіп алғандай күйге бөлейді.

…Төкеңнің төбесі төрден көрінеді қазір. Абыройлы. 60 жылға жуық атқарған ұстаздық қызметінде «ақырын жүріп, анық басты». Мансапты мақсат тұтқан жоқ. Өзі оқыған №1 қазақ орта мектебінде қатардағы мұғалім болып бастаған ұстаздық жолы ұлағатқа толы болды. Көп ұзамай, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып жоғарылады. Шалғай ауылдардағы шопанбақташылардың балалары оқитын онжылдық мектеп-интернаттың директорлығына ұсынылды. Өзі бас тартты. Өйткені, ол жерде туған ағасы Қайролла Арконов бас есепші болып қызмет атқаратын. Төкең директор болып барса, ағасы қызметтен кетуі керек. Бауырының отбасы, бала-шағасы бар екендігін ойлап, жіліктің майлы басындай қызметті тәрк етті.

Сол жылдары аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищенің жағдайы тұралап қалған еді. Тіпті, «аты бар, заты жоқ» оқу орны десе де болғандай. Оқуөндірістік мақсаттағы техникалары жер бауырлап жатыр. Аудан басшылығы училище директорлығына Төлеген Жұмашұлын ұсынды. Бұл тағы бас тартты. Бірақ, жақында ғана партия қатарына өткен жас коммунист жеме-жемге келгенде, басшылар ырқына көнді. Ең қиыны – училищеде оқуға құлықты курсант жоқ. Материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Осының бәрін оңтайлы ұйымдастырып, училищені аяққа тұрғызу оңай еместігін білсе де, келісті. Аупарткомның алдына өз шартын қойды. Идеясы мықты еді. Басшылық мойындады. Әр ауылда машина-трактор шеберханалары бар. Сол шеберханалардан класс ашып, ауыл жастарын аудан орталығына сабылтпай, жергілікті жерде оқыту бастамасын көтерді. Бастама өз жемісін берді. Шаруашылықтың тәжірибелі инженер, агрономдары, мал мамандарына белгілі бір көлемде сағат беріліп, олар арнайы кестеге сай сабақ өткізді. Төкеңнің бұл бастамасы шығынды азайтып, мүмкіндікті арттырғанын көрген облыстың кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы жаңашыл директордың бар сұранысын қанағаттандырды. Бұған дейін аудан орталығында оқитын жастар үшін жатақхана, арнайы киім, тамақтандыру мәселесі қыруар шығын болып келсе, енді өз үйінде жатып оқитын курсанттар үшін мұның бірі де қажет болмай қалды. Осылайша, жабылуға шақ қалған училищенің тамырына қан жүгіріп, ісі оңға басты. Совхоздардан жер алып, оған дән сіңіріп, астық алды. Одан түскен қаржы оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды. Уақытша жасалған игі бастаманың жемісін көріп отырғанымен, талап бойынша оқу бағдарламасы орталықтандырылған негізде, аудан орталығында жүргізілу керек. Осы мақсатта Егіндібұлақ селосынан типтік жобадағы училище ғимараты салынды. Қаншама техника сатып алынған. Осы тұста шаруасы шатқаяқтаған совхоздардың директорлары аудандық партия комитетіне науқан кездерінде училище техникаларын пайдалансақ деген өтініш айта бастады. Төкең бұл мәселеге түбегейлі қарсылық білдірді. Ақыры солардың дегені болып, «социалистік құрылыстың дамуына кедергі келтірді» деген желеумен Төкеңе партиялық жаза да қолданылды. Алайда, Төкең іздене жүріп, облыстық партия комитетінің бюросында өзін қорғап шықты.

1981 жылы Егіндібұлақ аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалып, бұл қызметті аудан тарағанша, яғни, 1997 жылға дейін абыроймен атқарды. Төлеген Арконов басшылығы тұсында Егіндібұлақ ауданының білім саласы көшелі көрсеткіштеге қол жеткізді. Бірқатар сегізжылдық мектептер орта мектепке айналып, оқушылардың сабақ үлгерімі артты. Ауданда Қарағанды облысы бойынша бірінші болып оқуөндірістік комбинаты ашылды.

Қазір облыс орталығындағы №77 мектепте ұстаздық етіп жүр. Жаңартылған білім жүйесінің талабын да, қыр-сырын да меңгеріп алған. Тәжірибесі берісі – облыс, әрісі – республика көлемінде насихатталып жатыр. Қала аумағында ашылған «Жазғы алаң» методикалықтәжірибе алмасу семинарында қала мектептерінің физика пәні мұғалімдеріне тұрақты түрде дәріс оқиды.

Аллаға шүкір, абыройсыз емес. Қазақстан мұғалімдерінің бірнеше съезіне делегат болды. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырған өнегелі шаңырақтың отағасы. Асыл жары Жөкен анамыз екеуі ұрпақ қызығына кенеліп, балаларының бақытын тілеп отыр. Алқынбаған, жарқылдаған жақсы ағаның 80 жасқа толған мерейтойында мейірлене айтар ел тілегі қабыл болғай!

Ерсін МҰСАБЕК.