Қарқаралы

Бақытханның бақыты

Ана! Табиғат-Ана. Жер-Ана. Адамзат баласы үшін қастерлі болып, қасиеті асқан осы бір қос ұғымға Ана сөзі тіркескенде ғана, екеуі де түрленіп, жарқырап-жайнап сала береді. Өйткені, ғалам Алланың құдіретімен жаралса, адам Ананың қасиетінен нәр алған.

Наурыз туды. Табиғат-Ана бусанып, Жер-Ана түрленгелі тұр. Алатау бөктеріндегі Түргенде түрленіп, Қарқаралыдағы Теміршіде тағдыр сыйына кенелген менің кейіпкерім Бақытхан апай да жылдың осы мезгілін асыға күтеді. Қытымыр қыстың құрсауы түрілген дала мереке мен берекені күтіп жатыр. Бақытхан апайдың да қораға қатынауы жиілейді. Төл төгіні басталған. Ана жүрегі мен тілегі бала-шағаның ырзығы болған қорадағы түліктің амандығынан басқа нені тілесін?! Мал амандығының артында жан амандығы мен тұрмыс мұқтаждығы тұр. Түбіт шәліні бірде басына, бірде беліне байлап, ауыр бейнеттен көз ашпайтын Ана тілеуі – Алланың берген ұл-қыздарының үстінде.

Иә, Темірші тауының етегіндегі «Қарақуыс» қыстағында қарбалас басталған. Осы ауылдағы жалғыз нәзік жанды фермер Бақытхан апай түнде кеш жатып еді. Сергектік серігі болып алғалы қашан. Таңмен таласа тұрды. Күйбең тірліктен шаршап көрген шағы жоқ. Күнделікті қайталана беретін бірсарын тірлік.

…Бесқұдық пештің көмейін көсеп, тамызық әзірлеп отырып, ойға шомды. Түрген мен Теміршіге дейінгі тағдыр соқпағын әп сәтте-ақ шарлап өтті.

Түргеннің тотыдайын түрленген аруы өзі еді ғой. Алма мен жүзімнің керемет сорттарымен даңқы шыққан Түргеннің. Иә, Түргеннің апортындай тәтті, жүзіміндей сүйкімді шағы. Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істеп жүрген. Құрбыларымен би кешіне барғанында Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының студенті, Қарқаралының серісі Мейраммен танысқан. Кесек тұлғасына салмақтылығы мен сымбаттылығы жараса қалған жігіттің төресі бірден Бақытхан арудың жүрегінің төріне озып алды. Шынымен-ақ, жігіттің төресі еді ғой Мейрам марқұм. Боз кілемнің шаңын қаққан палуан. Алматыдағы Қарқаралы студенттерінің көшбасшысы. Өнерлі. Өнегелі. Әзілге – шебер, сөзге – ұста. Өзі студент болып жүріп, соңынан ерген інісі Еркінді өзі оқитын институтқа оқуға түсірді. Еркін де қаражаяу емес. Десек те, абзал ағаның тағдырына тигізген ықпалы керемет болды. Күрес залына бірге баратын. Әлемнің чемпионы болмаса да, әйелдің жанын баурайтын сымбатты дене сол спорт залдарында шыныққан. Осынша ізгі қасиеттерімен жұрт аузында жүрген жігіт еді Мейрам марқұм. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, Бақытханға Мейрам бірден ұнап қалған.

Түрген шатқалында болдыңыздар ма? Ұлылығын қайдам, биіктігі Қарқаралыны он орап алатын тау ғой. Бірақ, осы Бақытхан Қарқаралыға – Аққораға келін болып түскенде, Қарқаралы тауларын қораш көрмеді. Өйткені, тағдыры табыстырған қосағы Мейрам Өкімбаевтың болмысы таудан асқақ еді. Түрген мен Теміршінің қасиеті мен ұлылығын жарыстырмаған жас келін өз тауына арқа сүйеді. Ол – жарқын бейнесі мен азаматтық қалпы Қарқаралы жұртының жадында мәңгі сақталған абзал азамат Мейрам Бейсенбіұлы!

Студент Мейрамның етегінен ұстап, Түргеннен Теміршіге келген кешегі Бақытхан арудың мұрағат-жүрегіндегі сағыныш сол күндердегі мөп-мөлдір сезімнің үзігіндей тамшыға айналып, алдындағы тамызыққа тамып кетті. Бір тамшы жас тұтанған тамызықты өшіре алсын ба?! Тамшы тұрмақ, асыл жарынан ерте айырған тағдырының тасыр мінезі Мейрамнан қалған қарашаңырақтың отын өшіре алмаған. Ол қасиетті отты өшірмеуге Бақытханның қауқары жетіп бақты.

«Ех, қайран, Алматы! Жастығымыздың ордасы, махаббатымыздың бесігі едің ғой». Тағы күрсінді. Жертөледен жалдап алған екі бөлмелі үйлерінде кімдер болмады десеңші. Білім іздеп Алматыға келген Қарқаралының бар баласы сол үйде жатушы еді ғой. Қазір қуықтай екі бөлме түгілі, салқар далаға сыймай, ағайын арасы алауыздыққа ырық беріп қойды емес пе?! Аллаға шүкір, өзі келін болып түскен Өкімбай әулеті, Бейсенбі атасының өрен-жараны ынтымағын жарастырып, ырыстарын еселеп жүр.

…Жылдар жымқырған жастық дәуренін ой елегінен өткізіп, сағыныштың тәтті дәміне елтіп отырғанда, тамызыққа шырпы салуды ұмытып кетіпті. От тұтанды. 47 жасында бұл жалғандағы дәурені түгесілген Мейрам шаңырағына тағы бір үміт таңының нұры төгілді. Әлгінде ғана тұтатқан тамызығы қып-қызыл шоққа айналыпты. Мейрам екеуінің сезімі де осы оттан ыстық еді-ау… Орнынан ой жетегінде қозғалған. Көкірек көмбесінің қатпарына ұя салған сағыныш жетегінде ой қуалып отыра беруге уақыты да жоқ. Бүгін аудан орталығына барып, шаруашылықтың салығын төлеп, жоспарлы есебін тапсыруы керек-ті.

«Не салық? Не есеп?» дейсіз бе? Қарқаралы ауданындағы іргелі шаруашылық саналатын «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі – Бақытхан Мұқашева. Қаладан орыс әкеліп, даладан қоныс тепкеннің барлығы фермер емес. Небір құрығы ұзын, мүмкіндігі жеткілікті азаматтарыңның өзі жекешелендірудің алғашқы жылдарында дүрілдеп шыққанымен, қазір шаруашылығын шайқалтып алған. Ал, Бақытхан апай жетекшілік ететін «Бірлік» шаруа қожалығы күннен-күнге өрісін кеңейтіп, жемісін көбейтіп келеді. Зеңгі баба тұқымын асылдандыруды қолға алған. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отыр. 2,5 мың гектар жері, 100-ден артық ірі қарасы, атшаптырым қорасы бар. Енді 1,5-2 айда желісінде құлын бұлқынып, өрісінде береке дүбірлейді.

Апыр-ай, Бақытханға қиын болды-ау. Балалары да аяқтанып үлгермеді.

Заманың болса – мынау қағынып тұрған. Жесір әйел, жетім бала тұрмақ, азуын айға білегендердің өзі айдалаға үріп кетті.

Мұның барлығы – Мейрам марқұмның қазасында айтылған мүсіркеулер. Бірақ, тумысынан қайратты Бақытхан Смағұлқызы ешкімнің мүсіркеуіне зәру емес еді. Сол күні-ақ, қайратына мініп, қажырын қамшылаған. «Мейрамнан қалған ұл-қызды ешкімге жаутаңдатпаймын! Алла жеткізсе, жетілерміз без де» деген. Иә, шынымен-ақ, Мейрам марқұм өмірден озғанда 90-шы жылдардың жуан ортасындағы дүрбелең шақтың дүрлігіп тұрған кезі. Ел ішінде – патша көп, ақша жоқ. Әрине, Бақытханға да оңай болған жоқ. Баланың үлкені университетті енді бітіріп келген. Оған мамандығы бойынша жұмыс қайда? Міне, осынша тауқыметті ерге тән қайратпен қабылдап алып, қайыспай көтерді.

Аллаға шүкір, балаларын оқытты. Бір-бір мамандық иесі атанған перзенттері аналарының қабағына кірбің ұялатпауға тырысып, жанын жараламауға ниет етті. Мақсаттарына жетті де.

Үлкені Дәурен – Қарағанды қаласындағы №2 психо-неврологиялық әлеуметтік медицина мекемесінде басшының орынбасары. Мәулені – Темірші ауылдық округінің әкімі аппаратында бас маман. Фаридасы мен Толқыны – тұрмыста. Барлығы – жоғары білімді. Осынау ұл-қыздан өрбіген немерелер жиналғанда Бақытхан апай маңдайына жазылған тағдыр тауқыметі мен шаруашылық басқарудың бейнетін түгел ұмытады. Бұл – Бақытханның бақыты!

***

…Меніңше, ағылшынның ұлы ғалымы Исаак Ньютон Түргенде туған сияқты. Түргенде тумаса, басына алма қайдан құлап жүр?! Жоқ, Түргенде ел ырысын еселеп отырған «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытхан Мұқашева туған. Бірақ, оның басына алма құлаған жоқ, бақ қонды! Қарқаралының Мейрамы болып…

Түрген мен Теміршіде айырма жоқ Бақытхан апай үшін. Тек екеуінде де қасиет бар!

…Апайда дамыл жоқ. 15 наурыз күні 65 жасқа толған. Жұмысбасты болып, уақытында келе алмаған балапандары Наурыз мейрамында келмекші еді. Қасиетті қарашаңырақта қазан көтерілді! Бұл шаңырақтың қасиеті де, берекесі – Бақытхан апай. Алла қуат берсін!

Ұлысыңыз оң, ұлы ісіңіз нәтижелі болғай!

Ерсін МҰСАБЕК

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button