Руханият

Бақыт бесігін тербеген ана

Кейіпкеріміз сәтін салып, ауылдан қалаға келе қалған екен. Өзімен дидарласып, емен-жарқын әңгімелесейін деп арнайы бардым. Қойған сұрақтарыма қысқа әрі нұсқа жауап қайтарды. Он алты құрсақ көтерген ананың болмысынан мынаны аңғардым…

Шынайылық – шырайы, шындық – серігі. Қажыры қайтпаған, қайраты әлі де бар. Жүзінен әрі таймаған, ырысы ортаймаған қадірлі ана бүгінде. Амандық болса, сексен жеті жасқа келеді тамыз айында. Он жеті жасында Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылына келін болып, ақ босаға аттайды. Келген жеріне тастай батып, судай сіңеді. Енесін апам деп күні бүгінге дейін аузынан тастамайды. «Еһ, шіркін апамдай адам жоқ қой» деп есіне алады сағыныш қамытын киген кейіпте. Он алты құрсақ көтереді. Оның екеуі көз жұмады. Артынша 1980 жылы өмірлік серігі Ыбырахым сырқаттанып, дүниеден озады. Шиеттей баланы өбектеп, өзі ғана қалады. Тағдырдың бұл сынағына мойымады. Табандылық танытты. Қалған он төрт баланы бағып-қағады, өсіріп-өндіреді. «Балалаларым ашықпасын деп бір сиырға 60-70 қап ұн алып, сарайға толтырып қоятынмын» дейді. Он төрт баланы ғана емес ұлттың бір бөлшегін асырағандай асыл ана. Оларды оқытады, тоқытады. Қатарынан кем қылмайды. Ұлдарын жеке отау етіп, еншілерін үлестіреді. Қыздарын құтты орнына ұзатады. Бүгінгі күні 7 ұлдан 31 немере, 6 қыздан 19 жиен сүйіп отыр. Шөбере де баршылық. Шөпшек те өрбіген. Тәубе! Бірлігі мығым, тірлігі озық әулет бүгінде. Ал, Аққайша тәтеміз осы әулеттің мәуелі бәйтерегі дерсіз… Әңгіме барысында «әуелі Құдайдың берген қуаты. 1989 жылы апам намаз оқуды үйретті. Содан бері үзбей, Құдайдан дұға-тілек тілеп келемін. Намаздың арқасында тоқсанға жуықтап қалдым. Тәубе етем. Сен осыны жаз» деді нығырлап. Сол сәтте, көз алдыма Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зере әжеміздің тектілік үлгісі, кескін-кейпі келгендей болды.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар». Бүгінде бір үйдің ғана емес, бүтін әулеттің қазынасына айналған анамыз көпке үлгі. Өнегенің өрінде, той-домалақтың төрінде. Жасы тоқсанға жуықтаса да шөбере-шөпшектің қамын күйттеуден тынған емес. Ел ішінде қазаны оттан түспеген, шаңырағына құт дарыған ана.

«Баламның барлығы бірдей. Тек, бауырыңа басқан бала ыстық болады екен. Міне, қалаға Еркеназым ауырып қалды деген соң келіп, ауруханаға жатқыздым. Бүгін шығардым. Ертең қайтамын шалым салып берген шаңырағыма. Әйтпесе, мына қалаңа сыймаймын, қарағым» деп аяқтады әңгімесін.

… Ғұмырында иіссу сеуіп көрмеген анадан жұмақтың иісі аңқиды.

Қасымхан Ғалым ,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Back to top button