Бағалы бағдарлама – байыпты бастама
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы қабылданды. Аталмыш бағдарлама аясында Балқаш қаласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» қай жағынан алсақ та, өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Біріншіден, халықты жұмыспен қамту мәселесін жедел шешуге мүмкіндік берді. Екіншіден, жылдар бойы қордаланып қалған инфрақұрылым мәселелерін оңай шешіп, қаланың ажарын арттыруға септеседі.
Балқаш қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Садановтың айтуынша, бағдарламаның аясында қосымша жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымдар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы дамиды. Сондай-ақ, елді мекендер абаттандырылады.
– Қаламызда инженерлік-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желілерін кеңейтуге және жаңғыртуға, аумақтарды абаттандыруға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылады. Жалпы алғанда 12 инфрақұрылымдық нысанға жөндеу жұмысын жүргізу мақсатында 2 млрд. 102 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қалада қосымша 533 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың жартысы, яғни 270 орынға тұрғындар қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы орналасады. Жұмыссыздардың жалақысы кемінде 85 мың теңгені құрайды. Бұл – жоба тұрғындарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік туғызып отыр. Сондықтан да, жұмыссыз азаматтар бұл мүмкіндікті пайдаланып, тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінулері керек, – дейді Азамат Елеусізұлы.
Айта кету керек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмыстардың жүзеге асырылуы карантин кезеңінде де тоқтамаған екен. Қалада жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі уақытта, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы 31 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
БАЛҚАШ қаласы.