Бәсекеге қабілетті бизнес
Өңірде алғаш рет бейсболка шығару қолға алынбақ. Бұл жөнінде «AVISHU» тігін студиясының негізін қалаушы Виктория ПАК журналистермен болған баспасөз-турында жария етті.
Адамның бойындағы қабілет пен қайрат тың жобалардың дүниеге келуіне ықпал етуде. Бастысы, мақсат айқын болса болғаны. Кішкентай ғана талдырмаш қыз Виктория Олеговнаның атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Өзінен ісі-әрекеті ірі қыздың жоспары да жүйелі. Үлкен бір тігін цехын ұстап отырған кәсіпкер биыл қала әкімінің грантын ұтып алған. Карантин алдында 25 адамды жұмыспен қамтыған. Кейінгі кездегі пандемия салдарынан жұмыскерлер санын азайтуға тура келгендігін қысыла жеткізген Виктория жыл соңына дейін сол бос жұмыс орынын қайта толтырмақ. Бүгінгі күнде қол астындағы 7-8 адаммен еселі еңбек етіп отырған цех облыс бойынша «Жасыл ел» еңбекші жастар жасағының киімін тіккен.
– Біз 2015 жылдан бастап, жұмыс істеп келеміз. Екі адам шағын ательеде бастадық. Алғашында әйел адамдардың киімдерін тіктік. Сол кездердің өзінде түрлі көрмелерге қатысып жүрдік. 2019 жылдан бастап униформа тігу ісін қолға алдық. 2020 жылы пандемия жағдайына байланысты жеке қорғаныш жабдықтарын тіктік. Биылғы жылдан бастап, қалыпты жұмысымызға кірістік. Тігін коворкинг орталығын аштық. Ерекшелігі кез келген тігінге икемі бар адам орталыққа келіп, ақылы түрде іс тігуге машықтанады. Бұл жерде тігін өнерінің қыр-сырын үйретуші куратор мамандар бар. Әрі бүгінгі сәндегі киім үлгілерінде тігуге мүмкіндік мол. Барлық техникалар заманауи. 3-5 күн аралығында базалық оқу курстарынан өтіп, өздеріне киім тігіп киіп кеткен де қыздарымыз бар. Үлкен еңбекпен қол жеткізген грантқа бейсболка тігуді қолға алмақпыз. Сәтін салса, бұл жұмыс қыркүйек айында жүзеге асады. Бас киімді тігу үшін Қырғызстан мемлекетіне барып, тәжірибе алып қайттық. Бұл жобада тәжірибесі бар мамандар көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді, – дейді кәсіпкер қыз.
25 жасында кәсіп бастаған Виктория Пактың мамандығы экономист, ҚарМТУ-ды бітірген. Тігінге деген қызығушылық анасынан дарыған. Алғашында жертөледе, екі тігін машинасымен басталған алғашқы еңбек жолы ізденістің арқасында үлкен тігін студиясын ашуға мүмкіндік берді.
Матаға тәуелділіктің туындап тұрғандығын, ресейлік маталардың қымбат екендігін, бүгінгі күні түрік кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек етті.
– «Жасыл ел» жасақшылары киіп жүрген формаларға оң пікір білдіріп жатқандар көп. Ұжымда кілең жастар еңбек етеді. Бұл – солардың еңбегі. Жастар жастардың талғамын түсінеді, – дейді Виктория Олеговна.
Студиядағы коворкинг орталығына келушілерге дәріс жүргізетін Роман Головченконың еңбек жолы, тіпті, ерекше. Жас азамат пандемия кезінде уақытша жұмыс- тан қысқарады. Сол кезде осы студияға келіп маска тігуді қолға алады. Жас кезінен тоқу мен тігуге икемі болған.
– Клубта жұмыс істегендіктен әр
күн сайын костюм ауыстыру қажет. Түр-түрін алуға қаражат тапшы, әрі костюм қымбат. Сондықтан, өзіме киім тігу дұрыс деген шешімге келдім. Ютуб каналдарын қарап, біраз нәрсені үйрендім, – дейді Роман.
«AVISHU» тігін студиясы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 120 мың теңге көлемінде. Қажыр-қайратымен жұмыс бастаған талапты жастың жұмыс орыны қызу еңбек майданы. Бірі мата таңдап жатса, қалғандары сызып, пішіп, қиып, тігіп жатады. Тігілген киімдер қатарынан күнделікті спорттық киімдер, медициналық халаттар, кәсіпорындарға арналған күртешелерді де көзіміз шалып қалды.
Талдырмаш қыздың талабы жоғары екендігі көрініп-ақ тұр. Оқу мен кәсіпті қатар алып жүрген кәсіпкер алдағы уақытта биік белестерді бағындыруды мақсат тұтқан.
Сағыныш ӘБІЛ.