Арқа әншілерінің айбозы
Қарқаралы қаласы Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде дәстүрлі ән орындаушылардың Арқа әншілік мектебінің айбозы Мейірхан Адамбеков атындағы облыстық байқауы бірінші рет һәм жоғары деңгейде өтті.

Қасиетті топырақтың талантты перзенті, ән өнерін орындаушылықтың биік шыңына жеткен Мейірхан Сәйдіұлының есімі қазақ еліне таныстыруды қажет етпейді. Ол пір тұтқан ұлттың ұлы мұрасын насихаттау – өнер жолына түскен әрбір талапты жастың парызы. Қайталанбас талант иесінің атындағы алғашқы байқаудың ашылу салтанатында Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Айдар Сатыбалдин, өңірдегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сайлау Әлиұлы, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің ұстазы Жақсыгелді Кемалов Мейірханның талантына табынушы қауымды тамаша өнер мерекесінің ашылуымен құттықтап, ән байқауына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің ұстазы, Мейірханның өнердегі серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Құрмаш Ыбышев, «Назқоңыр» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Мәдениет саласының үздігі Сайлау Әлиұлы, «Салтанат» ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, мәдениет саласының ардагері Мейрам Әрінов қазылық етті.
Ән мерекесіне айналған байқаудың нәтижесінде Алдияр Ықылас пен Нұрғанибет Нұрғазы дипломант атанса, ІІІ орынды Нұрғиса Рахадұлы, ІІ орынды Алтынбек Жиенбаев, І орынды Аяжан Әкеева жеңіп алды. Байқаудың Бас жүлдесін Наргиза Нұрланқызы иеленді.
Сонымен бірге, орындаушылық қабілетімен ерекшеленген талантты жас әншілер Аружан Әмірбекке Мейірхан Адамбековтің туған жері Томар аулындағы туыстары атынан, Фарида Сауытханға Мейірханның нағашысы Құрмаш Желбайұлы атынан, Дәулеткелді Сағатов пен Шерхан Тұяққа Мейірхан Адамбековтің отбасы атынан арнайы жүлде табыс етілді.
Өнер мерекесіне жиналған әлеумет қазақ ән өнерінің қайталанбас өкілі Мейірхан Адамбековтің есімін жаңғыртуға ден қойған ұйымдастырушыларға, жас таланттардың өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасына, оларды ұлы өнердің жолында бастап жүрген ұстаздарына зор алғыс-ықыласын айтып тарасты. Арқа әншілік мектебін жалғастыратын шәкірттері мен ізбасарлары барында, өнердің көрігін қыздыратын байқаулар өтіп жатқанда әнші Мейірхан Адамбековтің есімі халық жадында жаңғырып, ол ұлықтаған асыл мұра ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні күмәнсіз.
Ермек Балташұлы,
«Ortalyq Qazaqstan»



